Дүниежүзілік диабет федерациясының деректері бойынша, қазіргі уақытта әлемде 425 миллионнан астам адам диабетпен өмір сүруде. NOMAD диабетті ерте анықтауға арналған Ұлттық скринингтік бағдарламаның нәтижелеріне сәйкес Қазақстанда ересектердің 38%-ы диабет алдында тұрса, 8,2% -ы диабеттен зардап шегеді.
Сонымен қатар екінші типті диабет диагнозымен есепте халықтың 1,8% -ы немесе 312 мың адам тұр, бұл аурудың жасырын түрі мен кеш анықталғанын көрсетеді.
Зерттеушілер 12 жыл бойы қарт адамдар тобын бақылап, қатысушылардың 22% қалыпты гликемияға қайтып келгенін, қатысушылардың 13%-ында диабет дамығанын және адамдардың бір бөлігі қайтыс болғанын анықтады.
Осылайша, зерттеу систоликалық артериялық қысымның төмендеуі, жүрек ауруларының болмауы және басқарылатын салмақ қандағы қанттың қалыпты деңгейіне қайтаратынын көрсетті. Сондай-ақ дене белсенділігі, диабеттің алдын алып өлім деңгейін төмендетеді.
– «Диабет алды» екінші типті қант диабетіне автоматты түрде ауыспайды. Бұл аурудың пайда болу қаупін төмендету үшін дер кезінде шаралар қабылдауға мүмкіндік беретін белгі деп қабылдауға болады. Ауруды асқындырмау үшін ұсыныстар өте қарапайым – дене белсенділігі, толыққанды ұйқы және дұрыс тамақтану. Алайда ол әрбір пациенттің өз ерік-жігері мен ынтасына да тікелей байланысты, – дейді дәрігер Бақыт Түменова.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Ауруларды басқару бағдарламасын» іске асыруда, оған сәйкес БМСК ұйымдары пациенттермен шартқа қол қояды, онда әркім өзіне белгіленген міндеттемелерді орындайды. Пациенттің өз денсаулығын басқаруға, ортақ жауапкершілікке тартылуына баса назар аударылады. Адам зиянды әдеттерден бас тартады, салмағын қадағалайды, дене жүктемелерін қолданады, дұрыс тамақтанады, дәрі-дәрмектерді уақытында қабылдап, дәрігердің бақылауында болады. Бағдарламаға пациенттің өзі ғана емес, сонымен қатар оның туыстары да қатысады, өйткені қант диабеті генетикалық бейімділігі бар болғандықтан, балалар мен отбасының барлық мүшелерін бақылау қажет.
«Егер қант диабеті бұл тез мүгедектікпен ерте өлімге әкелуі мүмкін ауыр созылмалы ауру болса, онда диабет алды диагнозының ерекше белгілері жоқ, сондықтан 45 жастан асқан жас, жоғары қанқысымы, тұқым қуалаушылық, артық салмақ, аз қозғалмалы өмір салты, тәтті және газдалған сусындарға деген әуестігі бар жандар дәрігерге барып, қандағы қант құрамын тексертуі керек. Аурудың пайда болу қаупін төмендетуге бағытталған зиянды төмендету тұжырымдамасын ұстану қажет» – дейді сарапшы.
Қант диабеті – бұл инфекциялық ауру емес, ол ұзақ емдеуді қажет етеді, бірақ өз денсаулығыңызды қолыңызға алсаңыз, денсаулықты басқарып қана қоймай, толыққанды өмір сүруге болады.