Танымал өнерпаз Алматы облысының шалғайдағы екі ауданынан халық театрын ашты

Ұлттың рухани азық алар ордасы театр. Дәл осындай мәдениет ошақтары бүгінгі қоғамға керек-ақ.   Мәдениеттің сапасын жоғарылату мақсатында Алматы облысында екі бірдей халық театры есігін елге айқара ашты.

Оның бірі 23 жылды артқа тастап қайта жанданған «Нарынқол халық театры», екіншісі тұсауын енді кескен «Қарадала» деген атауға ие болған өнер ордасы.

Екі бірдей эстетикалық тәрбие мен тәлім мектебінің шамшырағын жағуға атсалысқан саф өнердің алтын сақасы, сатираның саңлағы Асқар Наймантаев.

Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Талай жылдар бойы өнердің көшін өрге сүйреп келген талантты жанның тағдыры, әуел бастан сахнамен біте қайнасқан еді.

Өйткені ел білетін актер Асқар мырзаның ата-анасы да киелі сахнаны өзіне бағындырған өнердің хас шеберлері болатын.

Қос дарын кезіндегі Нарынқол халық театрында өнер көрсеткен. Әкесі Әбдіғалым Наймантаев актер әрі суретші, кейіннен режиссер болса, асыл анасы Рафия Райжанова актриса,  әнші, биші болған.

Екі бірдей дала дарынының ат ұстары Асқар Әбдіғалымұлы сол театр сахнасында дүниеге келгенмін дейді.

1963 жылы «Халықтық» атағын алған театрдың осылайша, екінші тынысы ашылып отыр. Оның өзі оңайға соқпаған. «Нарынқол театры 21 жыл аудан жабылып қалғанда қоса құрыды. «Театрдың не жазығы бар? Қайта ашайық» – деген өтінішпен бірнеше жыл табаным тозды», – деп ағынан жарылды өнердің тарланы Асқар Наймантаев.

Ақыры аудан бөлініп, өз алдына дербес орталық болған соң байырғы театрды қайта ашу мүмкіндігі туды деп сөзін сабақтады актер мырза.

Ата-ана мен туған елдің алдындағы перзенттік парызын өтесем деген азаматтық ұстанымы тарихы тереңде жатқан Нарынқол халық театрын қайта құруға негіз болған. Ер үміті ақталды.

Аудан әкімі Нұржан Құдайбергенов пен аудандағы мәдениет үйінің дарынды ұжымының қолдауының арқасында талай жылғы арман шындыққа айналған жайы бар.

Осылайша, туған топырағындағы мәдениет ордасының түтінін қайта түтетуге кіріскен мезетте Алматы облыстық мәслихатының депутаты Ызғарбек Бектұрсынов сынды ардақты ақсақалдан Ұйғыр ауданында театр ашуға көмектесші деген ұсыныс түскен екен.

«Нарынқол театры тарихи орда ғой, қайта ашып жатқаның өте дұрыс болыпты. Мына біздің ауданда сол халық театры деген тарихта болмаған.

Өнерлі жастар көп, өзінен шыққан танымал тұлғалары қаншама, бірінің ойына осы ауданымызда театр ашсақ деген ой келе қоймайды. Сен келіп, ақыл-кеңесіңді айтып, жәрдеміңді берсең қайтеді» – деді Ызғарбек аға. Әке-шешемнің көзін көрген, ел сыйлаған ағаның өтінішін жерге қалдырмай, осы театрдың ашылу жұмыстарына кірісіп кеттім», – дейді Асқар аға.

Екі кеменің басын ұстау өте ауыр екені сөзсіз. Өзіне тән қиындық туындағанын өнер иесі бүкпесіз ашып айтты.

«Бірінші қиындық екі ауданның арасында қатынау, екі бөлек спектакльді жобалау, оған уақыт табу болды. Алматыдан 300 шақырымға барып-келіп жүргенімді қосыңдар оған. Дегенмен алынбайтын қамал жоқ, алға қойған мақсатты орындау керек еді. Келісім беру оңай-ау, іске асырудың қиындығына төзімділік таныту қажет болды.», – деді Әбдіғалым ағаның ұлы.

Өз ісінің нағыз маманы, жілігін шағып, майын ішкен азамат бұл сыннан да сүрінбеді.

Оған дәлел, 25-інші қазанда «Хантәңірі халық театры» Мұқағали Мақатаев шығармасының желісімен «Аққулар ұйықтағанда» спектаклімен, тура бір аптадан кейін, 2-нші қарашада «Қарадала халық театры» Абай Құнанбаев шығармасының желісімен «Ескендір» спектаклімен Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы театр сахнасында салтанатты түрде шымылдығын ашқаны.

 Айналасы бір жарым айдың ішінде шалғайдағы екі ауданнан екі бірдей халық театрын ашып, оған екі бөлек қойылым қою оңай жұмыс емес. Бірақ, Асқар мырза мұны да еңсерді. Онысы кәсіби біліктілігімен ұштасып жатқаны анық.

Сөз басында айтылғандай, аудан тарихында театр деген атымен жоқ болған Ұйғыр жерінде енді ашылған мәдениет ордасына «Қарадала» деп ат қойып берген Ызғарбек аға дейді театрдың режиссері Асқар Наймантаев.

«Қарадала» атауы ұлттар достығына арқау бола ма? 

Ұйғыр ауданы тілге тиек етілсе, ұлттар арасындағы қарым-қатынас сөз етілмей қоймасы анық.

«Аудандағы екі ұлттың арасында анда-санда бұрқ ете қалатын тартыстың да кейбір себебі аудан атауына келіп тірелері сөзсіз. «Қарадала» атауы біраз жылдан бері ауада қалқып жүр.

Нақты осы атаумен ауданда шығатын газет қана бар еді. Енді мына театрдың осылай аталуы Қарадалаға деген ықылас пен зейіннің күшейюіне әсер етері сөзсіз», – деген пайымда театр режиссері.

 Көптің көкейіндегі сауалдың бірі, театрдағы актерлер қайдан келді, қалай таңдалды деген сұрақ.

 Естеріңізге саламыз,  Ұйғыр аудандық мәдениет үйінде 40 жылдан бері істеп келе жатқан «Арзу» атты ұйғыр ансамблі бар. «Жазерке» атты қазақ ұлттық ансамблі бір шаңырақ астында қатар өмір сүріп келеді. «Қарадала» халық театрының штаты әлі белгіленбегендіктен, алғашқы қойылым осы ансамбльдердің мүшелерінің көмегімен қойылған.

«Өнердің мәртебесі биік қой қашанда, ұйғыры да, қазағы да қызыға, құлшына кірісті. «Бұл менікі, бұл сенікі» деген жоқ. Ортақ іс екенін ұқты.

Ара қатынасы шиеленісіп тұрған елге осындай татулық үлгісін ұсынып отырған жаңа отаудың ынтымақ пен бірлікке алғашқы күннен қосқан үлкен үлесі, орасан жеңісі, «Қарадала» деген аттың жемісі де осы деп ойлаймын!  Осыны шенеунік шіркіндер ұқса ғой енді…», – деген тілегін білдірді Асқар Наймантаев.

Көрерменге салиқалы репертуар ұсынамыз, елді арзан күлкімен алдамаймыз

Асыл өнердің кәусар бұлағына шөлдеген халықтың аңсағанын дөп басқан екі театрдың келешегі кемел болары сөзсіз.

Өйткені үлкен-кіші барлығы бірдей ақжолтай хабарды естіп, бөріктерін аспанға атып жатты. Тіпті театр сахнасынан бой көрсеткісі келетіндердің қарасы қалың.

«Театр ашамыз» – дегенде қазіргі арзан күлкімен алданған елдің ойына тағы бір «Жайдарман» тобы, тағы бір әзіл-сықақ отауы ашылған сияқты елес пайда болады. Жоқ, бұл – театр.

 Үлкен театрлар сияқты салмақты, салиқалы репертуар ұсынатын, арзанқол туынды мен кәсіби драматургияның арасын ашып, көрерменін рухани сауаттылыққа жетелейтін орталық болады.

Алғаш шымылдық ашқан қойылымын көргендер куә, өмірге жеңіл күлкі жаршысы емес, үлкен өнер сарбаздары келгенін сезініп, түйсігіне түйіп қайтты. Ары қарай да осы алған беттен қайта қоймаспыз»,– деген ойда театр режиссері.

Әңгіме барысында өнер иесі қойылым қоюдағы қызық-шыжығына тағы тоқталды.

Оның айтуынша, алғашқы қойылым кезінде Алматыдан арнайы сахна қозғалысы мен сахна сайысының маманын шақыртып, тренинг өткізіп, жаттығу жасатып, біраз дүние үйреткен екен.  Әлі де сондай мамандарды ертіп барып, оқыту, үйрету жұмысын тоқтатпай жүргізілмек.

  «Жасырын емес, аудан өнерпазының көбі ән айтумен ғана шектеліп, театр қағидасын білмейді», – деп сөздің ашығын айтты.

Дайындық кезінде актерлерге үйрету де біраз уақыт алса керек.  Абырой болғанда, екі театрда да Т.Жүргенов академиясының ауылға барып, жұмыс істеп жатқан түлектері бар екен, сол біраз демеу болған екен.

  «Генерал болуды армандамайтын солдат жоқ» дегендей, екі театрдың бірі кәсіби театр деңгейіне көтерілсе жаман ба? Жетісай мен Түркістанда (аудан болып тұрған кезінде), аудан орталықтарында кәсіби драма театрлары бұрыннан бар ғой елдің тарихында. Үлкен меже сол болса, оны құптайтын жұрт болса, қол жеткізу қиын емес, құрады ғой бастысы дейді А.Наймантаев.

Алғашқы қойылым облыс орталығында қойылды. Неге?

 Талдықорғанда алғашқы қойылым қойылу себебі облыстық мәдениет басқармасының талабы екен.

 «Халық театры» деген атақты қорғау үшін де, «Ашылдық» деп айту үшін де, көзбояу үшін емес, шынымен театр ашылғанын дәлелдеу үшін де облыс орталығында өнер көрсету керек. Себебі халық театрларына кейіннен штаттық бірлік беріп, қаржыландыратын облыстық әкімшілік. Театрға аудандық мәдениет бөлімі басшылық жасайды, солардың қарауында болады. Бұл жеке кәсіпорын емес екендігін алға тартуда Асқар мырза.

Режиссердің кәсіби шеберлігіне шүбә келтіріп жатқандар да бар екен. Онысын актер өз аузынан айтты.

«Сайқымазақ» Асқар Наймантаевты ғана танитындар «мына клоун не қатыра қояр дейсің?!» – деп отырды, әрине.

Менің мұндай қайраткерлік ісімнен көрермен жұрт бейхабар, әрине. Ал режиссерлық ісімді білмейтіндер көзі ашық, оқыған, мәдени ортада да жетеді.

Мойындағысы келмейтіндері бар. Өмір сонысымен қызық қой.

Осы күнге дейін «Терісқақпай», «Аққу-Гәкку» сахналарында актер деп ұққандар менің соларды ашқан адам екенімді, сатира жазған адам екенімді, режиссер ретінде бірнеше облыстық театрлар сахнасында спектакль қойғанымды, әйгілі «Қымызхананың»  біраз сериалдың, бір-екі киноның қоюшы-режиссері екенімді, бірнеше жылдан бері «актер шеберлігі мен режиссураның» ұстазы екенімді, үш кітап, біраз ғылыми мақаланың авторы екенімді білмейтіндер көп.

Біле білген адамға «комедия» деген ең қиын жанр. Оны меңгерген адамға басқа жанр, өзге тақырып түк емес!», – деп уәжін де жеткізді.

Сыбағам да, сыйым да осы

Біздің «ендігіде қос театрдағы режиссерлік қызметіңіз жалғасын таба ма» – деген сауалымызға былай деп үн қатты.

«Менің ары қарай «Хантәңірі» мен «Қарадала» театрларымен жұмыс істеуім дәл қазіргідей болар-болмасын уақыт көрсетер. Алматыда өзімнің де қыруар тірлігім бар. Арасында түсіп жатқан кино, сериалдарым бар, уақыт таптым ғой.

Қай-қайсысы да іштен шыққан баладай болып тұр мен үшін. Бастап беріп тастағым келіп тұрған жоқ. Бірақ, бір қойылым қою үшін кемінде бір ай уақыт кетеді. Қайта-қайта біреудің үйінде жата беру де ыңғайсыз. Қазақ туған құдасын да ары кетсе үш-ақ күн күтеді ғой. Қонақүйде жату деген қалтаға салмақ… Амалдармын бірдеме етіп.

Екі театрды ашқанда да «Мен ашсам сен мынаны бересің» – деген талабым болған жоқ, келісімшарт та жасалған жоқ ешкіммен. Қол алысып, кірісіп кеткен іс болды бұл. Нарынқолға да, Шонжыға да әлемге жар салып қойған соң, бастаған істі аяғына жеткізейін деген намысты қамшылап, тегін шапқыладым.

Бұл қылығымды нарыққа үйрене бастаған ағайын түсінбес те, сенбес те. Дегенмен шыным осы. Бұл театрларды «Ашылды!» – деп облыс басшылары қабылдаған кезде менің табан ақы, маңдай терім ақталғандай күй кештім. Сыбағам да, сыйым да осы болды. Соны қанағат тұттым» дейді өнер майталманы. Мұнысы өзі көшін сүйреген өнерге деген адалдығы, әрі-беріден кейін елінің алдында көрсеткен азаматтығы деп бағалаған жөн.

Сөз соңында

Маңдай тер ақталды деген осы шығар. «Хантәңірі» мен «Қарадала»  театрының әсері күшті болып, Алматы облыстық мәдениет басқармасы осы жылдың соңына дейін барлық аудандарда «Халық театрлары» ашылсын» – деген бұйрық шығарған-ды. Бұл қазір дүйім жұртты дүр сілкінткен дүбірлі жаңалық болып тұр.

Өз ісінің шебері, театр өмірдегі жайтты барын бардай көрсеткен көрерменін жалықтырып алады деген ойда. Оған «Театр – өмір айнасы емес, үлкейтіп көрсететін шыны» деген марқұм В.Маяковский. Мен соған қосыламын. «Өмірдегідей»  деген баға аздық етеді, өмірдегі жақсыны дәріптей түсіп, жаманды әшкерелей түсіп, елге ой салмасаң дәл өмірдің айнасы бола берсе жалықтырып жібереді», – деген сөзі дәлел.

«Театр – ұлт руханиятының жаршысы» ғана болмау керек, «жалшысы» да болғаны жөн.  Театр –  Ұлттық өнер өркендеуіне, мәдениетті орта қалыптасуына ықпал етіп, тер төккені абзал деп ойын түйіндеді Асқар мырза.

Рас-ау, қай мәдениет ошағын алсаңыз да олар ұлтқа қызмет етуі тиіс. Мақсаты айқын, мүддесі бір қос театр ендігіде қазақ үшін талай істің томағасын сыпырары анық.

Біздікі өнердің желкені енді құламасын, халық саф өнерсіз қалмасын деген ниет қана.

Анар САБЫРОВААлматы облысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here