Тәуелсіздік  алған жылдары еліміздегі жастардың жан-жақты білім алуы үшін бұрын-соңды болмаған мүмкіндік пайда болды. Бір ғана «Болашақ» бағдарламасының шеңберінде мыңдаған қазақ жастары дамыған елдерге барып, білім алды. Дәл осы сәтте діни білім алуға ұмтылған жастардың да қатары көбейгені жасырын емес. Олардың бірқатары қиын жағдайда қалған ислам елдерінен білім алып, дүниетанымы өзгерді.

Діни сауаттылықтың қайнары – ұлттық құндылық  

Өзге елдерде діни білім алу бүгінде өзекте мәселе екені сөзсіз. Діни білім алу дүниенің бір бұрышына барып, қандай да бір мамандықты меңгеретін оңай дүние емес.

Діни сауаттылық ұлттық ерекшелік, жергілікті халықтың салт-дәстүрімен ұштасып жатуы маңызды. Оның үстіне, еліміз егемендігіне ие болып, арқа-басы кеңейген тұста ел ішінде дін саласында жұмыс істейтін мамандарды даярлайтын оқу орындары мүлде болмады десек болады.

Сол себепті діни сауатын көтеруге аңсары ауған қазақ жастары имани білім алуы үшін сырт елдерге сапар шегуіне тура келеді.    

Кез келген мемлекет жастардың шетелдерде білім алып, елге оралып, туған елінде бойына жиған білімін кәдеге жаратуды қолдайтыны анық. Бүгінде есік-терезесін тарс жауып отырған елді көрмейсің.

Осы тұрғыдан алып қарағанда, Үкіметтің «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында жастарды көптеген елдерде оқытуды қолға алғанын маңызды қадам деп бағалауымыз керек. Қазіргі таңда еліміздегі жастар өз бетінше ата-аналарының қолдауымен сырт елдерде білім алатын мүмкіндікке ие.

Десек те, шетелге шыққан бірлі-жарым жастардың түрлі келеңсіз оқиғаларға тап болғанын да жоққа шығаруға болмайды. Осы ретте мемлекет жастарымыздың шетелдерде түрлі сипаттағы қақтығыстарға ұшырамауына,

олардың жапа шекпеуіне және басқа елдердің заңдарына қатысты мәселелер туындамауына мүдделілік танытып келеді.

Қармаққа түспеудің амалы…

Бүгінде Америка мен Еуропа елдерінде жағдай тыныш болғанымен, Араб мемлекеттері мен Азияның кейбір және Таяу Шығыс елдерінде жағдай мәз емес. Көп жағдайда аталған аймақтарда орналасқан елдердің қоғамдық-саяси өмірінде діни фактор басымдыққа ие екенін білеміз.

Айталық, Таяу Шығыс елдерінде соңғы жылдары түрлі діни ағымдардың белсенділігі артып, дінаралық қақтығыстардың белең алғаны жасырын емес. Экстремистік, террористік ұйымдар заңды билік орындарымен қарсы келіп, ашық күреске шыққанын білеміз. Бұл ретте Сириядағы жағдайды айтсақ жетіп жатыр.

Бірқатар араб елдерінде деструктивті ұйымдардың қызметі ашық жүргізіліп, өзге елдерден білім алу мақсатымен келген жастардың санасын шырмап, өз қатарларын толықтыруға күш салғаны да жасырын емес. Мұндай арам ойлы топтардың қармағына қазақ жастары да түсіп қалғаны белгілі.

Қазіргі таңда Қазақстан билігі сырттан діни білім алуға ұмтылған жастарды осындай бөтен ойлы деструктивті ұйымдардан сақтандыру ісін қолға алып, сырт елдерге діни сауатын көтеруге ұмтылған жастарға түрлі талаптар қойып, олардың білім алу барысын қадағалауды күшейтті.

Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар өз нәтижесін бере бастағанын мойындауымыз керек.

Қателік қалай түзелді?

Керек десеңіз, қазіргі таңда діни білім алу үшін тау асып, тас басып, өзге елге барудың да қажеті жоқ.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы мен Дін істері комитетінің ауыз толтырып айтатындай маңызды жұмыс ретін муфтият жанынан жастарға діни тұрғыдан білім беріп, кадрларды даярлайтын медреселерді колледж деңгейіне көтеріп, мемлекеттік диплом табыстайтын ресми оқу орынға айналдырды.

Иә, жер-жерде медреселер ашылып, өз бетінше имам-молдаларды дайындады. ҚР Білім және ғылым министрлігі бұл іске араласпағаны белгілі. Тәуелсіздік жылдары сол олқылықтың орны толды.

Қазір дін саласында медреселер мен жоғары буынды оқу орындарын бітірген жастарымыз мемлекеттік дипломға ие болып, түрлі салада жұмыс істеуге мүмкіндік алып отыр.

Орта Азияда озып тұрмыз

Біздер осыған дейін діни оқу орындарда білім алып, маманданған жастардың тек қана мешіт-медреселерде жұмыс істеуі тиіс деп ойлап келдік. Қазір осы қасаң қағида түбірімен толықтай жойылды.

Қазір еліміздегі «Нұр-Мүбарак» қазақ-мысыр ислам мәдени университетінде білім алған жастарымыз өмірдің әр саласында жұмыс істеуде.

Осылайша, Қазақстан Орталық Азияда өзіне қажетті дін мамандарын даярлаудың мемлекеттік жүйесін қалыптастырып, бұл саладағы кадрлық ұғым-түсінікке тектоникалық өзгеріс жасаған елге айналды. Бізге қарағанда дінге бір табан жақын тұратын Өзбекстан, Тәжікстанда бұл бағыттағы жұмыстар кешеуілдеп іске асып жатыр.

Бұл ретте біздер дін саласының қызметкерлері деп ұғым-түсініктің аясын тарылтпауымыз керек секілді. Қайта қазір жастардың ислам құндылықтарын ұлттық салт-дәстүрімізбен бірігіп бойына сіңірген жаңа кадрлар тобы қалыптасып келеді деп нық сеніммен айтуға болады.

Дін мамандарының қызметі кеңейіп келеді

Қазіргі таңда ислам құндылықтары экономикаға да кірігіп, қанатын кеңге жайды.

Соңғы жылдардағы әлемнің қаржы-экономикалық мәселесіне назар аударсаңыз, исламдық қаржы жүйесі орнығып, дәстүрлі банк жүйесімен бәсекелестік жағдайда дамып келе жатқанын аңғаруға болады. Алдағы уақытта «Нұр-Мүбарак» қазақ-мысыр ислам мәдени университетінде білім алған кадрлар еліміздің дін саласынан бөлек, экономикасының да гүлденуіне өз үлесін қосатынын бағамдауға болады.

Басты оқу орын

Аталған білім ордасы 2010 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіби білім аясында білім беру қызметін жүргізу құқығы бойынша мерзімі шектеусіз мемлекеттік лицензияға ие болып, ислам құндылықтарын бойына жинақтаған мамандарды даярлап келеді. 2011 жылы оқу орнында «исламтану» мамандығының мемлекеттік стандарты бекітіліп, арнайы мемлекеттік гранттар бөліне бастады. Осылайша, еліміздегі бірден-бір университет бастапқы 10 жылда 500-ден астам исламтанушы, дінтанушы, тіл мамандары, оның 300-ден артығы жоғары білімді имамдар даярлаған университет бүгінде жыл сайын екі жүзден аса мамандар даярлауға қол жеткізіп отыр. Ал 2008 жылдан бастап университеттегі барлық мамандықтарға магистратура, 2012 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыспен докторантура ашылды. Осыдан-ақ елімізде білікті дін мамандарын даярлайтын оқу орыны қалыптасты деп нық сеніммен айтуға болады.

Университет басшылығы академиялық алмасулар мен өзара студенттерді оқыту мен машықтандыру мақсатында ынтымақтастық келісімшарттары мен меморандумдар аясында ТМД елдері мен алыс шетелдердің жетекші ЖОО-мен ұзақ мерзімді байланыс орнатылған. Нәтижесінде, магистратура, докторантура тәлімгерлеріне қосымша Түркия, Ресей, Малайзияның белді университеттерінен ғалымдар келіп дәріс оқиды. Әлем университеттерінің академиялық рейтингі бойынша іріктелген 500 жоғары оқу орындарының санатындағы Каир университетінің профессорлары жыл сайын арнайы шақырылып, магистр-докторанттарға екі апталық лекция-семинар өткізеді.

Ендігі жерде ислам құндылықтарын бойына сіңіруге аңсары ауған жастар өзге елдерге бет бұруының ешқандай қажеттілігі жоқ. Қайта әлем бойынша ислам дінінің білікті ғұламаларын шоғырландырған іргелі университеттер саналатын Мысырдың әл-Миния, Каир, Александрия, Аин-Шамс және Малайзияның «Unisza» университеттерінің білікті ұстаздары Алматы төріндегі оқу орындарына арнайы келіп, дәріс оқып, жастардың сұрақтарына жауап беріп жатыр. Ал ойлап көріңізші, осыдан кейін діни сауаттылықты көтеру үшін жастардың шетелге аттануына қажеттілік бар ма? Әрине, жоқ.

Орайы келгенде айта кетейік, кіндік Азиядағы көршіміз Өзбекстанда медресе бітірген жастар мемлекет тарапынан мойындалмаған табақтай сертификаттарын қалтаға салып, текке уақыт өлтіргендеріне әлі күнге дейін өкініп жүр. Ал бізде бұл мәселе толығымен шешілген. Бұл істі шешіп берген Діни басқармаға алғыс айтуымыз керек.

Қорғаныштық қабілет қалай қалыптасады?

Дін деген нәзік дүние, сондықтан діни сауаттылығын көтеру үшін шетелге аттанған баланы ата-анасы толықтай бақылауында ұстап, оның қандай білім алып жатқанын дөп басып айта алмайды.

Шетелге білім алуға барған жастардың жат діннің ықпалына түсіп кету қаупі қашанда жоғары екенін естен шығармауымыз керек.

Мамандардың айтуынша, мұндай келеңсіз жайттарға аты беймәлім ұйымдар, бауырластық, достық атын жамылған түрлі діни қауымдастықтар ашқұрсақ жастарды арбап, қатарына тартуға күш салатын болса керек.

Осы жайттарды назарға алатын болсақ, теологиялық ілімге бас ұрған жастар бірінші кезекте өз елімізде білім алуы керек. Жастар жергілікті оқу орындарында ислам құндылықтарын ұлттық ерекшелікпен қатар бойына сіңіргеннен кейін олардың ой-санасында қорғаныштық қабілет қалыптасатыны белгілі. Елімізде білім алып, оңы мен солын таныған жастарды білімін ұштау үшін сырт елдерге қорықпай жіберуге болады. Өйткені ұлттық тамыр тереңге кеткен жастарды ешкім дұрыс жолынан адастырып, кері жолға түсіре алмайды.

Сөз соңы

Сондықтан діни сауаттылығын көтеруге ұмтылған жастарға сапалы діни білімді Ислам университеті мен тоғыз медреседен еркін ала алатынын айтқымыз келеді. Бұдан басқа дін саласына қызыққан жастардың әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-де, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде және  Шет тілдері және іскерлік карьера университетінде дінтану мамандығы бойынша білімін шыңдау мүмкіндігі қарастырылған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here