«Денсаулық» бағдарламасы: өңірлерде не атқарылды?

0
1912

2016 жылы бастау алған «Денсаулық» бағдарламасы биылғы жылы өз мәресіне жетпек. Бұл бағдарлама өңірлердегі медицина сапасының артуына қаншалықты септесті? Елді мекендердегі медицина саласының тамырына қан жүгірді ме? Бағдарлама аясында өңірлерде қандай жобалар қолға алынып, жүзеге асты?

Осынау сауалдарға жауап алу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігіне сұрау жолдаған едік.

Министрлік мәліметінен белгілі болғандай, «Денсаулық» бағдарламасын жүзеге асыру аясында министрлік мамандары жергілікті әкімдіктермен қойын-қолтықтасып, денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымдарды дамыту бағытында бірнеше маңызды жобаны қолға алған екен.

Атап айтқанда, бұлар:

  1. Медициналық инфрақұрылымдарды жоспарлауды бір жүйеге келтіру;
  2. Алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыру. Мұның ішінде оның қолжетімділігіне көңіл бөлу. Сонымен қатар медициналық көмектің нақты емделушіге бағытталған денсаулық сақтау ұйымдары желісінің конфигурациясын өзгерту;
  3. Медициналық инфрақұрылымдарды инвестиция тарта отырып қайтадан жаңғырту.

Бұдан бұрын Денсаулық сақтау вице-министрі А.Цой өз сөзінде ілгерідегі іс-шаралардың аясында қандай көрсеткіштерге қол жеткізу көзделіп отырғанын жіпке тізіп берген.

Үкіметбасы Бақытжан Сағынтаевтың алдында есеп берген А.Цойдың айтуынша, 2025 жылға медицина саласындағы кем-кетіктер толықтай түзеледі.

Министрлік мәліметінше, «Денсаулық» бағдарламасынан бастау алған жұмыстардың нәтижесінде: 17 өңірдегі медициналық инфрақұрылымды дамыту жұмысы жоспарланады.

Бұдан бөлек, дәрігер жүктемесі әжептәуір төмендетіліп, бұрындары 10 учаскіге жауапты болған дәрігердің жұмысы 1 учаскіге дейін қысқарады.

«Денсаулық» бағдарламасы аясында қалалық жерлерде 500 емделушіге арналған ірі медициналық мекемелер салынады. Министрлік осы арқылы аурухана секторды оңтайландыруды көздеп отыр екен.

Сонымен қатар алдағы уақытта өңірлердегі медицина саласына жалпы көлемі 1,3 трлн теңге инвестиция тартылып, осы салаға бөлінетін жеке инвестициялардың үлесін 60 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Иә, айтылу бар да, орындалу бар.

Жоғарыдағы айтылған міндеттер қашан, қалай орындалады? Бұған да жауап алдық.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, биылғы жылдың аяғына дейін медициналық инфрақұрылымдарды жоспарлаудың жаңа жүйесі жасалады.

Ілгеріде дәрігер жүктемесі төмендейтінін айттық. Біз білсек, бұл міндет былтырдан бар. Ендеше, былтырғы жылы дәрігер жүктемесін төмендету бойынша министрлік қандай нәтижеге жетті?

Қателеспеппіз, белгілі болғандай, былтырғы жылы «Денсаулық» бағдарламасы аясында практик дәрігер жүктемесін 1750 адамға дейін төмендету туралы тапсырма берілген екен.

Ол қаншалықты орындалды десеңіз, 2018 жылы бағдарламада көрсетілген бұл міндет 85 пайызға орындалыпты. Өткен жылы практик дәрігерінің жүктемесі орташа есеппен 1775 адамды құраған.

Барлық өңірлерде дәрігер жүктемесі төмендеді деуге әлі ерте. 10 өңірде ғана дәрігер жүктемесін төмендету жоспарланған көрсеткішке сәл-пәл жақындаған екен.

Сонымен қатар былтырғы жылы өңірлерде барлығы 165 медициналық нысан пайдалануға берілген. Дәрігер жүктемесінің төмендеуіне бұлардың да ықпал еткені анық.

«Денсаулық» бағдарламасында тайға таңға басқандай анық жазылған тағы бір талап бар.

Ол – өңірлердегі амбулаториялық-емханалық ұйымдардың материалдық базасын жақсарту.

Бұл бағытта не істелінген екен?

Осының алдында ғана Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бұл мәселені Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз еткен болатын.

Денсаулық сақтау вице-министрі Цойдың айтып өткеніндей, қазіргі күні министрлік мамандары облыс әкімдіктерімен бірлесіп, бұл бағытта жедел жәрдем станциялары мен стационарлардың шұғыл қызметін, бұдан бөлек, аудан-ауылдардағы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін бірқатар жобаларды қолға алмақ екен.

«Денсаулық» бағдарламасында қамтылған тағы бір міндет монобейінді ауруханаларды көпбейінді ауруханаларға біріктіру бойынша былтырғы өңірлерде нәтижелі жұмыс жасалыпты. Бұл міндет өткен жылы 81 пайызға орындалған.

Бұдан сырт 90-ға тарта монобейінді медициналық ұйымды оңтайландыру нәтижесінде 35 көпбейінді кластерлер құрылған.

Осылайша, еліміздегі ауруханаларда емделушілерге арналған төсек-орын саны орта есеппен 265 орынды құраған.

«Денсаулық» бағдарламасында баса айтылған тағы бір міндет – осы салаға инвестиция тарту.

Медицинаға жеке инвестиция тарту тәжірибесі дамыған елдерде баяғыдан бар.

Бұл арада біз Статистика комитетінің деректеріне жүгіндік.

Денсаулық сақтау саласына салынған инвестициялардың көлемі биылғы жылдың 1 қаңтарына дейінгі көрсеткіш бойынша 119 млрд теңгені құрапты.

Денсаулық сақтау министрлігі өз кезегінде жыл өткен сайын медицина саласына бағытталатын жеке инвестициялардың үлесі өсе түседі деп үміттеніп отыр. Бұлайша дәмеленуі бекер емес.

Министрлік мәліметінше, алдағы уақытта медицинадағы жеке инвестициялардың үлесі 7-8 млрд теңгеге дейін өсуі керек.

Бұл арада «Денсаулық» бағдарламасын жүзеге асыруға жергілікті әкімдіктердің де атсалысып отырғанын айтпай кетпеуге болмайды.

Айталық, 2025 жылға облыс әкімдіктері жалпы құны 1 трлн теңгені құрайтын 200-ден аса медициналық нысан салуға сақадай-сай отыр екен. Мұның ішінде іші-сыртының кетеуі кетіп, әбден тозған 61 ауруханалық ұйымның орнына 17 ірі көпбейінді аурухана салу көзделген.

«Денсаулық» бағдарламасы шеңберінде өңірлерді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшіру жұмыстары биылғы жылы мықтап қолға алынбақ.

Бұған дейін осы мәселеге байланысты пікір білдірген ведомство басшысы Елжан Біртанов 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне платформа жасау үшін өңірлерде тиісті инфрақұрылымдар әзірленгенін тілге тиек еткен болатын.

Медициналық сақтандыру демекші, «Денсаулық» бағдарламасы аясында 2019 жылғы сәуірдің аяғына дейін көпбейінді ұйымдарға біріктіру процесін жеделдететін болады.

Елжан Біртановтың айтуынша, биылғы жылы бағдарлама шеңберінде алғашқы медициналық көмек көрсететін нысандар толықтай жөндеуден өтеді және тағы бір маңызды жайт, мұндай нысандар ендігі жерде ауылдарда да салынатын болады.

Бұған қатысты министр мырза:

«Ауылдық жерлерде дәрігерлік практиканың шағын орталықтарын құру заман талабы» деген болатын.

Қалай болғанда да, медицинаны дамыту медициналық инфрақұрылымдардың жаңартылуымен тығыз байланысты екені даусыз.

Бұл ретте алдағы уақытта «Денсаулық» бағдарламасы аясында өңірлердегі жаңартылып жатқан медициналық мекемелерді сүзгіден өткізетін боламыз.

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here