Бүгінде Алматы облысына көптеген ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Солардың арасында Кеңес заманында қазақ жеріне Қиыр Шығыстан жер аударылған корейлер де бар. Солардың ұрпағы Виктор Пак ата-анасы өздерінің аман қалғаны үшін қазақ халқына ұдайы алғыс айтады. Осы ретте қазақтың мейір-шапағатын бір кісідей көрген абзал азаматты әңгімеге тартып, пікірлесудің сәті түсті. Енді соған назар аударсаңыздар.

– Виктор мырза, Жетісу жеріне корей ұлтының өкілдері сталиндік қуғын-сүргін жылдары күштеп қоныс аударылғанын білеміз. Міне, содан бері жүз жылға таяу уақыт өтті. Қалың қазақ арасына кәріс ұлтының өкілдері сіңісіп кетті ме?

– Әрине, қазақ халқының меймандос, бауырмалдығының арқасында Жетісу жеріне жетіп жығылған кәрістердің бәрі қатарға қосылып кетті. Мұның бәрі жергілікті қазақ халқының қамқорлығынан. Әке-шешем қазақтардың өздерін қалай құшақ жая қарсы алғанын ұдайы айтып отыртын. Жалпы, Қазақстанды мекен ететін кәрістердің кез келгенінен сұрасаңыз, қазақтардың меймандостығы мен бауырмалдығы жайында таңды-таңға ұрып әңгіме айтып беретініне сенімдімін.

Кәрі тарихқа назар аударатын болсақ 1937-1938 жылы корей ұлтының мыңдаған өкілі Алматы облысы, Қаратал ауданының Бастөбе ауылының маңына жер аударылғанын білуге болады.

Күздің суығында аш-жалаңаш, тіл түсінбейтін ұлтты қазақ бауырына басты. Өздері де қиын қыстау заманды басынан кешіріп жатқан жергілікті тұрғындар корейлерді келімсек деп өзекке тепкен жоқ. Бір үзім нанын бөліп, бауырына басты. Үйінің бір бөлмесін босатып берген. Бастөбе тауының етегіне баспана салып беріп, аман қалуына себепші болды.

Осындай қиын сәттерде өмірдің теперішін көрген диаспора өкілдеріне жергілікті қазақ халқы қол ұшын созды. Қолда барын бөлісіп жеп, қайыршылық жағдайындағы халықтың тұрмыс жағдайын түзеуге жәрдемдесті. Тек кәріс халқы емес, татарлар, ингуштер, орыстар, немістер, тағы басқа ұлттар жергілікті ұлттың үлкен қолдауын сезінді. Бұл тағдырдан теперіш көрген ұлыстарға өзекке теппеген Қазақ елінің дарқандығын көрсетеді.

Жалпы, Қазақ елінде әр этнос өкілінің өмірлік өз тарихы бар. Осыдан біршама жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Үкіметіміз 1-наурызды «Алғыс айту күні» жариялады. Сол кезде бұл бастаманы өз басым қуана қабылдадым. Иә, әркім алғыс айтуды әртүрлі түсінеді ғой. Бірақ Қазақ жерін мекендегін өзге ұлт өкілдері дәл осы күнді қазақ халқына алғыс айту күні деп есептеді десем қателеспес едім. Бүгінде елімізде 137 ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Бұл бағытта облыс деңгейінде жиырма ұлттың мәдени орталықтары жұмыс істеп жатқанын білемін.

Тәуелсіздік жылдары елімізде этносаралық түсіністіктің шынайы моделі қалыптасты. Мұны өз басым Қазақстан халқының ерік-жігерінің арқасында жүзеге асты деп есептеймін.

– Қазіргі таңда Қаратал өңірінде қанша кәріс ағайын бар?

Бүгінгі таңда Қаратал ауданындағы кәрістердің саны 4 мыңға жетсе, Алматы облысы бойынша 16 мыңнан асады. Ұрпағын өсіріп, тілі мен ділін сақтап, еңбек етіп, ел қатарына қосылған этностың қазақ халқына деген алғысы шексіз. Ескелді ауылында 40 жылға жуық малдәрігері болып еңбек еттім. Біздер осы ауылға әбден сіңісіп кеттік. Басқа жаққа көшу ойымызда жоқ.

– Көз ашқалы қалың қазақтың арасында тұрып келе жатыр екенсіз. Қазақтың қандай қасиеті сіздің жүрегіңізден орын алды?

– Қазақ халқының уәдеге беріктігі, достыққа адалдығы бізге үлгі десем болады. Текті халықтың ұрпағы уәдені Құдай сөзі деп қабылдайды. Кез келген уақытта сөз берсе міндетті түрде орындайтыны маған қатты ұнады.

Міне, жоғарыда айтқандай, жетімдерді жылатпауды, оларға барынша қамқор болуды асқан жауапкершілігі санаған халыққа шексіз қарыздармыз.

Бүгінде бұл мекен – біздің Отанымыз, менің елім. Ата-анам «Қазақ халқын құрметтеп қана қоймай, олардан үлгі алыңдар. Өйткені олар қарапайым, тәрбиелі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін қонақжай ұлт» деп үйретті.

Біз өз кезегімізде осы құндылықты балаларымыздың бойына сіңірудеміз. Тіпті біздің кейбір наным-сенімдеріміз, ырымдарымыз қазақтыкіне өте ұқсас. Салт-дәстүрді де дәл солай ұстанып жататын кезіміз болады. Бұл арқылы біз достығымызды, татулығымызды, бірлігімізді нығайта аламыз. Біз өзге этнос өкілдері қазаққа мәңгі қарыздармыз деп есептемін.

– Қаратал ауданындағы кәріс ағайындар Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы байланысты нығайтып, екі елдің арасындағы саяси-экономикалық байланысқа арағайын болып жүргенін естідік. Сол жайында аз-кем әңгімелеп берсеңіз?

–  Иә, Қазақстандағы кәрістер екі елдің арасындағы байланысты дамытуға мүдделі. Айталық, 2016 жылы Оңтүстік Кореяның Канвондо провинциясындағы Чонсон уезі мен Қаратал ауданы достық пен ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойған болатын. Ол жақтағы ағайындар мектептерге корей тілін зерттейтін кабинеттеріне құрал-жабдықтар әкеп берді.

Ал 2017 жылдың 22 наурызына «Наурыз мейрамын» тамашалауға Чонсон уезінен делегация келді. Сол кездесу барысында Корей халқы депортациясының 80 жылдығын атап өту келісілген болатын.

Сонымен қатар Корей халқы депортациясының 80 жылдығын атап өту мақсатында Оңтүстік Корея мемлекетінің 80 адамнан жасақталған делегациясы Владивостоктан поезбен шығып, 2017 жылы 1-тамызы күні Үштөбе қаласына келіп, осы жерде үлкен шара өткізді. Осылайша, екі жақты байланысты нығайтуға күш салып келеміз.

– Виктор мырза, Жетісу жерінен еліміздің дамуына өзіндік үлес қосқан кәріс азаматтары шыққанын естіміз. Сондай аяулы азаматтардың есімін атай кетсеңіз?

– Қаратал ауданындағы корей этномәдени бірлестігінің негізін қалаушылардың басында Юн Сергей Григорьевичтің есімін ерекше атауға болады. Корей этносы өкілдерінің арасында мемлекеттік және өзге басқару жүйелерінде жұмыс жасайтын адамдар аз емес. Мәселен, Ким Эдуард Афанасьевич – Бастөбе ауылдық округінің әкімі болды, Цой Тамара Анатольевна – аудандық мәслихат депутаты, Пак Ульяна Харитоновна – Ескелді ауылдық округі әкімдігі аппаратының бас маманы, Когай Роза Петровна – Жолбарыс батыр ауылдық округі әкімдігі аппаратынң бас маманы.

Ал кәсіпкерлікпен айналысып, өз бизнесін дөңгелетіп отырған «ЛАД» сауда желісінің қожайыны Ли Агафья Дюнхаковна мен аудан, облыс көлемінде зор сұранысқа ие болып жүрген күріштің түрлі сорттарын өсіретін «Опытное» ЖШС жетекшісі Ли Петр Дмитриевич бүгінде күллі қараталдықтардың мақтанышына айналған.

Сол сияқты білім саласында жұмыс жасайтын 900-дей мұғалімнің 59-ын, медицина саласында қызмет ететін 350 қызметкердің 12-сі корейлер. Бұдан бөлек ел тарихында қалған Қаратал ауданынан шыққан 30 Социалистік Еңбек Ерінің 26-сын корей диаспорасының өкілдері құрағанын да осы арада айта кеткен артық болмас.

– Бастөбе ауылындағы қауымдастығы «Қазақ халқына мың алғыс» мемориалды кешенін Жетісу жерінде тұратын кәріс ұлтының өкілдері тұрғызғанын білеміз. Осылайша, еліміздегі этностар арасында кәрістер қазақ халқына деген өз ықыластарын білдірді. Мемориалды кешенді ұлтаралық татулықты сақтауда қаншалықты маңызға ие деп ойлайсыз?

– 2012 жылы бұл жерге корейлер қауымдастығы «Қазақ халқына мың алғыс» мемориалды кешенін орнатты. Бұл жастарға ой салып, жалпы халыққа өткеннен сабақ алуға үндейтін ескерткіш болды десем артық айтқандық болмас еді. Бүгінде мемориалды кешенді көрген шетелдік меймандар қазақ халқының меймандостығына риза болып, қатты таңырқап жатады. Өз басым бұл қазақтың бауырмалдығын паш ететін ескерткіш болды деп есептеймін. Өз басым еліміздің өзге де аймақтарында осындай ескерткіштердің ашылғанын қалаймын.

Мұндай тәрбиелік маңызы зор ескерткіштер қазақ жерін мекендейтін этнос өкілдерінің қазақ халқына деген құрметін арттыра түседі. Сонау қуғын-сүргін жылдары қазақ халқының бауырмалдығына куә болған адамдар қазір жоқ. Тек солардың көзін көрген біздер бармыз. Біздер де біраз жасқа келдік. Ата-анамыздан естіген әңгімелерімізді жастарға ұдайы айтып отырамыз.

Алдағы уақытта үлкендердің айтқан әңгімесі осындай ескерткіштермен расталып, жастардың бойындағы патриоттық сезімін ұштай түсуі керек деп есептеймін.

Иә, қазақтың бауырмалдығының арқасында осы күнге жетіп отырған өзге ұлт өкілдері бұл бағытта ескерткіш, маңызды тарихи кітаптар жазып жатқанын білемін. Мұндай дүниелер ешқашан аздық етпейді. Қайта сол ескерткіштерді көріп, кітаптарды оқып, өткеннен сабақ аламыз. Ең бастысы, ет жақынымызға айналып кеткен қазақ халқын жан-жақты тани түсуге кеңінен жол ашылатын болады. Сондықтан өз басым мұндай дүниелердің көбейгенін қалаймын.

– Әңгімеңізге рақмет. Сізге зор денсаулық тілейміз!

Сұхбаттасқан Нұрлан ӘУБӘКІР.  

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here