Еліміздегі жастар қоғамның басты қозғаушы күшіне айналды десек артық айтқандық болмас еді. Өткен Жастар жылында олардың қоғамдық-саяси өміріміздегі белсенділігі барынша арта түсті. Еліміздегі жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға біраз жайттар себепші болғаны белгілі. Соның бірі өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданып, бүгінде іске асып жатқан Президенттің кадрлық резервін айрықша атап айтуға болады.
Індет кезінде жастардың патриоттық сезімі арта түсті
Президенттің кадрлық резерві қабылданғалы бері жастарымыз өздерін жаңа қырынан танытып, қоғамды түлетуге барынша күш салуда. Тәуелсіз Қазақстан үшін жастар еліміздің басты стратегиялық ресурсы, қазақ қоғамын алға сүйрейтін локомотив десек, асыра айтқандық болмас еді. Қазіргі жастар инновация мен жаңа бағдарламаларға иек сүйеп, биік мұрат-мақсаттарды бағындыруға дағдыланған.
Соңғы жылдары еліміздегі жастар саясатын дамытуға мемлекетімізде айрықша көңіл бөліп отыр. Бүгінде мемлекеттің жастар саясатын дамытуға бөліп отырған қаржаты 40 есеге артып, оларды қолдауға бағытталған сан-түрлі жобалар қабылданып, іске асты.
2020 жыл «Еріктілер жылы» деп жарияланып, бұл іске де жастар белсене араласуда. Коронавирус инфекциясы қыспаққа алған сәтте жастарымыз, індетті еңсеруге бар күш-жігерін жұмсады. Індеттің кең таралып, елімізге қауіп төнгенде жастармыз қарап қалған жоқ.
Әлемде коронавирус инфекциясы ушыққанда көптеген елдер өздерінің шетелде білім алып жүрген студенттерін әкелуге күш салды. Мұндай істен Қазақстан да шет қалған жоқ.
Ерте көктемде коронавирустың ошағаны айналған Қытайда қазақстандық студенттерді елге әкелуге бірқатар ұшқыштардың жүрегі дауаламағанда Аслан Асхатұлы ғана тәуекел етті.
Бұдан басқа медициналық оқу орындарды білім алып жүрген талай жастарымыз өз еріктерімен емханаларға жұмысқа тұрып, вирус жұқтырғандардың өмірін сақтап қалуға араласқанда, қазақ жастарының бойындағы патриоттық сезімнің жоғары екеніне көзіміз жете түсті.
Мұндай ұлтжанды, отаншыл жастарды қолдап, олардың әлеуметтік лифті арқылы мансабын қалыптастыруға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айрықша мән беріп отыр.
Жастардың баспана мәселесі қалай шешілді
Қазіргі таңда Қазақстанда жасы 14-29 арасындағы жастардың жалпы саны 3,8 миллион адамды құрайды. Өткен жылы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8 пайызды құраған-ды. Бұдан елімізде екі қолға бір күрек таппай жүрген жастардың саны 84,7 мың адам екенін байқауға болады.
Бұла күші бойына сыймай жүрген жастардың күш-жігерін мемлекеттің дамуына жұмсаудың маңызы зор. Осы ретте Жастар жылында көптеген жастарымыз жұмыспен қамтылып, көптен күткен баспаналарына ие болды.
Жастар жылы жарияланғанда атқарушы билік жастардың жұмыспен қамту, баспана мәселесін шешу үшін арнайы бағдарлама қабылдамайтынын, бірақ аталған мәселелерді қабылданған өзге әлеуметтік бағдарламалардың шеңберінде шешетіндерін алға тартқаны есімізде. Айтқандай уәдесінде тұрды.
Статистикалық деректерге назар аударсақ, Жастар жылында 3 мыңнан астам жас баспанаға ие болған. Негізінен, жастардың басым бөлігі тіршілігі қара қазандай қайнаған негізгі үш қаладан үй алды. Тарқатып айтсақ, Нұр-Сұлтанда – 1050 пәтер, Алматыда – 1050 пәтер, Шымкентте 900 пәтер жастарға табысталды.
Бұдан басқа, тағы да 3 мың жастың баспана мәселесін шешу үшін Үкімет жалпы көлемі 13,5 млрд теңге болатын бюджеттік несиелерді ұсынып, жастардың баспана мәселесін шешкенін айрықша атап айтуға болады.
«Дипломмен ауылға!» бағдарламасы шеңберінде көлемі 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын (3 787 500 теңге) бюджеттік несиенің әлі күнге дейін жастар пайдаланып келеді. Осылайша, ауыл мен қаладағы жастардың баспаналы болуына Үкімет барынша жәрдемдесуде.
Білікті маман – ел ертеңі
Бұдан басқа, «Еңбек» бағдарламасының аясында 189,6 мың жас жұмыспен қамтылып, араларындарғы кейбіреулері шағын кәсіпкерлікпен айналысып, ел дамуына өз үлестерін қоса бастаған. Осы ретте «Еңбек» бағдарламасына қатысып, кәсібін дөңгелеткен жастардың үлесі 34,3 пайыз екенін айта кетуіміз керек.
Тоқырау жылдары мектеп бітірген біраз жастар екі қолына бір жұмыс таба алмай көше кезіп, жаман жолға түсіп кетуші еді. Бүгінде алға ұмтылған жастарды демеп, қолдайтын арнайы бағдарламалар жеткілікті. Солардың бірі һәм бірегейі Тегін кәсіптік-текхникалық мамандану жобасы.
Бүгінде 9-11 сыныпты бітірген жастар аталған жобаның шеңберінде қоғамдық өмірімізде үлкен сұранысқа ие мамандықты меңгеріп, үлкен өмірден өз орнын тауып кетуіне барлық жағдай жасалған. Жастар жылында 22 мың жас кәсіптік-техникалық мамандықты оқыса, 20,2 мың жас қысқа мерзімді оқуға қабылданып, аз ғана уақыттың ішінде жаңа мамандықты игеру мүмкіндігіне ие болған.
Кәсіпкер жастар көбеюде
Тағы да айта түссек, «Еңбек» бағдарламасы аясында «Жас кәсіпкер» және «Жас маман» жобасы қолға алынып, қолға алынған бұл шаралар 209 мыңнан астам жасты қамтып, кейіннен олардың 172 мың жұмысқа орналасқан.
Жастарды жұмыспен қамтуды көздейтін осы екі жоба үш жыл ішінде 1 миллион жасты мамандандырып, олардың жұмыспен қамтылуын көздейді. «Жас маман» жобасы жастарды индустрия мен қызмет көрсету саласындағы жоғары сұранысқа ие 100 мамандықты меңгеруіне мүмкіндік туғызуда. Бұл үшін Үкімет елімізде 200 кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерін заман талабына сай маман дайындауға дайындап, кәсіптік білім беру саласының көкжиегін кеңейте түсті. Осылайша, жастарды қолдау бағытындағы шаралар еліміздің білім беру саласының да жаңа сапаға көтерілуіне ықпал етуде.
Ал «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша үш жылда кәсіпкерлікке аңсары ауған 20 мың жасқа бизнестің қыры мен сырын үйретуге бағытталған. 2019 жылы 9,5 мың жас кәсіпкерлік машықты меңгеріп, өз ісін бастауы үшін мемлекеттің грантына ие болды. Бұдан басқа, 2,5 жас шағын несиеге қол жеткізіп, көкейде жүрген ойларын толықтай жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Мемлекет үш жылда шағын несиелерді 15 мың жасқа беруді көздеп отыр.
«Жастар жылы» «Жол картасындағы» 5 бастаманың 4-іншісі «Жасыл ел» бағдарламасын дамытуға бағытталған-ды. Елордада жүзеге асқан сәтті іс-тәжірибенің негізінде қала, аудан, ауылдарында «Жасыл қала – Жасыл ауыл» жобасы іске қосылды. Осылайша, «Жасыл елдің» жастары өңірлерді көгалдандырып, ауыл-аймақтың ажарын кіргізді.
Жалпы, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 18 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылған. 2017 жылдан бері бағдарламаның бюджеті өңірлік әкімдіктерге берілген. Әкімдіктердің жоспарына сәйкес, әр өңірдегі сарбаздардың санына сәйкес, құрылыс жасақтарына квоталар бөліп келеді. Квоталар саны белгілі болғаннан кейін тиісті компаниялармен келіссөздер жүргізіліп, сарбаздар сол компанияларда жұмыс істейді. Осылайша, «Жасыл ел» бағдарламасы да жастардың жұмыспен қамтылуына септігін тигізіп келеді.