Талдықорған қаласында «Видергебурт» талдықорғандық немістер қоғамы ұйымдастыруымен дәстүрлі «Oktoberfest» неміс егін жинау мерекесі өтті.

«Oktoberfest» – Гиннесс рекордтар кітабына әлемдегі ең үлкен мереке ретінде енгізілген. Бұл мерекені алғашқы рет 1810 жылдың қазан айында тойлағаны белгілі. Екі жүз жылдық тарихы бар фестивальде әртүрлі конкурстар, викториналар ұйымдастырылып, жұмбақтар қойылды. Іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасып, «Oktoberfest» мерекесіне орай өткізілген конкурс жеңімпаздары мен қатысушылары марапатталды.

«Oktoberfest»  немістердің дәстүрлі мерекелерінің бірі. Қазақстандық немістер бұл күні егін науқанының аяқталғанын атап өтіп, диқаншылар үшін мереке ұйымдастырады. Ал әлемде бұл күнді сыра мерекесі деп атайды. Және ол жыл сайын дәстүрлі түрде Баварияның астанасы Мюнхенде аталып өтеді. Аталмыш күні Мюнхенге әлемнің түкпір-түкпірінен сыра күнін атап өтуге туристер ағылып жатады. Алайда осы жылы коронавирус пандемиясына байланысты карантиннің жариялануымен сыра мерекесі кең көлемде өткізілмеді.

«Oktoberfest» мейрамының шығу тарихы да қызықты. Бұл Бавар тағының мұрагері кронханзада І Людвиг пен ханшайым Тереза Саксонскаяның неке қиюынан басталған. 1810 жылдың 12 қазаны күні хан әулетінің тойы жалпыхалықтық мерекеге ұласады. Бұл тойға күллі қала тұрғындары шақырылған болатын. Олар қала сыртындағы алаңқайға шығады. Бұл көгалды алаңқайды кейін ханшайымның құрметіне Тереза алаңқайы деп атап кеткен. Тойда мюнхендіктер үшін тегін сыра таратылып, ат бәйгесі ұйымдастырылады.

Бұл мейрамның хан әулетінің ойынан шыққаны соншалық, Людвиг Октоберферст мейрамын жыл сайын осылай атап өту туралы бұйрық шығарады. Жылдар өткенімен, ежелгі дәстүр сол күйінде сақталып, оған тек әр жылдары түрлі жаңашылдықтар енгізіліп отырды.

1811 жылы бұл мерекеге фермерлер де қосылды. Олар бұл күнді өздерінің шаруа қожалықтарындағы жетістіктерін көрсету мерекесіне айналдырды. Ал 1818 жылдан бастап мереке алаңында әткеншек, карусель секілді түрлі ойын-сауық құралдары орнатылатын болды. Осы жылы алғашқы сыра дүңгіршектері қойыла басталды.

Сыра мерекесіне ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің қосылуының да өзіндік себептері бар. Бұл Баварияның ауыл шаруашылығын ғана емес, экономиканы көтеру мақсатында жасалған қадам болатын. Мерекенің алғашқы жылдарында ұйымдастырылған ат бәйгесі бүгінде өткізілмейді. Ол соңғы рет 1960 жылы өткізілген болатын. Ал ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі керісінше, тұрақты ұйымдастырылуда. 1813 жылы Наполеонның соғыс ашуына байланысты мереке өткізілмеген. 1819 жылдан бастап мерекені тойлау мен өткізу тізгіні Мюнхеннің қалалық кеңесіне беріледі. 1850 жылы Тереза алаңқайында Бавария ескерткіші орнатылды. Бұл ескерткіш Йохан Баптист Штигльмайер мен оның жиені Фердинанд фон Миллердің қолынан шыққан.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here