Ералы Тоғжанов, Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы: «Шахтерлердің зейнет жасын төмендетуге күш саламыз»

0
1553

Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов Қарағанды облысы Жезқазған қаласының жұмысшы қауымымен жүздесті.

Алдымен «Қазақмыстың» Сәтпаев қаласындағы «Анненск» шахтасында ат басын бұрған Ерали Тоғжанов 400 метр тереңдікке түсіп, қара жердің құрышын қандырып жатқан кеншілермен кездесті.

Шығыс Жезқазған кен байыту кенішіне қарайтын «Анненск» шахтасында қазір 2 мыңға жуық адам еңбек етеді, олардың мыңнан астамы – кеншілер. Шахтаның жұмысшылар мүддесін қорғайтын үш кәсіподақ ұйымы бар.

Кеншілермен кездескен Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы олардың қандай мәселелерін толғандыратынын сұрап білді.

«Біздің мақсатымыз сіздердің мүдделеріңізді соғып, сөзіңізді сөйлеу. Көңілдеріңізді күпті қылатын түйткілдер болса жасырмай айтыңыздар. Көмектесеміз, қарайласамыз. Біздің мақсат – сіздерге әділ жалақыны тағайындау үшін күресу, әлеуметтік көмектер, жәрдемақылар болса, оларды алып беру, қызметкердің жұмыс кезіндегі және жұмыстан тыс уақытындағы өмірінің лайықты деңгейде болуын қамтамасыз ету», – деді Ералы Тоғжанов.

 «Жағдайымыз жаман емес, басшылықтың көзқарасы түзу, қауіпсіздік мәселесі де реттелген, қолданыстағы техника қос білекке салмақ салмайды, барлығы да жаңа, жалпы еңбек жағдайымызға көңіліміз толады.

Әйткенмен, әттеген-ай дейтін тұстары да бар. Жұмыс ауыр. Денсаулыққа салмақ түсетіні жасырын емес. Кеншілердің көпшілігі пенсияға жетпей жығылады. Осыны ескеріп жоғарыға біздей шахтерлердің зейнет жасын төмендету мәселесін жеткізсеңіз», – деді кеншілер қауымы.

Тоғжанов өз тарапынан бұл мәселе бұған дейін Қарағандыдағы шахтерлермен жүздесуде де сөз болғандығын айтып, Кәсіподақтар қауымдастығының барша потенциалын пайдаланып жоғарыға – Үкімет пен Парламентке шахтерлердің зейнет жасын төмендету туралы ұсыныстарын жеткізетінін және бұл үшін арнайы жоба әзірлейтінін айтты.

Кеншілермен кездескен Тоғжановты жазатайым жағдайдың алдын алудың, жалпы еңбек қауіпсіздігі мәселесі көбірек толғандырды.

Жезқазған сапары барысында Кәсіподақтар қауымдастығының төрағасы қалалық көпбейінді ауруханасындағы дәрігерлермен жүздесті.

Медицина мамандары ашық әңгімелескен Тоғжанов өңірде кәсіби аурулардың таралу көрсеткішінің төмендемей тұрғанына алаңдайтынын айтты.

Кәсіподақтар федерациясы және Еңбек гигиенасы мен кәсіби аурулар ұлттық мекемесінің бірлесе жүргізген зерттеуі бойынша Қарағанды өңірінде кәсіби аурулардың көрсеткіші осыдан үш жыл бұрын – 166, 2017 жылы – 217, былтырғы жылы 170 адамға жеткен.

 «Жеті қат жер астында еңбек ететін шахтерлер қауымының денсаулығын түзеу және аймақтағы кәсіби аурулардың асқынуына жол бермеуде сіздердің еңбектеріңіз ерекше. 

Жалпы, сіздердің (дәрігерлерді айтады ред.) мәселелеріңіз де жетіп артылады. Соңғы кездері ақ халаттыларға қатысты қылмыстық істердің көбейуі бір жағынан дәрігер қауымының кәсіби қауіптен қорғалмағандығын айғақтап отыр.

Кәсіподақтар қауымдастығы осы ретте денсаулық сақтау саласының мамандарын кәсіби қызметінде барынша белсенді қорғауға күш салатын болады», – деді Ералы Тоғжанов.

Оның айтуынша, Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, алдағы уақытта қазақстандық дәрігерлерді кәсіби қызметінде қудаланбай, қорғалуына арқатірек болатын жоба әзірлеуде.

Осы арқылы Кәсіподақтар төрағасы дәрігерлердің лайықты жалақы алуын, әлеуметтік кепілдерге қол жеткізуін, дәрігер жұмысының тиімді ұйымдастырылуын қамтамасыз етуге атсалысатын болады.

Тоғжанов сөз еткен тағы бір өзекті мәселе – ауылдық жердегі жас мамандарды әлеуметтік қолдау.

«Алыс елді мекендерге тәуекел етіп келген жас мамандарды аяқтанып кеткенше демеп, қолдап отырғанымыз жөн. Аймақтық және аудандық медицина мекемелеріне жұмысқа тұрған жас дәрігерлерді қолдау мақсатында біздің федерациясы «SENIM» салалық кәсіподағымен серіктесіп, жастарды ынталандыру мақсатында жалпы құны 500 мың теңгені сертификаттар енгізді.

Ауылға келіп, аяқтан тұрып, үйлі-баранды болып, бұл арада біраз уақытқа дейін тұрақтап қалуға бел байлаған жастар үшін бұл сертификат көп көмек», – деді Ералы Тоғжанов.

Кездесу соңында Кәсіподақтар федерациясы төрағасы қалалық кәсіподақтар қозғалысын қалыптастырып, дамытуға үлкен үлес қосқан белсенділерге алғыс айтып, бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Федерация төрағасы бұдан кейін Жезқазғандағы «Бизнес және көлік колледжінің» ұстаздарымен жүздесіп, кездесуде кәсіптік білім берудегі өзекті мәселелер талқыланды.

Осыдан 10 жыл бұрын құрылған колледж қазіргі таңда өндірісті өңірдің сұранысына сай 15 мамандық бойынша 700-ден аса кәсіптік және техникалық бағыттағы жұмысшы мамандарды әзірлейді.

Кездесуде Тоғжанов кәсіподақтар тарапынан ұстаздар қауымының қоғамдағы орны бөлек екенін айтып, мұғалімдерді қолдауда Үкімет тарапынан көптеген іс-шара жүзеге асырылатынын тілге тиек етті.

«Мұғалімнің қоғамдық сый-құрметі жыл өткен сайын артып келеді. «Педагог мәртебесі» туралы заң осы сөзімнің басты дәлелі. Қазір бұл заң Мәжілістің қарауына енгізілді.

Біз өз жағымыздан ұстаздардың мүддесін қорғап, әлеуметтік мәселесін шешуде осы құжатты жаңа тармақтармен толықтыра түсеміз. Мұғалім беделін арттыруға қатысты Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының өз көзқарасы мен ұстанымы бар», – деді Ералы Тоғжанов.

Осы жүздесуде Кәсіподақтар қауымдастығының төрағасы өзін жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі алаңдататынын айтты.

«Қазір елімізде 18-28 жас аралығындағы 80 мыңнан аса жас жұмыссыз жүр. Оқу бітірген студенттің жұмысқа орналасып, өмірден өз орнын табуы біздің мемлекет үшін аса маңызды.

Еліміздегі барлық өңірлер «Серпін-2050» бағдарламасына белсенді атсалысса, жастар арасындағы жұмыссыздық та азаяр еді.

Жасырып жабары жоқ, оқу бітіргеннен кейін жұмыс таппай қиналып жүрген жастардың жағдайына алаңдаулымын. Айталық, бір жыл бойы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай, уақытын өткізіп алған жас маманның бойында өзіне деген сенімсіздік пайда болады. Ол осы аралықта алған білімін тәжірибеде қолдана алмағаннан кейін ұмытқырап қалуы да әбден мүмкін», – деді Қазақстанның Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Жезқазған сапарының соңында Тоғжанов әйгілі Жошы ханның мазарына тәу етіп, қалалық  «Келешек» Жастар кеңесінің жиынына қатысты.

Мәди ТЫНЫМБЕКҰЛЫ,

Қарағанды облысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here