Дін саласындағы тұжырымдама қандай түйіткілдерді шешеді?

0
3150

 «Дін саласындағы мемлекет саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» мемлекет пен дін арасында ортақ ұстаным болуы қажет деген көзқарасты құптап отыр.

Неге? Мемлекеттік деңгейде қабылданған кез келген құжаттың мақсат-мұраты бар. Дін саласындағы (2017-2020 жылдар) тұжырымдама да талай талқылау мен саладағы сарапшылар сүзгісінен өтіп, дін саласына қатысты стратегиялық бағдары барынша қамтылған құжат.

Тұжырымдаманың мәтінімен толық танысқан адам ондағы 3 бағдарды бөле-жара айтар еді.

Бұл:

Қазақстандағы этносаралық және дінаралық келісімді нығайту;

Бейбіт өмірдің қазіргі қалпын сақтап, дәстүрлі дініміз (Әбу Ханифа мазһабы) бен діліміздің тұтастығын қорғау;

Адамды тура жолдан тайдыратын кейбір күңгірт діни наным-сенімдердің қоғамдық ой-санаға кірігуіне тосқауыл қою.

Тұжырымдаманың негізгі тұспалы осында. Түптеп келгенде бұл мемлекеттің дін саласына қатысты ресми ұстанымы.

Үкімет 2017 жылы тұсауы кесілген тұжырымдаманы басшылыққа ала отыра ҚМДБ-мен қойын-қолтық әріптесіп жұмыс істеуде.

Бұл әріптестіктің нәтижесі де оңды. Еліміздегі діни ахуал соңғы жылдары байыпты бағдарға түскенін көзі қарақты қауым көріп-біліп отыр.

ҚМДБ тарапынан исламның жалпы адамзатқа ортақ құндылықтарын насихаттау, діни қағидаларды шынайы өмірмен сәйкестендіре дұрыс түсіндіру, жоғары діни әрі қоғами біліммен сусындар дін мамандарын, теологтарды әзірлеу, сұрыптан өткен шетелдерге шәкірт жіберу, елдегі имамдар қауымының сауатын арттыру, білімін жетілдіру бағытында ауқымды іс атқарылуда.

Мемлекет пен ҚМДБ арасындағы әріптестік қоғамдағы қауіпті діни ағымдарды анықтап, олардың ақпараттық насихатын ауыздықтауда пәрменді жұмыс жүргізуде.

Бұған бір ғана дәлел.

2016-2017 жылдары елімізде 10 мыңнан аса сайт електен өтіп, соның ішінде 1500-ге жуығы теріс пиғылдағы діни үгіт-насихат таратып отырғаны анықталып, заң бойынша жабылды.

Ал өткен жылы 6 мыңнан аса сайттың жұмысы сүзгіден өтіп, 900-ге жуық контенттің халықтың санасын улайтын діни ақпарат таратып отырғаны анықталды.

Дін саласындағы мемлекет саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізінде кітап және баспа өнімдеріне, бұдан бөлек әлеуметтік желілерге де сараптама жасалған-тұғын. Соның нәтижесіндее 2017 жылы 1500-ге жуық әлеуметтік желідегі жазбалар, кітаптар тексеруден өтіп, солардың ішіндегі 55 материалда еліміздің діни-қоғами ұстанымына қайшы келетін материалдар анықталған.

Тұжырымдама талаптарына сай соңғы жылдары еліміздегі барлық кітапханалар қоры тегіс сүзгіден өтіп, оқырманды адастырып келген 13 кітап сөреден алынды.

Жалпы, тұжырымдама қабылданғалы бері діни материалды тарату ісіне тұрақты мониторинг жүргізілуде.

Әрине, тек тексеріспен, тәркілеумен нәтижеге жетпесіміз белгілі. Санасы уланғандардың бетін бері бұрып, олардың дәстүріміз бен дінімізге сенімін оятуда ағартушылық жұмыстар жүргізу аса маңызды.

Діни білімнің шалағайлығы, жалпы шала сауаттылық, діни терминдерді теріс түсіну, дін мен дәстүрді шатыстыру түптің-түбінде жақсылыққа әкелмейді. Мұның соңы адамның экстремистік жолға түсуіне әкелуі әбден мүмкін. Дінді дұрыс түсіну керек. Сол кезде ғана адам рухани кемелдікке бөленеді, діни догмаларды қате түсінген адам қатерге ұрынады.

Айталық, қазіргі экстремистер мен адасқандардың қатарында жүргендердің көпшілігі кімдер? Дұрыс діни тәлім-тәрбие алмағандар. Намаз оқымағандарды «кәпірге теңеу» діни тәлім-тәрбие алуда кемшілік кеткенін аңғартады.

Аталған тұжырымдама аясында мемлекет пен дін бір жұдырыққа жұмылып, халыққа тура бағыт, тура жол көрсетуі құптарлық іс. Бұл арада мемлекет пен діннің көзқарасы тоқайласып отырғанын аңғару қиын емес.

Тұжырымдамадағы тағы бір маңызды тармақ: дін мамандарының білім-білігін көтеру әрі шалғайдағы діни бірлестіктердің (яғни, имамдардың) тұрмыстық мәселелерін шешу. Діни радикализмнің алдын алуда аймақтағы дін қызметкерлерінің, имамдардың білім деңгейі жоғары болғаны маңызды. Жергілікті жұрттың діни сауатын арттыруда және олардың тарапынан қойылатын сауалдарға нақ әрі дұрыс жауап беру үшін имамдардың біліктілігін арттыру әрдайым күн тәртібінде тұруы тиіс.

Айналып келгенде, бұл – идеологиялық күрес. Астыртын әрекет ететін, арам пиғылды ағымдарды тек күш қолданып жеңе алмайсың, оларды қатарына қауымды қайтару үшін идеологиялық күрес жүргізу қажет. Идеологиялық күрестің қаншалықты нәтижелі болатынын Кеңес үкіметін көрген буын жақсы біледі. Ата-әжелерімізбен тілдесе қалсақ «Сәбет үкіметінің идеологиясы мықты еді. Қазір мұндай идеология жоқ» дегенді жиі естиміз. Ал идеологияның өзі оқу-біліммен тікелей ұштасып жатыр.

Сауатты, білгір, білімді имам теріс жолға түскелі тұрған талай адамды қателіктен құтқарып, өмірде өз жолын табуына септеседі. Сырттан жөңкіліп кіріп жатқан діни ақпараттарды електен өткізіп, қауымды құбылудан сақтап, олардың теріс пиғылды діни ағымдардың жетегінде кетпеуі үшін қазақтың діні мен дәстүрін жетік білетін имамдардың қатарын толықтыра түскеніміз абзал.

Қазақстанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығы бәрінен қымбат. Ал бұл жолда мемлекет пен дін жұмылып жұмыс жасаса, бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Дін мен дәстүрдің, дін мен мемлекеттің тоқайласар жері де — мемлекеттің ынтымағы мен тұрақтылығы, дінаралық келісім мен этносаралық татулық емес пе?

Байқар болсаңыз, бүгінгі таңда әсіресе жастардың арасында дінді тануға деген, діни ақпаратқа деген сұраныс жоғары. Ал ақпарат ағыл-тегіл. Қолжетімді. Олардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін байыптау және діни танымын өрістеткісі келетін жастарға ұсыну Дін саласындағы мемлекет саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында баса айтылған.

Егер біздер қазіргі жастардың діни ақпаратқа деген ұмтылысы мен сұранысын өтей алмасақ, олар бұл мәліметті сырттан іздейтін болады. Бұл – бүтін бір мемлекеттің іргесін ірітіп, қабырғасын құлатуға қауқары жететін қауіпті фактор.

Себебі не көп, псевдоуағызшылар көп. Әлеуметтік желіде отырған шейхтің шын мәнінде, кім екенін аңғал жастар білмеуі мүмкін. Оның еш негізі жоқ дереккөз уағыздарына алданып, шылауында кетсе, ертең ел үшін де үлкен салдары болады.

Намаз оқымағаны үшін әке-шешесімен бір дастарқан басында отырғысы келмейтіндер осындай теріс уағыздың төл өнімдері. Өкінішке орай, біздің ел мұның зардабын тартты. Ақтаудағы, Ақтөбедегі, Тараздағы, Ақсай шатқалындағы қанды оқиғалар соның дәлелі.

Мақаламызға арқау болған тұжырымдама елімізді осындай қауіп-қатерлерден сақтауда, мұндай оқиғаларды болдырмауда үлкен рөл атқарады деп сенемін. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген бекер емес. Діни тұғырнамасы біздің болмысымызға жат қауіпті күштерге Діни басқарма жалғыз өзі қарсы тұра алмайды. Қауқары да жетпейді. Шыны керек, құзіреті де қысқа. ҚМДБ мен мемлекет бірлесіп қабылдаған Дін саласындағы мемлекет саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы еліміздің зайырлық негіздегі ұстанымын нығайтуда үлкен іс атқарады деген үміттеміз. Себебі дінді қоғамнан бөліп қарау мүмкін емес. Қазақстандағы айрандай ұйыған татулық пен этносаралық келісімді сақтау – баршаға ортақ міндет.

Жалғас Сәдуахасұлы

Дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here