Танымал қазақ режиссері Әлішер Сүлейменов радикалды діни ағымдармен күресу туралы өз ойымен бөлісті.

Оның айтуынша, қазақты теріс діни ағымдардың ықпалынан құтқаратын жалғыз қуатты күш ол – ол біздің ата дәстүріміз.

“Жүздеген жылдар бойы қазақ халқының қанына, ұғымына, санасына сіңген дәстүр-жоралғыларымыздың күш-қайнары – ол, бауырдың ағаға, ағаның ініге деген ілтипаты, ата-ананың балаға деген мейірімі, ер-азаматтарымыздың әйел затына деген көзқарасы, қазақ атауымен төркіндесіп жатқан сабырлық, мейірімділік, ұстамдылық, ынсап, қанағат деген имандылықтың түп қазығы саналатын ұғымдарда жатыр.

Салт-дәстүріміздің көздің қарашығындай сақтап, қадір тұтса, бұдан қаланған қамалды ешқандай радикалды діни ағым бұза алмайды», – дейді режиссер.

Әлішер Сүлейменов елімізде діни ағарту жұмыстарын қарқынды жүргізу керек деп есептейді. Бұл халқымыздың дінді терең тануына бағдар болатын іс.

«Ислам діні қазақ жеріне қалай, қашан, қай уақытта келді? Ол қандай дін? Аға буын да, орта буын да, өскелең ұрпақ та діннің тарихымен сусындауы қажет-ақ. Діни ағарту пәндерін мектеп қабырғасынан бастап миға құйған артық етпейді. Сонда ғана қазіргі жас аудитория дінді дұрыс қабылдап, оны жете түсінуге тырысады», – дейді ол.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here