Талдықорған қаласының Достық үйінде Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Алматы облысының Құрметті азаматы Леонид Юзефович Гиршты еске алу кеші өтті. Шара барысында «Эхо далекой войны» атты екі томдық кітабының тұсаукесері өтті. Айтулы кешті «Достық Үйі – Қоғамдық келісім орталығы» және «Қазақстан – Корея» достық қоғамы облыстық филиалы ұйымдастырды.

Достық үйінің фойесінде ақын және жазушы Л.Гирштың кітап көрмесі қойылып, деректі фильм көрсетілді. Іс-шараға қатысушылар ҰОС ардагерін бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Ол еліміздің қорғаныс қабілеті мен ұлттық қауіпсіздігін нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан, аты аңызға айналған майдангер болатын. Леонид Юзефович  17 жасынан бастап майданға өз еркімен сұранып барған. Оны тек үшінші рет сұранғанында ғана, жасы келгенде және немістер қалаға жақындаған кезде ғана қабылдады. Леонид Гирш Оңтүстік-Батыс майданның 31-дивизиясының 177-атқыштар полкінің жауынгерлері қатарында болды. Украинадағы шегіну кезінде, соғыстың ең басында Леонид Юзефович аяғынан жарақат алды. Новосибирск госпиталінде емделіп шыққаннан кейін ол тағы да майданға аттанды. Сталинградта ол автоматшылардың жеке ротасындағы взвод командирінің көмекшісі болып тағайындалды. Командир қайтыс болғаннан кейін, взводты басшылық етуді 19 жастағы жас жігіт Леонид өз қолына алды. Пимен-Черни ауылының маңында болған шайқас үшін ол өзінің алғашқы «Қызыл Жұлдыз» орденін алды.

Леонид Юзефович Гирш Сталинград пен Курск бұғазындағы шайқастарға қатысып, Украина, Польша, Чехословакияны азат етіп, Берлинге шабуыл жасап, Рейхстагта өз қолтаңбасын қалдырды.

Соғыстан кейін ол өз өмірін әскери қызметпен байланыстыруды ұйғарды және жарты ғасырға жуық уақыт бойы әскери қызметтің түрлі лауазымдарын  атқарды. Ең басты атқарған лауазымдары Алматы қаласы мен Алматы облысы Азаматтық қорғаныс штабының бастығы болды. Кеңес Одағының Батыры, полковник Сағадат Нұрмағамбетовтің шешімімен Алматы облысы Азаматтық қорғаныс штабы бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды.

Отставкада полковник өмірінің соңғы күндерге дейін өз тәжірибесімен Қазақстанның жастарымен және әскери қызметкерлерімен бөлісті. Ол экологиялық комиссияны басқарды, Қазақстан халқы Ассамблеясына сайланды, түрлі қоғамдық ұйымдарда белсенді жұмыс істеді, қала мен облыстың төтенше жағдайлар департаменті бастығының штаттан тыс кеңесшісі болды.

Достық үйінде өткен іс-шараға этномәдени бірлестіктердің, «Жаңғыру жолы» өңірлік штабының мүшелері, әскери бөлім мен БАҚ өкілдері қатысты.

Еске алу кеші барысында «Филия» Қазақстандық грек қоғамдары қауымдастығының» төрағасы Георгий Иорданиди, «Эхо далекой войны» екінші том жинағының құрастырушысы Людмила Мананникова, «Қазақстан – Корея» достық қоғамы облыстық филиалының төрағасы Клара Хан, этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлім басшысы Сәуле Сурабалдинова, «Жаңғыру жолы» өңірлік штабының төрайымы Руфина Усанова, «Нахичевань» әзірбайжан ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Фахреддин Магеррамов сөз сөйледі.

– Ел бірлігі біздің ең қасиетті қазынамыз. Осы асыл қазынамыздың қоғамдық өмірімізде салтанат құрып, мызғымастай орнығуына Леонид Юзефович сынды азаматтар көп еңбек сіңіргені белгілі. Алматы облысындағы татулықты сақтауда Леонид Юзефовичтің алатын орыны ерекше. Ол кісі өзінің әскери адамға тән қайтпас қайсар мінезімен киелі Жетісу жерінде жастардың патриоттық, отансүйгіштікке тәрбиелеген бірден-бір азамат деп нық сеніммен айта аламын. Абзал азамат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «бірлігін нығайта алған халық қана тәуелсіздікке қол жеткізеді және оны қорғай алады» деген сөзін ұдай жастарға айтып отырушы еді. Азат еліміздің іргесін нығайтып, еңсесін тіктеуде Алматы облысындағы өзге ұлт өкілдері бар күш-жігерін жұмсап келеді. Біздерге Леонид Юзефовичтің салып кеткен сара жолы, татулық пен бірлікті одан ары қарай өрістетуге жол ашатынына сенімдімін. Жетісу жерін мекендеген өзге ұлт өкілдері  қасиетті де қастерлі тәуелсіздікті қорғап, оны мәңгілік етуге күш салатын болады. Бұл  ынтымағын жарастырып, бірлігін бекемдей алған, татулығын тыныштығы мен тұрақтылығының тұғыры ете білген елдің ғана қолынан келетін ұлы шаруа деп есептеймін, – деп Фахреддин Магеррамов жүрек түкпірінде жатқан сөздерін ортаға салды.

Шара барысында Леонид Гирштың соғыс туралы өлеңдері оқылып, ақынның сөзіне жазылған әндер орындалды.

Нұрлан ЖҰМАХАН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here