Қатерлі ісікті қалай жеңеміз?

0
3944

Біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде, өкінішке қарай, онкологиялық аурулардың түрі де, оларға шалдыққан науқастардың саны да көбеюде. 4 ақпан Дүниежүзілік онкологиялық ауруларға қарсы күрес күні болып белгіленген. Осы айтулы күн аясында қатерлі ісікпен қалай күресудің жолын ұсынамыз. Көптеген адамдардың бұл диагнозды үкім ретінде қабылдайтыны рас. Бірақ қазіргі заманғы медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік береді. Оларды емдеуге жыл сайын миллиардтаған қаражат бөлінеді. Биыл ол қаражат көлемі тағы да біршама артты.

 

Қауіпті кесел

Астана қаласы бойынша онкологиялық аурулар бойынша 2018 жылы 3 782 678 теңге бөлінсе, осы жылы, яғни 2019 жылы 4 708 215 теңге бөлінген. Сондай-ақ, онкологиялық бағдарламалар шеңберінде қосымша қаражат қарастырылғаны да мәлім болып отыр.

Медицина тілінде онкология – гректің «қатерлі ісік және ілім» деген сөзін білдіреді. Обыр жасушасы тез өсіп, белгілі бір уақытта қан және лимфа тамырлары арқылы ағзаның мүшелеріне тарап, балалайтыны белгілі. Сөйтіп, жылына жер бетінде миллиондаған адамдардың өмірін жалмайды. Бұл көрсеткішті азайту жолында дәрігерлер қолдан келген мүмкіндікті жасауда.

Дәрігерге дер кезінде қаралу арқылы аурудың қаупін азайтуға болады. Егер дер кезінде скринингтік зерттеулер жүргізілсе онкологиялық аурулардың басым бөлігін ерте анықтауға болады. Обырды дер кезінде анықтау ем-домның нәтижесін арттырып, пациенттердің өмірін ұзартуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы, сүт безі обырын бастапқы кезеңде анықтаған жағдайда науқастардың 94 пайызын толық емдеп жазуға болады.

Кейбір азаматтар онкология диспансеріне жіберген кезде қорқып, 3-4 ай немесе 1-2 жылға дейін бармай, аты жаман ауруды өздері өршітіп алады. 1-2 жыл жүргеннен кейін қатерлі ісікті тоқтату қиын, ары қарай өсе береді. Басқа бір факторлар әсер ететін болса, тіпті қиын.

Кейбір науқастар ісікті қыздырады немесе массаж жасайды. Қатерлі де, қатерсіз де ісіктерді олай үгіп, уқалап (массаж жасап), басқа нәрселермен қыздыруға мүлдем болмайды. Ондайда қатерлі ісік өрши береді. Өршіген сайын жасалған емнің де тиімділігі төмендей береді. Науқастар дәрігерге обырдың жаңа басталып келе жатқан сатысында келетін болса, тағайындалған емнің  тиімділігі, нәтижесі жоғары болады.

 

Дерт қалай пайда болады?

Қатерлі ісіктің қайдан пайда болатынын дөп басып айту қиын. Тек ісік өскен кезде, жан-жағындағы үлкен жүйке талшықтарын, тамырларын немесе асқазан, тік ішексекілді ағза мүшелерінің саңылауын жапқан кезде ғана байқалады.

Қатерлі ісіктің пайда болу ошақтарының бірі – созылмалы аурулар. Сондықтан созылмалы ауруларды уақытылы емдеткен дұрыс.

Елімізде онкологиялық аурулардың ішінде сүт безі, жатыр мойны, тік ішек, асқазан және өңеш, простата безінің қатерлі ісігі сынды түрлері көп кездеседі.  2018 жылы сүт безі қатерлі ісігінен 315 әйел көз жұмған. Өкпе обыры 754 адамның, ұйқы безі обыры 202 науқастың өліміне себепші болды.

 

Аурудың алдын алуға бола ма?

Ел азаматтарының профилактикалық тексерулер мен скринингтерден өтіп тұры маңызды. Скрининг – шағын болса да ең қажетті деген тексерулерден тұратын зерттеулер кешені. Көпшіліктің тегін жасалатын осы тексерулерден өтпейтіні жасырын емес. Оның себебі – адамдар жаман хабар естуден қорқып дәрігерге қаралмайды. Дегенмен ауруды ерте анықтаған жағдайда оны емдеу де оңай болатынын ұмытпаған жөн.

Тегін скрининг түрлері:

– 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер сүт безі обыры қаупі жоғары топқа жатады. Сондықтан олар маммографиялық тексеруден тегін өтеді;

– 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер жатыр мойны қатерлі ісігіне тегін тексеріледі;

– 50 мен 70 жас аралығындағы ерлер де, әйелдер де тоқ ішек пен тік ішек обырына тегін тексеріледі.

 

«Мен. Мен бармын»

4 ақпан – Дүниежүзілік онкологиялық ауруларға қарсы күрес күні. Бұл күнді атап өтудегі мақсат – жұртшылық назарын ғаламдық проблемаға аудару болатын. «Мен. Мен бармын» (I Am. And I Will) деген ұранмен өтетін биылғы іс-шара әрбіріміздің обырға қарсы күреске үлес қосуымызға мүмкіндік береді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдары сарапшыларының бағалауы бойынша дұрыс тамақтану, белсенді өмір салты және де темекі шегуден бас тарту арқылы онкологиялық аурулардың 40%-ның алдын алуға болады екен. Ендеше аурудың алдын алу, одан сақтану үшін өз қолымыздан келетін шараларды жасауды естен шығармайық. Айтылған ақпараттарды бойымызға сіңіріп, орындауға тырыссақ аты жаман ауру бізден алыстай түсері анық. Денсаулығымызды сақтай жүрейік!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here