Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл

19 қарашада Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған «Абай – әлем тілдерінде» мәнерлеп оқу байқауының шешуші туры өтті.

Байқауға мәдениет және өнер саласының мамандары, әдебиетшілер, тәжірибелі аудармашылар және сахна шеберлерінен құралған қазылар алқасы төрелік етті. Сонымен қатар М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Дария Қожамжарова, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, абайтанушы ғалымдар, жоғары оқу орындарының тәрбие саласының жетекшілері, қаланың белсенді жастар қауымы қонақ ретінде  қатысты.

Жиынды ҚазҰАУ ректоры, академик Тілектес Исабайұлы Есполов ашты.

Тілектес Исабайұлы:

«Алдағы 2020 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен халқымыздың дана тұлғасы, Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы кеңінен атап өтіледі.

Біздің университетіміздің 90 жылдығы осы үлкен  мерекемен сәйкес келіп отыр. Біз мұны жақсы ырымға балап отырмыз. Өйткені Абай қазақ халқының ғана мақтанышы емес, ол – бүкіл Түркі дүниесіне ортақ  рухани құбылыс, әлемдік тұлға.

Бүгін осы байқаудың қорытынды салтанатты шарасына жиналып отырмыз. Бұл байқау жастардың ұлттық санасын жаңғыртуды, ұлы Абай шығармаларын ұрпақ арасында кеңінен насихаттауды, студенттерді әлем тілдерін үйренуге ынталандыруды, жоғары оқу орындарында білім алушы жастардың рухани байланысын арттыруды көздейді».

Шараны Қазақ ұлттық аграрлық университеті «ALQA Foundation» халықаралық мәдениет қоры, Қазақстан халқы Ассамблеясы және Достық үйімен  бірлесіп ұйымдастырды. 2019 жылдың қазан айында  Алматы қаласы жоғары оқу орындарының студенттері арасында «Абай – әлем тілдерінде» атты мәнерлеп оқу байқауы жарияланған болатын.

Байқау студент жастардың ұлттық санасын жаңғыртуда әдебиеттің орнын нығайтып, оған қызығушылығын арттыру,  жастар арасында ұлы Абай шығармаларын насихаттау, студент жастардың әлем тілдерін үйренуге ынтасын арттыру, жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту, полимәдениетті тұлға қалыптастыру, жоғары оқу орындарында оқитын студент жастардың рухани байланысын арттыруды көздейді.

Байқаудың іріктеу турында  Алматы қаласының 12 жоғары оқу орнынан 21 қатысушы өнерлерін ортаға салды. Концерттік бағдарламамен өрнектелген шарада студенттер Абай Құнанбаевтың өлеңдерін қазақ, орыс, ағылшын және тағы басқа тілдерде оқыды.

«ALQA Foundation»  Халықаралық мәдениет қорының Президенті Алуа Таңжарықова төрелік еткен қазылар алқасының құрамында Египет мәдени және білім беру істері бойынша атташе, доктор Ранда Махмуд Ризк, О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институтының директоры Есенкелді Медеуов, Қазақстан-Британ техникалық университетінің профессоры Жанат Дәулетбекова, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, түрколог Тимур Талғатұлы болды.

Байқаудың шешуші кезеңінде жеңімпаздарға жүлделі орындар мен сыйлықтар табыс етілді. Бас жүлде және 100 мың теңге сыйақыны Ботакөз Иваш (Абылайхан атындағы ҚазХҚжӘТУ), 1 дәрежелі диплом және 50 мың теңге сыйақыны Нариман Бақытжан (Абай атындағы ҚазҰПУ), Ұлпан Жолдасбекова (ҚазҰАУ), 2 дәрежелі диплом мен 25 мың теңге сыйақыны Қаржаубай Қанағат (Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті), Ақбота Сіләм (С.Демирел атындағы университет), 3 дәрежелі диплом мен 15 мың сыйақыны Аян Жолдығалиев (Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті), Әйгерім Маратқызы (Абай атындағы ҚазҰПУ), Айгүл Жүсіпқалиева (С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ) иеленді.

Сонымен қатар О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институтының директоры Есенкелді Өміржанұлы ҚазҰАУ ректоры Тілектес Исабайұлының атынан тағайындалған арнайы жүлдені (50 мың теңге) Карима Батталоваға (әл-Фараби ат. ҚазҰУ) табыс етті.

Барлық қатысушылар грамоталармен, жоғары оқу орнынан келген жетекшілер сертификаттармен, сыйлықтармен марапатталды.

Шара соңында «Foundation» халықаралық мәдениет қорының Президенті Алуа Таңжарықова жиынды қорытындылады, Қазақстан халқы Ассамблеясының сарапшысы Гүлмира Билялова құттықтау сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға Ассамблея атынан кітаптар табыс етті.

 ҚазҰАУ Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректор Жанар Дауренбаева аталған шараның барлық қатысушыларына, ұйымдастырушыларына алғысын білдіріп, қазылар алқасына Алғыс хаттар табыс етті.

ҚазҰАУ баспасөз қызметіФото: Мамыржан Ботабеков

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here