Жастар жалға берілетін пәтерді қалай алады?

0
2751

«Жастар жылы» жастар мәселесін талқылайтын түрлі форумдар, іс-шаралар өткізумен ғана шектелмеу керек. Осы мүмкіндікті пайдаланып жастардың әлеуметтік мәселесін шешуге күш салу қажет-ақ.

Оқуын бітіріп, үлкен өмірге аяқ басқан жастар ең алдымен, баспанадан таршылық көреді. Үй жалдап жүрген жас отбасы өмірі «жер алсам, үй салсам» деген үмітпен өтіп, жастық шағындағы бар күш-жігерін осы мақсатқа ғана бағыттап жататын жағдайлар көп.

Жастар көп шоғырланған еліміздегі ірі мегаполис – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жастарды баспанамен қамту мәселесі қаншалықты шешімін табуда?

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде журналистермен жүздескен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет егжей-тегжейлі айтып берді. Шараға «Қала мен Дала» тілшісі де қатысып, төрағаға жастарды баспанамен қамтуға қатысты бірқатар сұрақ қойды.

Көпшілікті толғандырған сауал: Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында тұратын жастар, жас отбасылар жалдамалы пәтерге қол жеткізу үшін не істеуі керек, қандай құжаттарды тапсыруы тиіс?

Мадияр Қожахметтің айтуынша, құжатты тапсыру мен оның рәсімдеу жұмыстары барынша жеңілдетілген, қыруар құжат жинап, себепсіз «справкі» сұратып, жастарды сандалтып қоятын бюрократияға тосқауыл қойылған.

Бұл ретте ол жалдамалы баспанаға өтініш қабылдау бастала сала үміткерлер қандай құжат жинастыру қажеттігін айтып өтті.

1) жастар категориясына сәйкестік бойынша өтініш;

2) өтініш беретін жастың жеке басын растайтын, яғни куәландыратын құжат көшірмесі;

3) білімі жайлы құжаттың көшірмесі;

4) неке қию туралы куәлігінің көшірмесі (егерде бар болған жағдайда);

5) нәрестесінің туу туралы куәлігінің (-терінің) көшірмесі (егер бар болған жағдайда);

6) өтініш беруші азаматтың және отбасының барлық мүшелерінде жылжымайтын мүлігінің жоқ (немесе бар) екендігін растайтын анықтама;

7) жұмыс істейтін мекемеден анықтама; 

8) өтініш беруші азаматтың ай сайынғы алатын жалақысын ең кемінде 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде растайтын соңғы 6 айдың аралығындағы табысы туралы толыққанды анықтама;

9) еліміздің Еңбек кодексінің 35-бабына сай жас азаматтың еңбек өтілін растайтын құжаттар тізімі;

10) банкінде шотының болуы және нөмірі жайлы анықтама мен банктегі шоты бойынша ақшаның қалдығы, бұдан бөлек ағыны туралы анықтама;

11) өтініш беруші азаматтың әртүрлі қызмет салаларындағы жетістіктерін дәлелдейтін марапаттар, құжаттар (бар болған жағдайда).


Мадияр Қожахметтің айтып өткеніндей, жастар жалдамалы баспанаға өтініш беріп, құжаттар қабылданғаннан соң құзырлы орган мұның бәрін сүзгіден өткізіп, құжаттар тізімінің толықтығы және сәйкестігін тексеріп шығады.

Бұдан соң құжат негізінде есептелетін ұпайларға сай санақ жүргізіліп, жалдамалы пәтерге қол жеткізетін жастардың тізімі жасалады.

Өтініш берушілердің көпшілігін осы жайт қызықтырады. «Ұпай қалай есептеледі» деген сауалға толыққанды жауап бере кетейін.

Өтініш берген жастың ұпайын есептеп шығару кезінде өтініш берушінің қызметі (кәсібі), жанұялық жағдайы, жеке кәсіпкерлік қызметі, бюджеттік салаларында еңбек еткен кезеңі, банк шоттарындағы жинақтары есепке алынады.
Иә, кей кездері өтініш берген жастардың балдары тең түсуі мүмкін. Мұндай жағдайда өтінішті алғашқы болып тапсырған жастарға басымдық береміз. Сонымен қатар бұл бағдарламаның басты талаптарының бірі – өтініш тапсыратын жастардың айлық табысы 40 айлық есептік көрсеткіштен кем болмауы қажет.

Айталық, жалдамалы пәтер үшін жас азамат 10-13 мың, бұған қосымша коммуналдық шығындарға тағы да 10-15 теңгенің айналасында төлейді делік. Егерге оның айлығы 100-110 мың теңгенің төңірегінде болса, мұндайда ол айлығының жартысының жартысын банкте алғашқы жарна ретінде жинай алады», – дейді Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы. 

Жастарды жалдамалы баспанамен қамтамасыз ететін бағдарлама бойынша биылғы жылы ел астанасы Нұр-Сұлтанда барлығы – 1050 пәтер, Алматыда – 1050 пәтер, ал Шымкент қаласындағы  жалпы саны 904 пәтер пайдалануға беріледі.

Құзырлы орган сатып алуға құқығы жоқ жалға берілетін баспананы беру туралы тиісті шешім шығарғаннан кейін 15 тәуліктің аралығында пәтерді жалдау туралы келісімшарт жасалады.

Жастарды қолжетімді баспанамен қамтуға «Жастар жылының» себепкер болғаны сөзсіз.

Айта кетелік, өткен жылы «Жастар жылының» салтанатты ашылу рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жастарға арнап жылына 1 мың пәтер пайдалануға берілетінін мәлімдеген болатын. Ал былтырғы жылдың күзіндегі Үкімет жиынында сол кездегі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек (бүгінгі күні – Премьер-Министрдің орынбасары, ред.) Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкенттің жұмысшы жастарына арналған 1 мың пәтер салу 2019 жылдың мамырында басталатынын хабарлаған-тұғын.  

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here