Қоғамдық келісім мен халықтың бірлігі еліміздің дамуының ең басты факторы болып табылады. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев болашақ ұрпақ үшін осы мызғымас құндылықтардың сақталуына және нығаюына үлкен көңіл бөлуде. Бүгінгі таңда Алматы облысында 105 этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Бұл Жетісу өлкесінің мақтанышы. Әртүрлі халықтардың өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп, еңбек етуде. Зайырлы мемлекетте барша этнос өкілдерінің құқығы тең дәрежеде сақталып отыр. Олардың әрқайсысының өз мәдениетін, дәстүрлерін сақтау және дамыту, ана тілін үйренуге мол мүмкіндік берілген. Оған Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы дәлел.

Алматы облысындағы «Достық үйі» Қоғамдық келісім орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2014 жылы құрылған. Негізгі міндеті облыстық Ассамблеяның қызметін жандандырып, өңірдегі береке-бірлікті қамтамасыз ету болып табылады.

«Достық үйінде» Қазақстан халықтарының облыстық Ассамблеясының тиімді жұмысы үшін барлық жағдай жасалған. Құрамында облыстық Ассамблеяның консультативтік-кеңесші органдары: ғылыми-сараптамалық топ, «Ұлағат» ақсақалдар кеңесі, «Бірлік» жастар қауымдастығы, қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, этносаралық тақырып бойынша жетекші журналистер мен сарапшылар клубы, «Парасат» клубы жұмыс істейді.

Жетісу этномәдени бірлестіктері туралы шексіз жазуға болады, өйткені мұнда мақсаты бір, мүддесі ортақ адамдар жұмыс істейді.

Көптеген жылдар бойы өңірде өз жұмысын жандандырып келген бірнеше этномәдени орталықтар бар. Солардың бірі Алматы облысының Әзірбайжан этномәдени бірлестігі. Бірлестік 1998 жылы 29 мамырда құрылған. Әзірбайжан мәдениеті орталығы қызметінің басты мақсаты – түрлі этнос өкілдері арасындағы бейбітшілікті, достықты нығайту, әзірбайжан этносының мәдениеті мен дәстүрлерін сақтау, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту болып табылады.

Мәдени орталық қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға, әзірбайжан этносының өкілдерін облыстың қоғамдық және мәдени өмірінің барлық салаларына тартуға ықпал етеді.

Орталық мүшелері Қазақстан халқының бірлігі күні, Наурыз, Қазақстан халқының Тілдер айлығы сияқты ҚР Мемлекеттік және ұлттық мерекелеріне арналған барлық салтанатты жиналыстарға, іс-шараларға белсенді қатысады.

Осындай орталықтың қатарынан армян мәдениеті қоғамын көруге болады.  2005 жылы 7 сәуірде құрылған. Армян мәдениеті қоғамы облыстық мектептер мен балалар үйлерінің талантты оқушылары қатысатын жыл сайынғы «Достық әуендері» фестивалінің ұйымдастырушысы.

Жыл сайын 7 желтоқсан күні Армениядағы жер сілкінісінің құрбандарын еске алу күні армян мәдениеті қоғамы тәрбиеленушілер үшін Талдықорған және Үштөбе қалаларындағы «Айналайын» балалар үйлерінде қайырымдылық акцияларын ұйымдастырады.

Ауыз толтырып айтатын келесі ұйым ол – Болгарлар этномәдени бірлестігі.  Болгарлар Қазақстанға 1907-1910 жылдары келді. Бүгінде олардың бесінші ұрпағы берекелі қазақ жерінде өмір сүріп, еңбек етіп жатыр. Мыңдаған болгарлар үшін қазір Қазақстан өзінің алтын бесігі, нағыз Отанына айналды десек артық айтқандық болмас.

2009 жылы Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының тату отбасында жаңа этномәдени бірлестік – «Алматы облысының болгар мәдени орталығы» пайда болды.

Орталықтың басты мақсаты – облысымыздағы этносаралық келісімді, толеранттылықты сақтау, болгар этносының тілі мен мәдениетін дамыту. Этномәдени бірлестік бірнеше жоба бойынша жұмыс істейді. Бұл «Мартеница» фольклорлық ансамблі және этникалық сән театры. «Мартеница» фольклорлық ансамблі адамгершілік тәрбиесінің үлкен әлеуетіне ие халық музыкасын, биін, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін қалпына келтірумен және дамытумен айналысады. Этникалық сән театрында Ұлттық киім үлгілері зерттеліп, ұлттық стильдегі сәнді киімдер өндірісі жолға қойылды.

Сан алуан ұлт пен ұлыстың басы қосылған аймақта грек қоғамының жұмысы да өз жүйесімен бір арнада қызмет етуде. Барлық шағын грек қоғамдарының жұмысын үйлестіру және күшейту үшін 2003 жылы «Элефтерия» Алматы облысының грек қоғамдық бірлестігі тіркелді. Орталықтың негізгі мақсаты – қоғамдағы тұрақтылық пен этносаралық келісімді сақтау, грек этносының және облыстағы барлық этностардың тарихын, мәдениеті мен рухани құндылықтарын зерделеу, қазақстандық патриотизмді дамытуға, ана тілін, грек халқының ұлттық дәстүрлерін сақтауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру.

Алматы облысындағы грек диаспорасы 2000-нан астам адамның басын қосып отыр. Гректер жинақы тұратын жерлерде Талғар ауданында – «Арго» грек қоғамы, Еңбекшіқазақ ауданында – «Эноси» қоғамы, Талдықорған қаласында «Эллада» қоғамы құрылып, табысты жұмыс істеуде. Талғар ауданы Панфилов кентіндегі №17 орта мектепте грек жексенбілік мектебі, қуыршақ театры, «Эльпида», «Афродита» ансамбльдері жұмыс істейді.

Этномәдени бірлестік мүшелерінің арасында Қазақстанның құрметті және танымал гректерінің бірі болып табылатын Лаки Константинович Кесоглуды ерекше атап өтуге болады.

105 этнос өкілінің басым бөлігін құраушы ұлттың бірі – орыс халқы. Олардың да өз бірлестігі бар. 1992 жылдың маусым айында Алматы облыстық орыс мәдени орталығы құрылды. Орталықтың Қапшағай және Текелі қалаларында, Еңбекшіқазақ, Панфилов, Іле, Жамбыл аудандарында филиалдары бар, сондай-ақ Алакөл, Қаратал, Көксу және Талғар аудандарындағы дербес аудандық славян орталықтарын өз құрамына біріктіреді.

Этномәдени бірлестіктің негізгі мақсаты – елдегі қоғамдық тұрақтылықты сақтау және Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстанның барлық этностары өкілдерінің өмір сүруіне қолайлы және тең жағдай жасайтын демократиялық, бәсекеге қабілетті мемлекетті дамыту жөніндегі саясатын қолдау.

Орталық мүшелері елдің жалпыұлттық мәдениетінде ерік білдіру және этникалық өзіндік ерекшелікті сақтау еркіндігін насихаттайтын егемен мемлекеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысады.

Орталық Алматы облысы Қазақстан халқының Ассамблея қамқорлығымен өткізілетін Рождество, Масленица, Пасха, Славян жазуы мен мәдениеті күндері сияқты этникалық мәдениет пен тілдің жарқын іс-шараларын ұйымдастырады. Олар көпэтносты Қазақстан халқының достығы мен бірлігі мерекесінің маңыздылығына ие болды.

Бұдан өзге, 1995 жылдың 31 қаңтарында жұмысын бастаған «АВИВ» еврей мәдени қайырымдылық орталығы бар. Қоғамның мақсаты – бейбітшілік пен қоғамдық келісімді сақтау, еврей ұлтының тұлғаларын, мәдени дәстүрлерін жандандыру негізінде еврей этносының еркін және жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау үшін біріктіру.

Бұл қатардан «Қарашай-болгар» мәдени орталығы «Якбун» күрдтер қауымдастығының облыстық бірлестігі», Татар-башқұрт және татар мәдени орталықтары, Түрік, «Вайнах» облыстық шешен-ингуш мәдени орталығын көруге болады.

Осылайша, барша ұлт өкілдері, қара шаңырақтың аясында татулық атты тіректі құлатпай, мамыражай тірліктің туын жықпауға атсалысуда. Біздің дана халқымыз «ырыс алды – ынтымақ» деп тегін айтпаса керек-ті. «Тонның ішкі бауындай» болған кезде ғана әр істе де еңбегіміз жемісті болары анық. Бұл тұжырымды әуел бастан, тілегі бір ұлыстар әлдеқашан ұғынған. Қазақстанның гүлденуі халықтың татулығымен тығыз байланысты.

Анар САБЫРОВА

Алматы облысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here