Қала құрылысын заманауи талаптарға сай жүргізуге қатысты өзекті мәселелер соңғы кездері өткір көтерілуде. Кеңес заманында салынған еліміздегі қалалар бүгінгі заманның талабына жауап бере алмай отырғаны жасырын емес. Мұны Алматы қаласынан анық байқауға болады. Қазіргі таңда транспорттық жүктеме Алматы, Астана және Шымкент күн сайын артып, жүріп-тұруға қиындық туғызуда. Жергілікті билік орындары бұл мәселені шешуге барынша күш салып жатыр. 

Еліміз дамыған сайын қалаларымыз да заман талабына сай көркейіп, кеңейіп келеді. Алдағы уақытта ел аумағындағы ірі қалалардың алдынан шығып отырған мәселелерге болашақта өзге қалалар да бетпе-бет келетіні жасырын емес. Сол себепті елімізде қала құрылысын заман талабына сай жүргізудің ортақ тәртібі мен әдебін тезірек қалыптастыру керек.  

Осы мәселеге назар аударған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «Қала құрылысы» кодексін дайындауды тапсырғанын білеміз. Қазіргі таңда ҚР Индустрия инфрақұрылымдық даму министрлігі осы маңызды құжатты әзірлеп жатыр.

Тәуелсіздік жылдары қала құрылысы мәселесін шешуге қатысты көптеген жұмыстар атқарылды. Бірақ атқарылған жұмыстар түйінді мәселелерді түбегейлі шешкен жоқ. Соның салдарынан еліміздің барлық қалалары базар, жаймаға айналып, тұрғын үйлер ретсіз салынып, жағдай күрделене түсті.

Бұған көз жеткізу үшін Алматыны бір басынан екінші басына дейін жүріп шықсаңыз жетіп жатыр.

Тоқсаныншы жылдары бой көтерген базарлардың айналасында қаншама дау-шар болды десеңізші? Осындай ретсіз салынған құрылыстардың салдарынан көлік жүктемесі артты. Тұрғындар мен қала қонақтарының Алматыда жүріп-тұру үшін көптеген қолайсыздықтар туды.

Бұл аз десеңіз, базарларда өрт шығып, кәсіпкерлердің заттары отқа оранып, әлеуметтік мәселелердің де ушыға түскенін көзіміз көрді. Жалпы, базарға қатысты даулы мәселелер тек Алматыда ғана емес, барлық қалаларда орын алды. Сондықтан бұл мәселені шешу кезек күттірмейді.

Аумақтық дамудың маңызды бөлігі саналатын қала құрылысы мәселесімен ҚР Индустрия министрлігі айналысып жатқанын әңгіме басында айттық. Осыған дейін елімізде қала құрылысының жұмысын реттейтін 3 мыңнан астам нормативтік-құқықтық актілер болған. Бұл құжаттардың бәрі заман талабына сай қала құрылысын жүргізуге жауап бермесі анық.

Сондықтан осы нормативтік-құқықтық актілердің санын қысқартып, барлық мәселелерге жауап беретін «Қала құрылысы» кодексі дайындалуда.

Бүгінде қалалы жерлерде кәсіпкерлікпен айналысу үшін жер телімдерін алуы өте қиын шаруа. Тіпті Алматы мен Астананың жағдайында кәсіпкерлер үшін мүмкін емес жағдай да болуы ықтимал. Осыған дейінгі қала құрылысына қатысты құжаттар халыққа түсінікті болмаған соң, қоғамда сыбайлас жемқорлықтың өршігенін де жасырып, жабудың жөні жоқ. Осыған жете көңіл бөлген Президент бұл мәселені тездетіп шешуді тиісті орынға тапсырды.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қала құрылысын реттейтін маңызды құжатты 2023 жылдың соңына дейін дайындап, Парламент қарауына тапсырмақшы.

Еліміздегі қалалардың ажарын ашатын құжатты дайындау ісіне қатысып жатқан мамандар «Қала құрылысы» кодексінде тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, инфрақұрылымы мәселесін дамытуға қатысты маңызды мәселелер толық қамтитынын алға тартуда.

Айталық, Қазақстандағы кейбір қалалар бір жылда үш бірдей климаттық жағдайда бастан өткереді екен. Мұндай жағдайда сол қаладағы жол жабындары, инженерлік инфрақұрылымдарға қатысты талап та жоғары болуы керек. Табиғаты қатал аймақта орналасқан қалаларда жолға пайдаланылатын асфальт пен битумға қойылатын талаптар да өзгеше болуы тиіс. «Қала құрылысы» кодексінде осының бәрі бүге-шігесіне дейін қамтылатын болады.

Осы заңнама қабылдағаннан кейін ортақ норма мен стандарт қалыптасатыны белгілі. Заңда көрсетілген нормалар мен стандарттар толық сақталған жағдай қисайған үйлер, сапасыз жол, инженерлік құрылымдардың жөндеу үшін жыл сайын жолды қазу сынды оқиғалар күрт қысқаратын болады. Сондықтан қала құрылысының жандануына ықпал ететін бұл заңнаманы тезірек қабылдаудың маңызы зор деп есептейміз.

Нұрлан ЖҰМАХАН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here