Анығында, жалған террористер нақ террористерден кем түспейтін қылмысқа барады.

Белгілі бір мекемеде жойқын жарылыс болары, мекеменің бүйіріне бомбы қойылғаны туралы жалған хабарлама тарату бейбіт тұрғындардың мазасын қашырып, қоғамдық тәртіптің астаң-кестеңін шығарады.

Сөй деген Ішкі істер министрлігіне қарасты Лаңкестікке және экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары Дархан Разуев елімізде мұның жолын кесу мақсатында атқарылып жатқан шараларға тоқталды. 

«Жалған лаңкестер жұрттың жүйкесін жұқартып қана қоймай, ел экономикасына салмақ салып отыр. Мұндай қылмысқа жеңіл-желпі баға беруге болмайды. Әсіресе террорлық акті туралы хабарлаған қоңырауға сергек қарау керек.

Алайда қоғамда жалған ақпарат таратып, елді дүрліктіріп үйренген псевдолаңкестер бар. Полиция бөлімшесіне мұндай мәлімет түскен кезде жүздеген, мыңдаған адам бойын үрей мен қорқыныш билейді. Кеңседегі қалыпты тіршіліктің арнасы бұзылып, меморгандардың, түрлі компаниялар мен қызмет көрсету мекемелерінің жұмысына үлкен кедергі келтіреді», – дейді ол.

Оның пікірінше, мұндай қоңырау түскенде күштік құрылымдар шынайы лаңкестік шабуылдың орын алуы мүмкін екендігін ескеріп, тиісті әрекет етеді. Атап айтқанда, олар белгілі бір аймақтағы немесе мекеме ішіндегі азаматтарды қауіпсіз жерге көшіруге мәжбүр болады. Себебі ақпараттың анық-қанығын лезде анықтау мүмкін емес. Сондықтан да полицейлер, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар келіп түскен хабарлама бойынша оқиға орнына міндетті түрде баруға тиіс.

Ары қарай жұмыс тиісті ереже бойынша жүргізіледі. Тұрғындар дереу сыртқа шығарылады, мекеме ғимараты түгелдей, мұқият тексеріледі. Жарылғыш затты іздеу жұмыстары бірнеше сағатқа дейін созылады, ол табылмаған жағдайда мұндайды болдырмау мақсатында кезек күттірмес шұғыл шаралар қабылданады.

«Мұндай хабарламаны естіген тұрғындар қатты үрейленіп, даурығуы мүмкін. Мұндай кезде адамдар бірін-бір итеріп, соның салдарынан жарақат алып жатады. Аласапыран шақта баласынан адасып қалған ата-аналарды да талай кездестірдік. Сондай кезде сәбилерге жол көрсетіп, мүгедек азаматтар  мен жүкті әйелдерге көмектесуге тырысу қажет», – дейді Разуев.

Абырой болғанда, күні бүгінге дейін бомбы қойылғаны туралы бірде-бір ақпарат расталмаған. Яғни бейбіт тұрғындар зардап шекпеген. Алайда жалған лаңкестің кесірінен ел экономикасы үлкен шығынға ұшырауда.

«ҰҚК, полиция қызметкерлері, өрт сөндірушілер, құтқарушылар және жедел жәрдем қызметі алтын уақытын босқа жұмсайды. Бұл қып-қызыл шығын. Қала дүр көтеріледі. Жол жабылады. Адамдар жұмысынан қалады.

Біздің есеп-қисабымызға сай жалған террористердің хабарламасы бойынша оқиға орнына тек бір шыққанның өзіне 250 мың теңгеден 300 теңгеге дейін қаржы жұмсалады екен. Бұл шағын мекемелерді есепке алғандағы жағдай.

Ірі компания немесе өндіріс орнының жұмысы жалған ақпараттың кесірінен біраз уақыт тоқтап қалса, мұның әрбір сағаты миллиондаған теңгеге айналады», – дейді агенттік өкілі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here