Кәсіптік-техникалық білім беру саласы – еліміздің өнеркәсіп саласының бойына қан жүгіртіп, ел экономикасының әртараптануына кеңінен жол ашатын маңызды бастама. Соңғы ондаған жылдан бері бұл бағытта қыруар жұмыстар атқарылды. Тіпті бұл саланың дамыту ісіне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де баса мән беріп, тиісті орындарға тапсырмалар бергені белгілі.
Қазіргі таңда кәсіптік-техникалық білім беру саласын дамытуда еліміздегі колледждерге айрықша міндет жүктелініп отыр. Алдағы уақытта орта буынды оқу орындары еліміздегі өндіріс орындарының сұранысына сай мамандар даярлауы тиіс. Олардың арасында құрылыс, тау-кен технологиясы, темір жол, байланыс, көлік және коммуникация мамандарын әзірлейтіндер бар.
Бұл – өмір жолын жаңа бастаған жастардың белгілі бір мамандық иесі атануы үшін игілікті іс атқарылып жатқанының дәлелі. Бір құптарлығы, кәсіптік білім беру мекемелерінде білім беру ісі бизнес пен жұмыс берушілердің тікелей қатысуымен жүргізілуде. Президенттің арнайы тапсырмасымен қайта құрыла бастаған әлемдік деңгейдегі колледждер техникалық және кәсіптік білімді басқарудың жаңа жүйесін қалыптастырса, кәсіптік лицейлерді әлемдік тәжірибеге сәйкес колледжге айналдыру жұмыстары да толық жүзеге асырылды.
Айталық, Алматыдағы лицейлердің бәрі бүгінде колледж мәртебесін алды. Мұның өзі оқушы-жастардың сапалы білім алып, талапқа сай білікті маман атануына кең жол ашады. Бұл – арнаулы білім ордаларына мемлекет тарапынан жасалып отырған орасан зор қамқорлық.
Дегенмен колледждердің білім беру деңгейін барынша арттыру мәселесі әлі де жақсарта түсуді талап етеді.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Кәсіптік-техникалық білім берудің озық мекемелерінің желісі дамып келеді. Олардың тәжірибесін бүкілқазақстандық білім беру жүйесіне таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне тарту қажет» деп атап көрсетті. Елбасының осы бағыттағы идея-бастамаларын негізге ала отырып, Үкімет «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасын қабылдады.
Маңызы зор бұл бағдарламаның басты мақсаты – жастарға қолдау көрсету. Өзекті мәселені жүзеге асырудың нәтижесінде, жастар арасындағы жұмыссыздық проблемасы оңды шешіліп, сауатты һәм білікті жұмысшыларды дайындау жолға қойылмақ.
«Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында 23 колледж үшін 35 мамандық бойынша 1000 грант бөлінді. Бұл жобаның басты ерекшелігі, ҰБТ кезінде межелі 50 балды жинай алмаған мектеп бітірушілер өздері таңдаған колледжге түсіп, мемлекеттік грант иеленуіне мүмкіндігі бар.
Кәсіптік білім берудегі жетістік ең алдымен, білімнің сапасымен анықталаты-ны ақиқат. Сондықтан білім беруді инновациялау мен модернизациялау экономикалық дамудың басты бағытына айналуда.
Үкіметтің жастарға кәсіби-техникалық және жоғары білім беруге, бірінші кезекте экономика мамандарына сұранысты барынша өтеуге бағдар ұстауы керектігі қатаң ескертілді. Бұл тұрғындарды еңбекпен қамту мәселесін шешуге жол ашады. Ең бастысы, жоғары оқу орындары білім берумен шектеліп қалмауы тиіс. Олар қолданбалы және ғылыми-зерттеу бөлімдерін құруы және оны дамытуы қажет.
Осыған орай еліміздің мұнайлы аймақтарында, кәсіптік-техникалық білім беру саласына жаңа жүйе – дуальды оқыту әдісі енгізіліп, қоғамға қажетті ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, оның ішінде, дуальды оқыту жүйесінде біліктілігі жоғары маман-кадрларға деген сұранысты анағұрлым арттыра түсу қажет.
Осы бағытта әлемдік озық технологиялар енгізіліп, ауқымды жұмыстар жасалуда. Қазіргі кезеңде білікті маманның білімі мен кәсіби біліктілігі экономика дамуының басты тетігіне айналуда. Заманауи техниканы жан-жақты меңгерген кәсіби һәм білікті мамандарға сұраныс та арта түсуде. Елімізде қабылданған білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аса маңызды мәселелерді шешуде, ұлттық мамандарды дайындауда негізгі әрі қарқынды жобаға айналуы тиіс.