Алдағы уақытта отандық прокатқа адам мен бүркіттің достығы туралы баяндайтын толықметрлі анимациялық фильм шығады.
Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Қызықты оқиғаға толық аталған фильмнің режиссерлері Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы.
Фильмге адам баласының бүркітті қолға үйретуі арқау болған. Оқиға желісі бойынша адам мен құс бір-біріне сенім білдіре отырып, бауыр басады. Сонымен қатар, фильмде қазақтың саятшылық дәстүрі де суреттеледі.
– Қазақтар бес жасар бүркітті Мұзбалақ деп атайды. Бұл фильммен авторлар бүркіттер және олармен аңға шығу салтын көрсетуді көздеген. Фильм қазақ тілінде жасалып, орыс тіліне дубляждалды. Кинотеатрларға фильм екі тілде шығады, – деді «Қазақфильмнің» баспасөз қызметінің жетекшісі Айнұр Исаева.
Екі жыл көлемінде жасалған бұл фильмде 40-қа жуық кинематографияның осы жанрында еңбек етіп жүрген отандық мамандарының басын қосқан. Ұзақтығы 65 минут құрайтын мультфильм 2D және 3D форматында түсіріліп, секундында 24-25 кадр сурет салынған. Кейіпкерлерді дыбыстауға Ержан Жарылқасынұлы, Жанат Тыныбаев, Самат Қордабай, Төлебаев Ерғали Дүйсенұлы, Алма Әділқызы есімді танымал театр және кино актерлері тартылған.
Айнұр ЖҰМАҚАН