Жастар жылында жұмысшы жастардың әлеуметтік мәселесін шешуге баса назар аударылып отыр.

Айталық, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Жастар жылы» аясында жұмысшы жастарға арнап 1050 жалдамалы баспана беруді жоспарлап отыр екен.

Бұл туралы журналистермен пікірлескен елорданың Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Талғат Рахманберді мәлімдеді.

Шараға қатысқан «Қала мен Дала» тілшісі еліміздің бас қаласында жастарды қолдау бағытында қандай жұмыстар жүргізілгені жайында сұрап білді.

Талғат Рахманбердінің айтуынша, жастарды баспанамен қамту мәселесіне келгенде қалалық әкімдік қол қусырып отырған жоқ.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында әлеуметтік саясаттың негізгі бағыты жастарды қолжетімді баспанамен қамту екендігін тілге тиек еткен.

Жолдау жүктеген міндеттерді уақытында орындау парыз.

Осы мақсатта биылғы жылдың қараша айынан бастап жастарға арналған 1050 пәтерге өтініш қабылдауды бастаймыз. Жастар тарапынан келіп түскен өтініштер SmartAstana платформасы арқылы жүзеге асады», – деді ол.

«Қала мен Дала» тілшісінің «жастарды қолдау бағытында қандай жұмыс жүргізілуде» деген сауалына басқарма басшысы былай деп жауап берді:

«Иә, жастарды баспанамен қамту аздық етері анық. Оларды кәсіп ашуға да ынталандыруымыз қажет. Осы орайда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының негізінде кәсіп ашуға ниетті жастарға гранттар беруді жоспарлап отырмыз. Жалпы, бұл мұндай гранттарға 63 жас бизнесмен ие болды», – деді басқарма басшысы.

Қалалық әкімдік бұдан бөлек, тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың балаларын қолдауға да құмбыл көңіл бөлуде.

Бұған дәлел, биылғы жылы әлеуметтік аз қамтылған 160 бала оқу гранттарына ие болған. Оқуға түскендердің ішінде 140 бала инженерлік сала, биоресурстар, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар секілді әзіргі күні сұраныстағы мамандықтарды таңдаған екен. Өзге 20 бала гуманитарлық салаларды таңдаған.

Сонымен бірге тұрмысы төмен жанұяға жататын 50-ге тарта түлек Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің арнайы грантына ие болыпты. Бұл туралы да басқарма басшысы айтты.

«Жағдайы төмен отбасыдан шыққан жастарды қолдау – мемлекеттің міндеті. Мұның ішіне жетім балалар, мүмкіндігі шектелуі жандар, ата-ана қамқорлығынсыз қалып, балалар үйінде тәрбиеленген түлектер, көпбалалы отбасылардың балаларына мемлекет жәрдемдесіп, өмірден өз орнын табуына қол ұшын созады», – деді Талғат Рахманберді.

Роллан МҰҚАМЕТҚАЛИ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here