Алматы облысындағы аналар кеңесі 500 отбасының шаңырағын сақтап қалды

0
1291

«Қала мен Дала» Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің атқарған жұмысына аз-кем тоқтала кетуді жөн көрді.

Мұның өз себебі бар. Облыстық Аналар кеңесінің ауқымды жұмысы оқырман назарынан тыс қалып жатқандай көрінеді.

Осынау кеңестің қоғамдық құндылықтарды дәріптеп, қаншама отбасының шаңырағын шайқалтпай сақтап қалғанын біреу білсе, біреу білмес.

Күні кеше Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Мықты отбасы – мықты мемлекет» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Осы кездесуге «Қала мен Дала» тілшісі де қатысып қайтқан болатын.

Кездесуде қандай мәселелер қозғалды? Алдымен соған тоқталайық.

Кездесу модераторы облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Несіпжамал Баймадиева өз сөзінде осынау ұйымның негізгі ұстанымы қазіргі қазақ қоғамында жанұялық құндылықтарды сақтау, дамыту және нығайта түсу екенін тағы бір мәрте шегелеп өтті.

«Білсеңіз бұл үлкен рухани-адамгершілік, мәдени және тәрбиелік мәні бар іс. Өмір есігін ашқан сәбидің ортаға қатысты көзқарасы мен ұстанымы отбасында қалыптасады. Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің түпкі мақсаты – отбасында толеранттылықты тәрбиелеу», – деді ол.

Жиын барысында ана мен баланың мәселесі, отбасы құндылығының маңыздылығын түсіну, келер ұрпақты тәрбиелеудегі аналарымыздың орны, отбасындағы тәрбиенің негізінде елдегі тұрақтылық пен ынтымақты қамтамасыз ету, ана мен балаға арналған әлеуметтік қолдау шараларын қабылдау секілді өзекті мәселелер сөз болды.

Аналар кеңесінің мүшелері мектептерде тұрақты түрде профилактикалық кездесулер өткізу керектігін баса айтты.

«Мектептерде ата-аналармен жиналыс өткізіп, сол кездесуде оқушы мен мұғалім мәселесі, баланың үйдегі және түздегі жүріс-тұрысы жан-жақты талқылануы қажет», – дейді ұйым белсенділері.

Несіпжамал Баймадиеваның атап өткеніндей, бүгіндері тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылармен тұрақты негізде ақпараттық және әдістемелік жұмыстар жүргізілуде.

«Облыстық Аналар кеңесі медиаторлардың жұмысын қатар атқаруда. Осындай нақты істердің негізінде біздің ұйым өз атын қалыптастырып, қоғамдық сұранысқа ие болады. Аналар кеңесінің өкілдері бір шаңырақ астында бейбітшілікті, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді жақтайды», – дейді ұйым жетекшісі.

Несіпжамал Баймадиеваның Аналар кеңесінің медиация саласындағы рөліне тоқталуы тегін емес. Бұл тарапта ұйым жұмысының нақты нәтиже көрсеткен мысалдары көп-ақ.

Айталық, қазіргі таңда Аналар кеңесінің ұйытқы болуымен Алматы облысында «Ана медиатор» жобасы жүзеге асып жатыр.

Былтыр күзде өткен Аналар форумында Несіпжамал Баймадиева осы жоба бойынша атқарылған жұмысқа тоқталған болатын.

Жоба нәтижесінде облыстық Аналар кеңесі соңғы екі жыл ішінде 1000-нан астам бала тәрбиеленіп жатқан 500-ге жуық отбасының шаңырағын шайқалтпай сақтап қалған!

Аналар кеңесінің аудандардағы мүшелері белсенді. Індет ауа жайылып, ел-жұртқа маска жетпей қалған алмағайып уақытта Алматы облысы Алакөл ауданының Аналар кеңесінің мүшелері үндеу жариялап, «маскаларды мына өздеріміз тігейік» деген бастама көтерген болатын.

Соның негізінде шұғыл топтар құрылып, халыққа қажетті бетперделер тігіле бастады. Олар өз өнімдерін ауыл тұрғындарына тегін таратты. Алакөл аудандық Аналар кеңесінің бастамасы күллі облысқа тараған еді.

Ассамблея жанындағы Аналар кеңесі алғаш тәжірибе түрінде Алматы облысында бастау алғанын айта кетуіміз керек. Кейін нәтижесі оң бағаланып, республика көлемінде қанат жайды.

Қазір кеңестің облыс, аудан, ауылдық деңгейде 1793 филиалы бар. Ұйымға барлығы 10 400 адам мүше. Жыл басынан бері Аналар кеңесі жастар мәселесі, елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді тарқатып түсіндіруде 2000-нан аса іс-шара өткізіпті.

Ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің ұйытқы болуымен соңғы бірнеше жылдың бедерінде «Әкелер фестивалі» тұрақты өткізіліп келеді.

«Ер-азаматтар түздің адамы ғой. Десе де, келер ұрпақтың тәрбиесіне келгенде түздің не болмаса үйдің адамы деп бөлуге болмас. Ұрпақ тәрбиесін тек аналарға «жүктеп» қойған дұрыс емес. Түптеп келгенде, тәрбие беруге келгенде ер-азаматтардың орны бөлек. Ұл баланың үлгі көрсетер адам – әкесі. Ертең есейіп, елдің қамын жейтін шақта ұл баланың жасық, ынжық болмай, өмірден өз үлесін алуы үшін анасының аялы алақанынан бөлек, әкенің қатал тәрбиесі де керек-ақ», – дейді Несіпжамал Баймадиева.

«Қала мен Дала» анықтамасы:

Ассамблея жанынан құрылған әртүрлі деңгейдегі аналар кеңесі жұмысының негізгі бағыты – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал ету, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға үлес қосу.

Аналар кеңесі әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғыртуға қатысады, әртүрлі іс-шаралар арқылы берекелі, тірлігі мықты әрі тату отбасыларды насихаттайды.


ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here