Ел сенімін ақтаған Ассамблея белсендісі

0
1192

Күні кеше ғана ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Закиржан Пірмухамедұлы Кузиев пен Майя Төлегенқызы Бекбаева Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасарлары болып тағайындалғанын естідік. Сөз жоқ, жауапты қоғамдық жұмысқа бел буып, білек сыбана кіріскен қос азаматты көпшілік қауым жақсы таниды. Әсіресе Жетісу халқы Закиржан Кузиевтің елімізді өркендету жолында атқарып жүрген жұмыстарымен жақсы таныс.

Президент сенімі

Білікті кәсіпкер, Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшесі, Қазақстан ұйғырлары республикалық этномәдени орталығы Алматы облыстық филиалының төрағасы Закиржан Кузиев еліміздегі ұлтаралық татулықты сақтауға барынша үлес қосып жүрген санаулы азаматтардың бірі. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Закиржан Кузиевтей азаматқа сенім артып, жауапты міндет жүктеуінің астарында үлкен сенім жатқанын бағамдауға болады.

– Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы елімізді ортақ мақсатқа тұтастыратын маңызды саяси органға айналып отыр. Ұйымға мемлекет тарапынан жоғары деңгейдегі ерекше мәртебе берілген. Жыл сайын Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өтіп келеді. Сессияда қабылданған шешімдер мемлекеттік органдар жүзеге асырып, еліміздегі ұлтаралық татулықты толықтай қамтамасыз етіп отыр деп нық сеніммен айта аламын. Жиырма жылдан астам тарихы бар Қазақстан халқы Ассамблеясының өткізген сессияларында мемлекеттің дамуына қатысты бір қатар өзекті мәселелерді ортаға салып, кеңінен талқылады. Атап айтсақ, жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдум, Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде даму стратегиясын қалыптастыру, Қазақстанның ұлттық бірегейлігі жөніндегі доктрина. Осы құжаттардың бәрі еліміздің дамуына серіпін беріп, Тәуелсіз Қазақстанның саяси-экономикалық тұрғыдан Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекетке айналуына ықпал етті. Осы ретте Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшесі ретінде көптеген жұмыстарға белу буып, білек сыбана араластық. Бүгінде елімізді дамыту жолындағы азды-көпті еңбегімізді басшылыққа алып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметіне ұсынды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен жауапкершілік жүктеп отырғанын жан-тәніммен сезініп отырмын. Алдағы уақытта еліміздегі қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты нығайтуға бар күш-жігерімді жұмсап, жұмыс істейтін боламын, – деп Закиржан Пірмухамедұлы ағынан жарылып ойын ортаға салды.

Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі бейбіт өмір мен ынтымақтың қайнар бұлағына айналып отырғаны белгілі. Осындай іргелі ұйымның Жетісу жеріндегі жұмысын жандандыруға аянбай үлес қосып жүрген Закиржан Кузиев мырза алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысын үдетіп, республикалық масштабта үлкен істердің ұйытқысы болып, Президент сенімінен шығатынына сенімдіміз. Бүгінде елімізде өмір сүріп жатқан әртүрлі этнос өкілдеріне өздерінің тарихын, салт-дәстүрлері мен халықтық қалпын сақтаулары үшін үлкен мүмкіндіктер мен конституциялық құқықтарын жақсы біледі. Ең бастысы, қазіргі күні қазақстандықтар өзара келісім мен бірлікке қол жеткізіп отырған мемлекеті баянды, мәңгілік ел ететін факторға айналып отыр. Түрлі ұлттар мен ұлыстар ұмыт бола бастаған тілін, мәдениетін, салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртуға мүмкіндік алды. Алдағы уақытта Закиржан Кузиев осыған дейін атқарылған жұмыстарды жетілдіріп, Ассамблеяның жұмысын өрге бастыратын кәсіби біліктілігі жетеді. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өте дұрыс таңдау жасағанын байқауға болады. 

Халықтың қамқоршысы

Закиржан Кузиев Алматы облысындағы «Жаркент крахмал-сірне» зауытының жұмысын жолға қойып, қарапайым еңбек адамдарын ортақ мақсатқа бағыттап, толағай табыстаға қол жеткізіп жүрген өңірдегі іскер азаматтардың бірі десек артық айтқандық болмас еді. Ол басқаратын «Универсал» мекемесіндегі жұмыс ұдайы алға басып, күн өткен сайын биік белестерді бағындырып келеді. Ол қандай экономикалық дағдарыс болса да ірі кәсіпорынның жұмысын тұралатқан жоқ. Айталық, пандемия кезінде «Жаркент крахмал-сірне» зауытында жұмысшы санын қысқарту, қарапайым еңбек адамдарын ақысыз демалысқа жіберу деген мүлде болмады. Өндіріс орындарындағы еңбек реті төтенше жағдай ережесі мен карантин тәртібіне сай жүріп келеді. Панфилов ауданында екі ірі кәсіпорынның тыныс-тіршілігі осы сөзімізге айқын дәлел бола алады.

Мекеменің кіреберіс аумағынан ашылған санитарлық бекет жұмысшылардың дене қызуын тексеріп, тіркеп отырады. Ал күн сайын екі рет дезинфекцияланатын арнайы автобустар мекеме қызметкерлерін тасымалдап, үйлеріне дейін жеткізуді де кәсіпорын басшылығы оң бағытта шешкен. Осылайша, зауыт жұмысшылары жұмысқа келіп, жұмыстан қайтқанда өзге көліктерге мініп, вирус жұқтыру қаупінен толықтай қорғалған десек болады.

Қазіргі таңда Закиржан Кузиев жетекшілік ететін «Жаркент крахмал-сірне» зауыты мен «Универсал» серіктестігінде 1200 жұмысшы күні-түні еңбек етуде. Соңғы уақыттары «Универсал» зауытында тоқылатын қапқа сұраныс артқан.

Елімізді коронавирус қыспаққа алған кезде де жұрттың қамын ойлаған үлкен жүректі азамат Закиржан Кузиев қарап қалған жоқ. Ол Nur Otan партиясы ұйытқы болған «Біз біргеміз» республикалық акция аясында Жаркент қаласындағы екі мыңға жуық отбасыға азық-түлік таратып, еліміз бойынша қолға алынған істен шет қалмады. Осылайша, Төтенше жағдай кезінде аудан тұрғындарына қолдау көрсетуге жергілікті кәсіпкерлер Серік Ақсубаев пен Закиржан Кузиев 15 миллионға жуық қаражат бөлді. Сол кезде атпал азамат:

– Қазіргі жағдайға байланысты біздің кәсіпорынның шетелге шығаратын экспорт өнімі 15 пайызға азайды. Есесіне, ішкі нарыққа сұраныс артты. Жұмысшылардың қауіпсіздігі үшін барлық шараны жасап жатырмыз. Орталық ауруханамен келісімшартымыз бар. Сапалы тегін тамақпен, жоғары жалақы төлеп отырмыз. Көктемде кәсіпорын ішіндегі бос алаңдарға көкөніс егуді қолға алдық. Агроном жұмыс істеп жатыр. Жұмысшылар оны өз қажеттеріне пайдаланады, – деп кәсіпкер пандемияны халық болып күш біріктіріп жеңуге болатынын айтқан еді.

Білікті өндірісші

Закиржан Кузиев жетекшілік жасайтын «Универсал» серіктестігі 2008 жылы «Алтын сапа» бәйгесінде жоғары жетістікке жетіп, Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан ең жоғарғы марапатты алған еді. Сол кезде Закиржан Пірмухамедұлы бұл сыйлықтың алдағы жеңістердің бастауы екенін айтқаны есімізде. Содан бері ол басқаратын компания талай айшықты биіктерді бағындырды. Компания дамуында жұлдызды жетістіктер аз емес. Осыдан 16 жыл бұрын құрылған «Жаркент крахмал-сірне зауыты» бүгінгі таңда қанатын кеңге жайып, ірі өнеркәсіп орнына айналды. Өндіріс орнының заман талабына сай нарық нақышымен жұмыс жасауына қаржысын аямай жұмсаған кәсіпкер Закиржан Кузиев жергілікті шикізаттан халық шаруашылығына өте қажет сапалы жаңа өнімдер шығару арқылы Үкімет қолдауына ие болды.

Аталған кәсіпорынның қуатын еселеп арттыратын жаңа жобасы өңірлік индустрияландыру картасына еніп, құрылыстың алғашқы кезеңі іске қосылғанда, оның жергілікті шаруалардан жүгері дәнін қабылдау қуаты бұрынғысынан екі есе артып, өнім өндіру түрлері де біршама ұлғайды. Зауыттың алғашқы кезеңі Елбасымен телекөпір арқылы іске қосылған болатын.

Ал жаңа зауыттың екінші кезеңі 2015 жылы пайдалануға берілді. Жүгері дәнін тереңдетіп өңдейтін жаңа зауытта шетелдік технологиялармен крахмал сүтінен глюкоза, фруктоза және мальтоза шәрбаттары алып келеді. Зауыттың қазіргі қуаты жылына 150 мың тонна жүгері дәнін өңдеп, жыл бойы 31580 тонна өнім өндіреді. Зауыт өнімдерін еліміздегі «Рахат», «Трейдинг қағазы», «Хамле», «Іле картон-қағаз комбинаты», «Жамбыл гипс», «Рудстройсервис», «Қазупак», АХБК компаниялары сатып алады. Шетелдерден де тапсырыстар бар. Бұл өндіріс орны 2006 жылы қарашада сапа менеджменті жүйесінің ИСО-9001-2000 стандартына сәйкестігі туралы сертификатына ие болды. Елордада өткен Президенттік «Алтын сапа» байқауына қатысып, Президент Әкімшілігі басшысының және министрліктің Алғыс хатын алған. 2018 жылы «Алтын сапа» конкурсының жүлдегері атанған.

Міне, осылай Закиржан Кузиев мырза Елбасы мен ел сенімін ақтап келеді. Алдағы уақытта ол Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары ретінде еліміздің ынтымағы мен береке-бірлігін дамыта түсетініне сенімдіміз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here