Естімеген елде көп

0
988

Шынылы көзе берік болмақ

Шынылы көзе материалдары байқалып тұрғандай, шыны мен көзенің кристалды кескінді қоспасы. Оларды қолдану аясы өте кең. Жасанды тістерден бастап телескоптарға арналған аумақты айналарға дейін пайдаланады.

Америкалық ғалымдар шынылы көзенің беріктігін цирконий тотығын қосу арқылы арттыруға болатындығын алға тартады. Алдымен шынылы көзе материалын алуға арналған керекті заттарды ұнтақ түріндегі циркониймен араластырады. Қоспаның түйіршіктері балқып біткенше қыздырады, сонан соң суытады. Сода шыныда цирконий тотығының кристалдары түзіледі. Шындығына келгенде, олар бірқалыпты емес. Егер де кристалдың жанында жарықшақ пайда болса, олар басқа бір күйге ауысып кете алады. Сөйтіп жарықшақ толығымен бітеліп, ары қарай бөлінуі тоқтатылады.

Осындай технологияны қолдану нәтижесінде алынған шынылы көзе тек беріктік қасиетімен ғана емес, жемірілуге шыдамдылығымен де көзге түседі. Бұл материалдың талшықтарын атом реакторларына арналған ғимараттар құрылысын бетонмен әрлеуге пайдалануға болады.

Каспий көтеріліп келеді

1978 жылдан Каспий теңізінің деңгейі көтеріле бастады. Бұл өзгеріс әлі де сақталған және орташа жылдамдығы жылына 12 сантиметр. Ғалымдардың болжамдарына қарағанда, мұндай құбылыс тоқсаныншы жылдардың ортасына дейін бақыланады. Болжамның негізінде күн белсенділігінің тербелісінен теңіз деңгейі өзгеруінің 30-35 жылдық жиілігі жатыр. Тарихи мәліметтер теңіз деңгейінің көтерілуі, төмендеуі ХVІІІ ғасырдың соңынан басталғанын дәлелдейді.

Жарық шашқан керуендер

Таяу Шығыста шөлейт жерлерде түйе керуендері бұрынғыдай емес. Қараңғыда жарық шашады. Түйелерді әбзел-саймандарын фосфор ұнтағымен жалатса, керуен салтантты күйге ауысып қоймай, жұмыс барысында ыңғайлылық тудырады екен. «Жарықталған» дала кемесін шөлейтті өлкеде табу жеңіл және оның автомашинамен соқтығысуы екіталай. Бұл тәжірибелік мәні зор істің біздің еліміздің Қарақұм, Қызылқұм сияқты шөлді аймақтарына пайдалануға әбден болады.  

Косметикалық балдырлар

Венгрияның Балатон көлінде мыңдаған түрлі балдырлар өседі. Олардың кейбіреуін табиғат дәрі-дәрмек және косметикалық бұйымдар алуға жаратқандай. Венгр ботаниктері мен химиктерінің пайымдауынша, бұл балдырлардан адам терісін қалпына келтіретін және жүйкені тыныштандыратын дәрілік заттар алуға болады. Әсіресе теріні қалпына келтіру егде тартқан әйелдердің арманы ғой. Кейінгі жылдары табиғи заттардан дайындалған косметикалық құралдардың барлық түрі көптеген сұраныстарға ие болды. Сондықтан да Балатон көліндегі өсімдіктерді жүйелі түрде тереңірек зерттеу жолға қойылды.

Жарылыс қаупі болмайды

Тау-кен істерінде метан пайда болса, жақсылық әкелмейтіні белгілі. Америкалық ғалымдар қалыпты температурада метанды сезетін электрлі-химиялық датчик жасап шығарған. Датчиктің түрі түйме секілді, төменгі жағы ерекше құрамдағы сусыз сұйыққа батырылғанда, ал жоғары жағына ауа әсер етеді де ауаның ішінде метан болса, түйме электр тоғын түзіп, электронды құрылғыны жұмыс істетеді. Нәтижесінде, жұрт дыбыстық сигналды естіп, метанның жарылысы қаупінен сақтанады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here