Қазіргі жаһандану заманы әлем елдерінің арасын тек саяси, экономикалық, әскери тұрғыда ғана жақындастырып қоймай, діни тұрғыда да ынтымаққа, бірлікке шақырып отыр.

Бәрімізге белгілі, адамзат тарихындағы ұрыс-жанжалдар мен аяусыз соғысқа дін мен өркениеттің әркелкілігі түрткі болды. Әзіргі күні жаһанның түкпір-түкпірінде бірі өшіп, бірі тұтанып жатқан ірілі-ұсақты қақтығыстардың, қантөгістер астарынан да осы бір діни ала-құлалықтың ізі байқалады.

Жер барша адамзатқа ортақ. Бүгінгідей алмағайыпта бірлік пен бейбітшіліктің күшейіп дамуы үшін, әсіресе, дінаралық диалог пен төзімділіктің маңызы аса зор.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйытқы болуымен өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері жиынында діни алауыздыққа жол бермеу, адамзатты бір-біріне өшіктірмей үнқатысу және ілгерілеуге шақыру, дінді суық қаруға айналдыруға болмайтындығы, адамзатқа қайғы-қасірет әкелетін сұм соғысты қару күшімен емес, толеранттылық пен түсіністікке негізделген диалогпен шешуге болатындығы үнемі айтылады.

Негізгі құндылық неде?

Әзіргі уақытта Қазақстандағы діни ахуал әр алуан түрлі және ол өзінің жиынтығында қоғамға, оның дүниетанымдық ұстынына, өнегелілік бағыты мен бағдарына, тіпті мінез-құлықтағы ерекшелігіне, оның жан-дүниесіне ықпал етуге қабілеті жететін рухани күшке айналды.

Осы себепті Елбасымыз «негізгі құндылық» деп тек ұлтаралық бірлікті сақтау мен бекіту ғана емес, бұдан бөлек діни бірлікті, конфессияаралық үнқатысуды Қазақстандағы келісімді сақтау мен нығайтудың жолы деп санайды.

Еліміздегі рухани келісім екі бірдей үлкен этностың түркілер және славяндардың діні болып есептелетін екі әлемдік дін – ислам және христианның арасында барынша басым болуы тиіс.

Miне, осы себепті де еліміздегі «ислам-христиан» діндері негізінде қазақстандықтардың төзімділігі қалыптасады әрі сақталады.

Бұл келісім тек уақытша дүние емес, бұл жаһандану кезінде Қазақстанның саяси-экономикалық және әлеуметтік дамуының кепілі болатын, ізгілікті, ашықтықты, сенімді, алыс-жақынға деген сыйластықты арттыруды міндет санайтын ислам және христиандықтың маңызды өсиеттері мен ғибраттары негізінде жүзеге асады.

Қазақстандағы қауіпсіздік пен бірлікті қамтамасыз етудің басты факторы ұлтаралық діни үнқатысудың негіздерін қалау.

Бұл арада: «Еліміздің көпконфессиялылығын Қазақстан ынтымағын нығайту мен сақтауда қалай пайдалануға болады» деген сауал маңызды.  

Елбасымыз бұл сауалға жауап бере келіп, тарихи және әзіргі тәжірибе көрсеткендей, бұл түрлі конфессиялардың диалогы қалыптасса ғана жүзеге асады деп санайды.

Бүгінгі жағдайда…

Бүгінгі жағдайда болуға тиісті және маңызды діндердің, мәдениет және өркениеттердің диалог кеңістігін қалыптастыру – күрделі әлемнің әлеуметтік және діни тұрғыда реттелуінің маңызды тетігі.

Үнқатысу бүгінгі күні зорлық-зомбылыққа, агрессияға, үстемшілдікке,  монополияға қарсы жауап беретін нақты балама. Сан қырлы, әр алуан ұстанымдағы адамзат қауымдастығы арасында келісім орныққанын қаламайтын астыртын күштер бар. Мұндайлар өзінің принципі және саяси еркін басқа халықтар мен мемлекеттерге таңғысы келеді.

Мұндай жалған демократияны және алдамшы еркіндікті жалау етуі мүмкін. Алайда бүгінгі күні бұл тарихи тұрғыдан ескірген амал.

Анығында діни келісімге келудің жолдарын ашық айта білетін діни ағымдардың, мәдениет және өркениеттердің әріптесуі әлгіндей саясатқа кедергі бола алады.

Елбасымыз Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің алғашқы сьезінде: «Ортақ діни кеңістік құруға діни ұстанымдар кедергі болмауы қажет. Әлемдік ұлы діндер ұлы мұраттарды көздейді. Тұрақты діни диалогтың ең басты құндылығы мынада, орын алып жатқан келіспеушілікке қарамай, аса маңызды «алтын ортаны» іздеудің мақсаты және процесі сақталады», – деген болатын.

Әлбетте, дінаралық үнқатысу түгел дінді біріктіріп қолдан бір ғана дін жасау емес. Ол жаһандағы барша әлемдік дін  дәріптеп отырған имандылық пен адами құндылықтар арқылы ұлты мен тілі, ділі мен діні бөлек жер-жиһандағы күллі адам баласын бейбіт өмір кешуге шақыру.

Дәстүрлі әлемдік діндер арасындағы диалог ерте кезден бастау алған. Мысалға, Қасиетті Құран мұсылмандарды өзге дін өкілдерімен ынтымақтасуға, діни толеранттылыққа, түсіністікке үндейді.

Пікірталасқан кезде сыпайыгершіліктен аспау дін исламда ізгілік әдебі болып табылады.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ғұмыр жолына үңілсек, кәпірлер болсын, мүшріктер болсын, қасиетті кітап иелерінің барлығымен жарастықта және татулықта өмір сүргенін байқаймыз. Әр кезде достық қатынаста болу, сауда байланыстарын құру бұл да дінаралық диалогтың алуан түрлі бағыттарының бірі. Екі жақты мұндай мысалдар бізге Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көрсеткен жол болғандықтан да ол барша мұсылман баласы үшін аса маңызды.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дінаралық диалогты үзбей жүргізуін терең түсіну үшін оның саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени әрі діни түп негіздерін саралай білу керек.

Адамға деген  құрмет

Алла елшісі қол астындағыларға жолдаған бір көне хатында мына жайтты да ескерткен: «Ислам дінін қабылдаған қауым біздегі ақиқаттарға да мойынсынады, бірақ бұрынғы діндерінде қалғанды қалаған адамдарға ешқандай қысым жасалмайды, ал олардан тұрмыс жағдайына қарай алынатын жізия (мұсылман мемлекетінде өмір кешетін өзге

ұлттар пен ұлыстардың сыртқы жаудан мұсылман әскерлері тарапынан қорғалғаны үшін сол мемлекетке төлейтін салығының түрі) салығы бір динар немесе осы мөлшердегі бір зат болуға тиіс, кімде-кім осы борышын өтеген болса, біз оның бас амандығына кепіл боламыз».

Miнe, бұл хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) адамға деген құрметі! Адамзат баласын бірлікке шақыруда осыдан асқан мысал келтіру қиын.

Осының өзі дін исламның адам баласын белгілі бір нанымдық-сенімдік ерекшелігіне қарай бөлмей, олардың ең алдымен, адам екенінен және мұқтаждығына назар аударғанын анық көрсетеді.

Қазіргі жаһандану дәуірінде тыныш та бейбіт ғұмыр сүрудің кілті – өзара сыйластық пен құрмет, әділдік және кеңпейілділік секілді аса құнды адами қасиеттерді көздің қарашығындай сақтау.

 Ал өзара сыйластықта болудың тиімді жолы жақын араласуда жатыр. Наным-сенімі саған ұқсамайтын адам баласымен тілдесу, оның ойын білу татулыққа жол ашатын ең ізгі әдіс.

Иә, ол адамның да өз ерекшелігі, өз дүниетанымы бар, міне осы кезде мұсылмандыққа сай Мұхаммади тәсіліне иек арту, түсінісе алмайтын тұстарды қазбалау емес, керісінше ортақ тіл табыса алатын тұстарды іздеуден бастаған жөн.

Өткен кезеңдегі кейбір кемшіліктерді қозғамай,

оның орнына кешірімділік және кеңпейілділік танытып, адамгершілікті, адами құндылықты негізге ала білген абзал.

Еліміздегі Елбасының мұрындық болуымен ұйымдастырылатын дінаралық диалогтар тек қана теориялық тұрғыда емес, сонымен бірге іс жүзінде сәтті деңгейде орындалуда. КСРО құлап, халқымыз еңсесін тіктеген сәтте жерімізде тұратын сан түрлі ұлттар: «қазақтар бізге «тарихи отандарыңа оралыңдар» деп қысым көрсетеді деген күмәнді ойға бой алдырғаны өтірік емес.

Елбасы саясаты мен исламның құндылықтарын бойына сіңіре білген қазақтың дарқан мінезінің арқасында, осы жылдар ішінде, оларға барынша қолдау көрсетілді. Бүгінде олар – Қазақстанның тең құқықты тұрғындары.

Айналып келгенде, мұның бәрі ислам дінінің қадір-қасиеті және Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған сауатты саясатының жемісі деп түсінгейсіз.

Теріс ағымдардың арбауына түспеу үшін

Дін ислам игі мақсатты мұрат етер болса, елімізге келіп тіркеліп,

түрлі алдау-арбау, қулық-сұмдықпен қара домалақтарымызды қатарына тартып жатқан астыртын ағымдардың аузына құм құйылады.

Ашығын айту керек, теріс ағымдардың әрекеті әсте де бірлікке, достыққа немесе ізгі мақсатқа бағытталған дей алмаймыз. Мұндай теріс ағымдардың мақсат-мүддесі біреу – айрандай ұйып отырған ауызбірлігімізге сына қағу. Халықты дәстүрлі дінінен бездіріп, діни секталарына тарту. Бұлардың артында алпауыт діни ұйымдардың төбесі қылтияды.

Ал мұндай індетке жалпы ел болып қарсы тұрғанда ғана ісіміз нәтижелі болмақ.
Қарсы тұру деп заң жолымен, өркениетті жолмен күресуді айтамыз. Қазақстан халқының 70 пайыздан астамы мұсылмандар екен. Ендеше, ілгерідегі айтқан үнқатысу, діндер диалогы, ұлт пен ұлысаралық сыйластыққа барынша кең жол аша отыра, ата дініміз исламның абыройын көтеру, дәріптеу секілді мақсаттарды осындай жиындардың темірқазығы ету қажет-ақ.

Тобықтай түйін, біз әр алуан дін лидерлерін жинап қанша жерден жиын-шар, конференция мен симпозиум өткізсек те, ол халқымыздың, дініміздің мүддесіне, ұлтымыздың бірлігіне қызмет етуі қажет.

Дін аса нәзік. Дін – құрмет. Дін – диалог. Қазіргі шиеленіске, қым-қуытқа толы әлем осыны талап етеді. Осы орайда Құран Кәрімде айтылған: «Ізгі амалға, тақуалықка көмектесіңдер, арсыздық, күнә жасауға, жаулыққа жәрдемші болмаңдар» деген өсиет естеріңізде жүрсін. Сол үшін дұға жасайық. Жаратқан Иеміз Қазақстанға, халқымызға әрдайым жар болсын!

Ынтымақ пен бірліктің алтын діңгегі дін екенін ұмытпайық.

Әбсаттар Дербісәлі,

Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры,

профессор

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here