Сарайшық қаласы туристік нысан қатарына қашан кіреді?

0
2168

 «Қала мен Дала» тілшісі «Сарайшық Ұлы дала мұрағаты» дөңгелек үстеліне қатысты.

Нұр-Сұлтанда «Сарайшық Ұлы даланың мұрағаты: мемлекеттік һәм тарихи сабақтастық» атты дөңгелек үстел өтті. Жиында ой-пікірлерін ортаға салған танымал ғалымдар мен тарихшылардың пікірін қағазға түсіріп, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Сарапшылар Сарайшыққа қатысты мына мәселелерді ортаға салды:

  1. Сарайшық туристік нысандар қатарына қашан кіреді?
  2. Сарайшықты су шайып кетпеу үшін қандай шаралар жүргізілді?
  3. Елімізде көне тарихты талдай алатын мықты археологтарға тапшылық бар ма?
  4. Осы қалада орда тіккен Қасым ханның атында неге әлі күнге дейін бірде-бір елді мекен, оқу орны немесе көше аты жоқ?
  5. Сарайшықта ислам діні қаншалықты қанат жайған?

Зейнолла САМАШЕВ, археолог:«Сарайшықтың насихаты кемшін болып тұр…»

Жалпы, Сарайшық қалашығы туралы айтқанда оны әйгілі Жошы ұлысынан жеке-дара қарастыру қателік. Бүгінгі ұрпаққа қазақ осындай кезеңді бастан өткерген, осындай мәдениеті болған деген идеяны сіңіру үшін Сарайшықты Жошы ұлысындағы сол бір алмағайып кезеңмен байланыстыра түсіндіруіміз қажет.

Сарайшық қаласынан бастап өр Алтайға дейін аралықта дүйім дүние білетін Алтын Орда мемлекетінің ізі жатыр. 

Мен Сарайшық қаласын 20 жыл бойына зерттеп келемін. Сол тұстағы түйткілді мәселе – Сарайшықты су шайып кетуден қорғау еді. Сәл кешіксек қаланың мәдени қабаттарын су басар еді. Мәселені дер кезінде көтеріп, Сарайшықты сақтап қалдық.

Ол тұста Атырау өңірін басқарған Нұрлан Ноғаев осы мақсатқа 2 млрд теңгеге тарта қаржы бөлдіріп, қаланы су шаю қаупінен сақтап қалды.

Әйгілі Жошы ұлысы мен Сарайшық қаласы қазақ мемлекетінің қайнар көзі. Осыны бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру қажет. Ол үшін Сарайшыққа қатысты қызықты әрі құнды мәліметтерді молырақ жазып, насихаттаған жөн.

Бейбіт МАМЫРАЕВ, Мәжіліс депутаты: «Туристік әлеуеті бар нысандардың арасында Сарайшық неге жоқ?»

«Сөзіңіздің жаны бар. Сарайшықты елге, әлемге таныту үшін алдымен сол саланы жетік білетін маман тәрбиелеу керек. Археологиялық таным-түсінігі терең кадрлар әзірлеу үшін ЖОО-ларға талап қою шарт.

Осы салаға қызығып, оқуға түсетін жастардың басым көпшілігінде археологиялық практика тым-тым аз. Қысқа мерзімді археологиялық іс-сапарлар жастардың көне тарихымызға қатысты таным-түсінігін тереңдете алмайды.

Әрбірден соң мәдени мұрамызды сақтау мәселесі мен оны насихаттау мәселесі бір-бірімен тығыз байланысты. Бүгінгі шарада біраз көшелі дүниелер айтылары анық. Оның бәрі осы арада қалмай, қағазға түсіп, кейін іске асуы керек.

Мәселен, неліктен Алтын Орда тарихына қатысты конкурс жарияламасқа? Ақша? Ақша жоқ емес. Соңғы жылдары жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмысына 3 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Осы соманың аздаған бөлігін аталған конкурсқа бағыттауға не кедергі?

 Екінші мәселе, былтырғы жылдың аяғында Мәдениет және спорт министрлігі тарихи-мәдени мұраны сақтау туралы заң қабылдады. Ендігі жерде осы заңға сүйеніп, тарихи-мәдени экспедиция ұйымдастыруды жиілету керек.

Экспедиция дегеніміз – туризмнің бір тармағы. Былтыр біздің елде туристік әлеуеті бар 10 нысан анықталған. Осылардың арасында Сарайшық жоқ. Неге? Қаланы туристік нысандар қатарына кіргізуге осы жиында отырған барлығымыз мүдделі болуымыз керек.

Ханкелді ӘБЖАНОВ, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор: «Біз бастаған жұмыс аяқсыз қала ма деп алаңдаймын»

Иә, археологияның жілігін шағып, майын ішкен маманға мұқтажбыз.

Әсіресе Сарайшыққа келгенде осы бір тарихы тереңде жатқан қаланы жаңаша көзқараспен зерттеп, зерделейтін археолог, көне қолжазбаны жазбай таныр шығыстанушы мамандар ауадай қажет. 

Сарайшық – біздің ата-бабамыз құрған ұлы мемлекет империя деңгейіне көтерілген кезеңде дүниеге келген қала. Ұлы тарихтың бір пұшпағы. Алаштың империялық ру­хымызды «тіріл­тетін» – се­ман­тикамыз. Бізді ерте дәуірдегі бабаларымыз көне түркі империясының, Сарайшық, Алтын Орданың империя биігіне көтерілген кезеңінде өмір кешіп, кереметтей руханиятқа, бекзаттыққа, дегдарлыққа ие болды.

Сарайшық қаласы сол бір салтанаты жарасқан империялық дәуреннің тамаша көрінісі. Сол үшін де біз оны ұлықтай білгеніміз қажет.

Бір әттең-айы, осынау құнды жәдігерді, Ұлы даламыздың мәдени жауһарындай болған асыл мұраны бағамдап, зерттейтін мамандарға мұқтажбыз. Уақыт оздырмай осы олқылықтың орнын толтырып,  Сарайшыққа барып, осы араны зерттейтін археолог, шығыстанушы, қолжазба танушы мамандар әзірлеуіміз керек.

Мына біздер бастаған іс аяқсыз қала ма деп алаңдаймын. Көне тарихқа қызығатын жастарға білім беріп, оқытып-тоқытсақ, 4-5 жылдан кейін олар біз бастаған жұмысты іліп әкетер еді.

Мұқамбетқали КИПИЕВ, Атыраудағы «Тарихи және мәдени мұраны зерттеу» орталығының басшысы: «Сарайшықты су шайған жоқ. Мәскеу құжатын негізге алу керек»

«Кадр-маман мәселесін дер кезінде көтеріп отырсыздар. Меніңше, бұл істі Сарайшықты географиялық орналасуын ескеріп, Атыраудағы Х.Досмұхамедов атын­дағы мемлекеттік уни­­верситеті базасында қол­ға алған жөн.

Сарайшық бір кездері коммуникация жетілген, тоғыз жолдың торабында жатқан ірі орталық болған. Бұл жайында әйгілі Әбілғазы баһадүрдің «Сарайшыққа Бұқарадан келетін керуен көп еді», деп жаз­ғаны бар-тын.

Археологияға қызығатын бүгінгі буынға осындай мағыналы, мазмұнды мәліметтерді ұсына отырып, Сарайшық тарихына қызығушылығын туғыза аламыз.

Бұдан бөлек, сіздермен бөлісер сүйінші жаңалығым бар. Күні кеше орта  ғасырлардағы Сарайшық қала­шығының сонау 1741 жылы сызылған жоспарын таптық. Осынау құнды құжат Ресей мем­лекеттік әскери-тарихи архивінен табылды.

Біздің болжауымызша, бұл жоспар Сарай­шық қалашығының іргесінен бекініс салу үшін жасал­ған секілді. Неге десеңіз, сол тұстары Орынбор экспедициясын басқарған зерттеуші Татищев Жайықтың етегінде қамалдар салып, оған сарбаздар мен мұжықтарды тартпақ ойы болған. Жақында табылған жоспар осыған байланысты әзірленген болуы мүмкін.

Айтпағым, осы картаға қарап Сарайшыққа қатысты жаңаша талдаулар жасайтын мүмкіндігіміз бар. Мәселен, мен Сарайшықтың көп бөлігін су шайып кетті деген тұжырыммен келіспеймін.

Осынау картаны бүгінгі жағдаймен салыстырып, спутниктік түсірілім жасадық. Соған сай қалашықтың су шайып кетті-ау деген орындары әлі де сақталғанына, оның ішінде жұрт аңыз қып айтатын Секер көлінің орны да бар екеніне көз жеткіздік.

Осы картада сызылған екі киелі орын ғасырдан астам уақыт өтсе де жоғалмаған. Сондықтан да бұл жоспардың маңызы жоғары.

Юлай ШАМИЛОҒЛЫ, На­зарбаев Университеті түр­кі­­тану және  қазақ тілі ка­фе­драсының меңгерушісі, Вис­консин-Мадисон уни­вер­ситетінің профессоры: «Сарайшық ислам дінін мемлекеттік дәрежеге көтерді»

«Осы дөңгелек үстелге дайындаларда «Сарайшық» мем­­лекеттік тарихи-мәдени му­зей-қорық басшысы Әбіл­сейіт Мұқтардың осынау көне қалаға қатысты мақаласын бір сүзіп шықтым.

Мақалада Сарайшық қаласы ислам дінін әйгілі Жошы ұлысының мемлекеттің діні дәрежесіне көтерген рухани астанасы болғаны егжей-тегжейлі жазылыпты. Сарайшықта аты аңызға айналған Берке хан мен оның іні­сі Тоқай Темірдің 1263 жылдары ислам дінін қабылдағаны да баяндалған.

Иә, Сарайшықта ислам дінінің ықпалы күшті болды. Бұл мәселені одан әрі індете зерттеп, арабтың саяхатшысы Ибн Баттұтаның мына бір мәліметін таптым. Онда Сарайшық туралы «осы қалада түгел түркіден шыққан, түгел түркі құрмет тұтатын діндар, Тауқа Ата тұрады» деп жазылған екен.

Меніңше, Баттұтаның айтып отырған адамы Ясауи ағымының көрнекті өкілі Сайт Ата болуы әбден мүмкін.

Сонымен қатар Италия (Флоренция) саудагері Федерико Пегалитидің жазбасында:  «Біз Сарайшық қаласынан Үрге­нішке дейін түйелі керуенмен  30 күн бойы жүрдік» деп айтылған екен.

Сарайшық қаласы туралы Ибн Баттұта былай дейді: «Біздер Са­рай қаласынан ат-арбамен шығып 12 күн бойы жүріп, Сарай-жүк­кеге жеттік. Бұл қала арыны қатты өзеннің етегінде орналасқан, гүлденген қала екен. Біз білетін Бағдаттан соңғы екінші бір жүзбелі кө­пір осын­да екен».  Мінекей, осындай қызықты мәліметтер таптым».

«Қала мен Дала» анықтамасы:

Сарайшық қаласы – Қазақ хандығының ең алғашқы астанасы болған. 1513 жылы осы араға орда тіккен Қасым хан Сарайшық қаласын хандықтың астанасы деп бекітті.

Сарайшық Жайықтың жағасында, Атырау қаласынан 45-50 шақырым қашықтықта орналасқан.

Сарайшық қаласы жайында ең алғашқы жазба дерек қалдырған – арабтың аты аңызға айналған географ ғалымы әрі саяхатшысы Ибн-Баттұта.

..

1999 жылы өткен дәуірдің символы әрі бабалар мұрасына тағзым ретінде көне қала орнында «Хан ордалы Сарайшық» атты мемориалды кешені бой көтерді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here