Адам баласы ауырмаудың жолын сирек іздейтіні жасырын емес. Ауырып, ем іздейтін сәттеріміз көп-ақ. Денсаулықтан артық байлық жоқ екенін біле тұра ауру әбден дендегенше, дәрігер алдынан өтпей уақыт оздырып аламыз.

Медицина мамандарының пікірінше, ауырмаудың жолын іздеуде енді-енді білініп келе жатқан сырқаттың аптығын басатын дәрі қабылдау қажет. Мұндайда алдымен дәріханаға жүгіреміз. Бүгінгі әңгімеміз де осы саланың сыны мен сапасы туралы болмақ.  
2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасында еліміздегі дәріханаларды үздіксіз жетілдіру жұмыстарына баса назар аударылған.

Бұл мақсатта «Қала мен Дала» тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне арнайы хабарласып, еліміздегі дәріханалар туралы маңызды мәліметтер алды.

Министрлік дерегінше, былтырғы жылы елімізде 3970 дәріхана тіркелген екен. Бұлардың арасында дәріханалар саны жағынан Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары көш бастап тұр.

Сала мамандарының айтуынша, елімізде әр 100 мың тұрғынға орта есеппен 53 дәріханадан келеді. Ал егер дәл осы көрсеткішті Әлемдік фармацевтика қауымдастығының статистикасымен салыстырар болсақ: Украинада – 51, АҚШ-та – 19, Ресейде – 37, Непалда – 57, Қытайда – 67, Германияда 26 дәріханадан келеді.

Аталған қауымдастық мамандарының пікірінде денсаулық сақтау саласы озық дамыған елдер үшін орта есеппен алғанда 100 мың адамға 30-35 дәріханадан есептелуі қажет.

«Егер бұл көрсеткіш 40-тан асып жығылар болса, онда елдегі денсаулық сақтау саласын дамытуға келгенде қиындықтар бар деген сөз. Бұл бірінші кезекте жергілікті жұрттың спортпен айналысуға құлықсыздығын көрсететін фактор. Салауатты өмір салтын ұстанатын елдерде қаптаған дәріханаларға сұраныс болмайды» дейді қауымдастық мамандары.
Бұдан бөлек, егер ел ішінде дәрі-дәрмекті шектен тыс қолдануы артар болса, бұл сол елдегі денсаулық сақтау жүйесінің жұмысында кемшілік барын, елдің жүйеге сенбей, өздерін өзі емдеуге көшкенін аңғаруға болады екен. Дәріханалар саны шектен тыс болса тиісінше, дәрігердің рұқсатынсыз сатылатын сапасы күмәнді дәрі-дәрмектер де көптеп айналымда жүруі мүмкін.

Биылғы жылы еліміздегі дәріханалар саны әжептәуір азайып, 3821-ді құрапты. Мұның ішінде Шымкент пен Алматы қалаларында дәріханалардың саны айтарлықтай азайған.

Дәріхана мен тұтынушы арасындағы байланыс қандай деңгейде?
Қазақстандағы дәріханалар тұтынушылармен қалай жұмыс істейді? Айталық, біздегі дәріханалар халықпен онлайн жұмыс істеуге бейімделген бе? Денсаулық сақтау саласындағы соны өзгерістерді жіпке тізіп отыратын Ipsos Healthcare агенттігі Қазақстандағы фармацевтика саласының тұтынушылармен арадағы байланысты жіті зерттеп, мынадай қорытындыға келген екен.

«Қазақстандағы дәріханалар дерлігі халықпен онлайн жұмыс жасауға әлі де бейімделе қойған жоқ. Айталық, дамыған елдерде әрбір дәріхананың жеке сайты және сол сайтта дәрі-дәрмектер мен олардың өндірушісі туралы толық мәлімет берілген.

Қазақстанда тұтынушылар белгілі бір дәрі-дәрмек туралы ақпарат алу үшін дәріханаға телефон арқылы хабарласуға тиісті», – дейді агенттік мамандары.
Ал тұтынушылардың өзі еліміздегі дәріханалардың сапасына қандай баға береді? Бұл ретте газет тілшілері басылымның әлеуметтік желідегі оқырмандары арасында кішігірім сауалнама жүргізген болатын.

Соған сәйкес халықтың басым бөлігі дәрі-дәрмек туралы мәліметті интернеттен іздейтінін айтты. Бұдан бөлек тұтынушылардың көпшілігі дәріні онлайн түрде сатып алғанға қарағанда, дәріханаға барып алғанды құп көреді екен.

Самат КЕЛДІБАЕВ, Алматы орталық ауруханасының дәрігері:

– Фармацевтика – медицина саласының ажырамас бөлігі. Сайып келгенде, дәрігер қауымына қандай талап қойылса, тиісінше фармацевт мамандарға да сондай шарт қойылуы қажет.

 Фармацевт білікті болса, жанға шипа болатын дәрі туралы мәліметті еш мүдірмей, толыққанды айтып берді. Ал бұл өз кезегінде оқу мен білімді қажет етеді. Өз басым осынау саланы дамытуды «Денсаулық» бағдарламасының басым бағытына кіргенін құптарлық шешім деп санаймын.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here