2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы мемлекеттік тұжырымдаманың негізгі міндеті неде? Халық бұл құжаттың талаптарымен таныс па? Тұжырымдама жүзеге асқалы еліміздегі дін саласында қандай оң өзгерістер болды?

«Қала мен Даланың» осы және өзге де сауалдарына белгілі дінтанушы, профессор, ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану жəне дінтану институты Дінтану бөлімінің меңгерушісі Бақытжан Сәтершинов жауап берді.   

– 2017-2020 жылдардың аралығында қолданыста болатын діни тұжырымдамаға қатысты көзқарасыңыз қандай?

– Өздеріңіз де көріп, біліп отырсыздар, бүгіндері жер-жаһанның түкпір-түкпірінде діни ахуал асқынып, ушығып тұр. Ешбір ел сыртқы және ішкі саясатын айқындағанда дін мәселесін назардан қалыс қалдыра алмайды.

Дін саласы біздің елде өзіндік орны бар, ішкі және сыртқы саясаттағы тұрақтылықтың кепілі болатын негізгі факторлардың бірі. 

Кейбір радикалданып кеткен діни бағыттар адамның рухани ізденіске деген ұмтылысын теріс арнаға бұрып, оның ішінде діни сана мен діни тәжірибеге етене еніп, тұтас бір мемлекеттің діни бірегейлігіне нұқсан келтіріп жататын жағдайлар аз емес.

Радикалды бағыттағы мұндай діни көзқарастар белгілі бір тұлғаның субъективті бағалау шеңберінен шығып, өзінің ұстанымы мен ұйғарымын өзгеге таңуға, тіпті қоғамдық арақатынастар мен мемлекет ісіне кіріктіруге ұмтылатын теріс үрдіс бар.

Осы себепті дін саласында салиқалы әрі салмақты шешім қабылдап, мемлекет үшін тиімді әрі пайдалы болатын саясат қалыптастыру аса маңызды жұмыстың бірі.

2017 жылдың маусымында қабылданған «Қазақстанның дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» өміршең әрі өзекті құжат.

Иә, бұл құжаттың өз миссиясын орындап, аяқтауға тиісті мерзімі бар. Қысқа мерзімге арналса да осынау тұжырымдама дін саласындағы мемлекеттік саясаттың басты бағыттары нақты айқындалған.

Бұл арада тұжырымдамада көрсетілген негізгі үш бағытты айта кету қажет.  Бұлар:

  1. Еліміздегі конфессиялық және де конфессиялар арасындағы ара-қатынастарды нығайту;
  2.  мемлекеттің басты ұстанымы болып табылатын зайырлылық принциптерін жетілдіру;
  3. Дінді ел ішін алатайдай бүлдіретін деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеу.

Мұның бәрі жинақтала келе зайырлы қазақстандық мемлекетті қалыптастырудың негізгі тетігі болады. Зайырлылық туралы айтқанда оған эволюциялық жолмен жетерімізді ескеру қажет. Бұған қазіргі Қазақстан билігі жүргізіп отырған экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалардың негізінде қол жеткіземіз. 

Дін саласы осынау салалардың ажырамас бөлігі болып табылады.

– Бұл тұжырымдамада еліміздегі діни ахуал барынша анық әрі дәл сарапталған деп айта аламыз ба?

– Әрине. Қазақ қоғамындағы бүгінгі діни келбетті мейлінше шынайы бағаламаса, тұжырымдаманың пайдасы шамалы болар еді. Бұл құжат сонымен қатар болашаққа бағдарланғанын да ескеру керек.

Тұжырымдаманың түйіні – мемлекет пен діннің арасындағы қарым-қатынасты әрі дінаралық татулықтың қазақстандық нобайын одан әрі жетілдіре түсуді көздейді.

Мұның ішінде еліміздегі дін саласындағы әзіргі ағымдық ахуал барынша дәл сарапталған, дінге қатысты «аймақтық мәселелердің» шеңбері белгіленген.

Тұжырымдамамен танысып шыққан адам мұнда мемлекеттің зайырлылығын арттыруға бағытталған бастамалардың және дінді теріс мақсатқа пайдалануға жол бермейтін мемлекеттік саясаттың негізгі бағдарлары тайға таңба басқандай айқын жазылғанын аңғарады.

Яғни тұжырымдаманы оқи отыра сіз мемлекеттік зайырлылықты жетілдіре түсу бағытындағы негізгі ұстанымдарымен танысып қана қоймай, сонымен бірге осы бағыттағы атқарылар кешенді шаралардан да хабардар боласыз.

Тұтастай алғанда, тиянақтылық пен тәртіп бар. Мемлекет осынау тұжырымдама негізінде теріс пиғылдағы түрлі діни ағымдар мен діни экстремизмнің уытты идеологиясына қарсы тұрудың иммунитетін қалыптастырды. 

Тұжырымдаманың құндылығы да осында. Оны практикалық негізде еркін пайдалануға болады.

– Құжаттың негізгі қағидаттар мен талаптарын тізбелеп өттіңіз. Ал енді бұдан күтілетін нәтижелер қандай болмақ?

Бұған жауап бермес бұрын бұл тұжырымдаманың қабылданар алдында қызу талқыға түсіп, қоғамның екшеуінен өткенін айта кетуге тиіспін.

Тұжырымдаманы талқылау жұмыстарына еліміздегі белсенді қоғамдық институттың бірі «Дінтанушылар конгресі», Білім және ғылым министрлігінің жанындағы Философия, саясаттану жəне де дінтану институты, бұдан бөлек «Қазақстандағы терроризм мен экстремизм проблемаларын талдау орталығы» атсалысты.

Тұжырымдама дәстүрлі құндылықтарға басымдық берілген, сонымен қатар жаңашылдыққа да орын бар, осы екеуін тұтастыра келе бүгінгі күннің түрлі қауіп-қатеріне лайықты жауап қата алатын әрі қоғамды жұмылдыра алатын діни құжат әзірленді.  

Ал енді нәтижесіне тоқталар болсақ, тұжырымдаманы іске асырудың екі кезеңі белгіленген.

Мұның алғашқысы: діни саладағы мемлекет саясатын ел ішілік қолдау деңгейін арттыру. Бұл бағытта тұжырымдама белгілеген міндеттер ойдағыдай орындалды деп есептеймін. Соңғы жылдары дін саласындағы мемлекеттік саясатты бұрыс дейтіндерден гөрі, дұрыс деп қолдау танытқан қауымның қарасы көбейіп келеді.

Тұжырымдаманың 2019-2020 жылдарға арналған негізгі міндеті: теріс діни ағымдардың және олардың деструктивті идеологиясына қарсы тұру. Бұл арада мемлекет тарапынан атқарылған іс-шаралар бойынша елдің хабардарлығы молайып келеді. Бір ғана «Жусан» операциясы соның дәлелі.  

Ең бастысы, бұл тұжырымдама дінді құбыжық ретінде көрсететін астар жоқ. Керісінше, діннің жағымды жағын насихаттау, оның еліміздегі әлеуметтік-экономикалық реформалардың жүзеге асуына оң ықпал ететініне басымдық берілген.

Тұжырымдаманың осы бір қырына ерекше тоқталуы тегін емес. Қазақстандағы діни бағыт, діни ұстанымның бізге сырттан астыртын әрі агрессиялық түрде енгісі келетін түрлі радикалды діни бағыттарға қарсы өзіндік «рухани иммунитет» қызметін атқара алатын әлеуеті бар. Саяси-әлеуметтік өмірімізді сырт күш сақтандыратын әлеуеті бар.

Бұл арада мемлекет пен діннің өзара үндесіп, әрекет етіп отырғанын тілге тиек етуім керек. Мемлекет өз тарапынан дінді тұрақсыздық туғызудың саяси сойылы ретінде пайдалануға жол бермей, халықтың көңілінен шығатын «рухани қауіпсіздік» стратегиясын әзірлеп, діни ахуалмен байланысты түрлі қауіп-қатерлерге дер кезінде жауап қатуда.

Тұжырымдама келесі жылы өз миссиясын толық орындап бітеді. Ол кезге дейін осынау құжаттың нәтижесінде Қазақстандағы конфессиялық ара-қатынастар нығайып, жаңа деңгейге көтерілеріне сенімдімін.

Бұл тарапта мемлекет әзіргі күні діни бірлестіктермен арадағы жұмысты инновациялық негізде жүргізуге күш салып жатқанын айта кету қажет.

Тоқетерін айтқанда, тұжырымдаманың мақсаты – зайырлылық қағидаттарын нығайту әрі дінді өзіндік көпір ретінде қалап, мемлекет пен қоғамның арасындағы қарым-қатынасты жетілдіру.



ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here