Қазақстан Орталық Азия елдері арасында «жасыл экономиканы» дамытуға айрықша мән беріп отырған бірден-бір ел. Еліміздің бұл бағытқа айрықша көңіл бөлуінің өзіндік себептері де жетерлік. Қазақстанда «жасыл экономиканы» дамытудың мол ресурстық қоры бар, бұдан басқа осыдан біршама жыл бұрын өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің елімізде өтуі бұл бағыттағы жұмыстарға айрықша дем бергені анық. Осы халықаралық шара өткеннен кейін құрылған «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» елімізде «Жасыл технологиядағы дағдарыстан кейінгі инвестициялық мүмкіндіктер» деген тақырыпта онлайн конференция ұйымдастырып, төрткүл дүниені қыспаққа алған коронавирус инфекциясы кезінде «жасыл экономиканың» даму бағытына қатысты талқылау ұйымдастырды. Онлайн форматта өткен конференцияға отандық және шетелдік білікті мамандар қатысып, көкейде жүрген ойларын ортаға салды.

Экологиялық менеджмент табысқа жетелейді

Бүгінде кез келген елде экономиканы жоспарлау барысында экологиялық менеджмент пен табиғи ресурстарды басқару тиімді тәсілдері басшылыққа алынатыны белгілі. Егер осы екі бағытқа жеткілікті деңгейде көңіл бөлінсе кез келген елдің экономикасы заман талабына сай дамып, өсіп-өркендейтіні белгілі.

Бірақ бұл бағыттағы жұмыстардың қаншалықты маңызды екенін инвесторлар түсіне бермейді. «Жасыл экономиканы» дамыту, жолға қою ісі үлкен қажыр-қайратты қажетсінеді. Бұл ретте бұл салаға қаржы салатын инвесторлардың мүддесін қорғайтын заңнамалық база мен білікті мамандар шоғыры керек.

Бүгінде «жасыл экономиканы» заманауи технологиясыз өркендету мүмкін емес. Кез келген технологияны дамытуда ғылымның алатын орны ерекше. Бүгінде еліміздегі ғалымдар «жасыл экономиканы» өркендету жолында  түрлі жобалармен айналысып жатқанын бәріміз білеміз. Бірақ олардың бұл бағыттағы ғылыми жұмыстары жоба күйінде қалып отырғаны қынжылтады. Осы аталған мәселелерді реттеген кезде «жасыл экономиканың» бойына қан жүгіретіні белгілі.

Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасына көз салатын болса, жыл сайын аталмыш салаға бағытталуы тиіс инвестицияның көлемі шамамен 3-4 млрд долларды құрауы керек. Бұл еліміздің жалпы ішкі өнімінің 1 пайызын құрайды. Бұл дегеніңіз орасан зор қордың көзі болып табылады.

Заңнамалық-нормативтік база қашан қалыптасады?

Әлемдік іс-тәжірибеге назар аударатын болсақ, «жасыл экономика», негізінен, жеке сектордың инвестиция салуынан қарқынды дамып жатқанын байқауға болады. Ал бізде бұл бағыттағы жұмыстар ақсап тұрғаны жасырын емес.

Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығында өткен онлайн конференцияда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов оны дамыту үшін елімізде бірінші кезекте тиісті заңнамалық және нормативтік базаны қабылдауды қамтитын мемлекеттік қолдаудың ауадай қажет екенін алға тартты.

Өкілетті тұлғаның бұл сөзінен Қазақстан «жасыл экономиканы» дамытудың алғашқы кезеңінде жүргенін анық аңғардық. Десек те, елімізде бұл бағыттағы жұмыстарда алға жылжушылық бар екенін мойындауымыз керек.

Осыдан біршама уақыт бұрын қабылданған «Жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) туралы» заңның арқасында елімізде жасыл энергетика саласы біртіндеп болса да дамып келеді.

Оны мына бір статистикалық көрсеткіштен байқауға болады. Мәселен, 2019 жылдың соңындағы көрсеткіш бойынша Қазақстанда Жаңартылатын энергия көздерінен алған қуат көзінің көлемі 1030 МВт электр қуатын құраған. Осыдан бір жыл бұрын оның көлемі 531 МВт-ты құраған еді. Жедел қолға алынған шаралардың арқасында көрсеткіш екі есеге ұлғайған.

Егер осы қарқынмен алға қадам баса беретін болсақ, бір-ақ жылда көздеген мақсатымызға қол жеткізуге болады. Осы ретте елімізде ұзын саны 90-ға жететін жаңартылған энергия көзін өндіретін мекеме бар екені көңіл қуантатыны анық.

Онлайн кездесуде Ахметжан Пірімқұлов «жасыл экономика» мен технологияларды дамыту ісі ауыл шаруашылығы, көлік, құрылыс және басқа да салаларды қамтитынын алға тартты. Сала басшысының бұл сөзінен «жасыл экономика» біздің күнделікті өмірімізге дендеп енуі керек екенін түсінгендей болды. Өз кезегінде Ахметжан Пірімқұлов Қазақстанның Экологиялық кодексінің жаңа редакциясында аталған секторларды мемлекеттік қолдау тетіктері көп жағдайда қоса қаржыландыру, жеңілдікті кредиттер, кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және «жасыл» облигациялар бойынша купондық мөлшерлемені қолдану сияқты «жасыл» қаржыландырудың әртүрлі құралдарын қолдана отырып, «жасыл» жобаларға жан бітіруді көздеп отырғандарын алға тартты.

«Экологиялық кодекске» үміт артылуда 

Онлайн конференцияда вице-министрдің ой-пайымын мұқият тыңдаған Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Дәулет Әбілқайыровтың «Экологиялық кодекстің» жаңа редакциясын талқылаған кезде еліміздің кәсіпорындарына «жасыл экономика» мен технологияларды қолдануды ынталандыратын тетіктер ұсынудың маңыздылығын алға тартты.

Конференцияда Германияның Тұрақты және жасыл қаржыландыру кластерінің бас директоры Карстен Лёффлер «жасыл» трансформация туралы айта келе, мұндай жобаларды инвестициялауды қамтамасыз етудегі қаржы секторының маңызды рөлін атап өтті. Оның айтуынша, «жасыл экономика» мен технологияны қаржыландыру түсінікті және қолжетімді болуы үшін «Жасыл Таксономияны» әзірлеу қажет екенін тілге тиек етті. Ал Халықаралық энергетикалық агенттігінің атқарушы директорының орынбасары Дейв Турк агенттік дайындаған CoVid-19 кейін 2023 жылға дейін «жасыл экономиканы» тұрақты қалпына келтіру жоспары туралы аз-кем әңгімеледі. Ол әлем елдерінің «жасыл экономиканы» қалыпқа келтіру үшін жұмсалатын шығындар алдағы үш жылда 1 трлн долларды құрап, әлемдік жалпы ішкі өнімнің 0,7 пайызын құрайтынын тілге тиек етті. 

– Бір ғана парниктік газдарға қатысты өнеркәсіптік шығындар 2018 жылы 0,6%-ға төмендеді. Өнеркәсіптік өндірістің артуына қарамастан, олардың парниктік газдарды қысқартуға қатысты шығындары 2030 жылға қарай жылына 1,2%-ға төмендейді. Бұған өндіріс ошақтары энергия тиімділігін арттыру, отынның жаңартылатын түрлерін қолдану арқылы қол жеткізетінін алға тартты, – деді Дейв Турк. Білікті маманның сөзінен дүниежүзіндегі алпауыт компаниялар «жасыл экономиканы» дамыту арқылы жаңа бәсекелестік орта қалыптастырып жатқанын аңғаруға болады. Мұндай үрдістен біздің өндіріс орындары да шет қалмауы керек.

Бизнесті ынталандыратын тетіктер керек

«Жасыл экономикаға» инвестиция тарту мәселесіне арналған онлайн конференцияда Астана халықаралық қаржы орталығының Green Finance Intelligence директоры Айгүл Құсалиева бүгінде әлемдік тәжірибені байыптағанда «жасыл қаржыландыруды» өркендетудің басым бағыттарының бірі «жасыл» облигациялар шығару екенін атап өтті.

– «Экологиялық кодекске» өзгерістер мен толықтырулар енгізгенде «жасыл кредиттеу» және «жасыл облигациялар» сияқты жасыл қаржыландыру құралдарын пайдаланып, бизнесті ынталандыратын шараларды тайға таңба басқандай анық көрсетіп жазу керек. «Жасыл қаржыландыру» анықтамасы бойынша «жасыл кредиттердің» сыйақы ставкасын субсидиялау мен «жасыл облигациялар» бойынша купондық сыйақы ставкасын субсидиялаудың маңызы зор деп есептеймін, – деп қаржыгер маман өз ұсынысын айтты.

Бүгінде елімізде «жасыл» жобаларды қаржыландыруға халықаралық қаржы ұйымдары мен шетелдік инвесторлар қатыса алады. Экологиялықтың халықаралық өлшемдерін ескеріп, «жасыл қаржыландырудың» тиімді жүйесін құрған жағдайда Қазақстанның шетелдік «жасыл» қорларға жол ашып, «жасыл» инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді.

Онлайн конференцияда мамандар «жасыл» қаржыландырудың қазақстандық жүйесі барынша ашық, ал қаржы құралдарына қойылатын талаптар-шетелдік инвесторларға түсінікті болуы тиіс екенін бір ауыздан қолдады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here