Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы берілетіні белгілі болғалы редакциямызға келіп жатқан хаттың санында толас жоқ. Оқырмандардың көпшілігін «тұрмысы төмен, бір немесе екі баласы бар отбасыларға да көмек көрсетіле ме?» деген мәселе жиі мазалайды екен.

Халықтың мұң-мұқтажы жоғарыға да жетсе керек, күні кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмектің жаңа шарттарын таныстырып, соған орай21 мың теңгені құрайтын жәрдемақыға көпбалалы отбасылар ғана емес, сонымен бірге бір баласы бар аналар да іліге алатынын хабарлады.

«Өздеріңіз білесіздер, жәрдемақы (әлеуметтік көмек) көпбалалы және де аз қамтылған жанұяларға берілуі тиіс. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы.

Тұрмысы төмен отбасылар туралы айтқанда олардың бір немесе екі баласы болуы мүмкін екенін ескеріп отырмыз.

Жаңа талапқа сәйкес, ендігі жерде мұндай отбасылардың 1 айлық табысы жан басына шаққанда 20 789 (күнкөріс шегінің 70 пайызы – ред.) асып кетпесе, бір балаға 21 мың теңгеге жуық жәрдемақы тағайындалады», – деді бұл ретте министрлік мамандары.

Бұдан бөлек мамандар жалғыз баласы бар жанұяға жаңа жәрдемақы төлеуге қатысты мысалдар да келтіре кеткен екен.

Айталық, елімізде баласын бір өзі асырап отырған жалғызбасты аналар бар. Оның бір айлық жалақысы 40 мың теңгенің төңірегінде болуы мүмкін. Егер оның табысын екі адамға бөлер болсақ, тура 20 000 мың теңгеден келеді екен.

Бұл отбасының 1 айлық табысы жан басына шаққанда күнкөріс минимумының 70 проценті – 20 789 теңгеден аспайды дегенді білдіреді.

Демек, заң бойынша балаға 21 мың теңгенің жәрдемақысы төленуі тиіс.

 «Өз кезегінде шешесіне 20 000 мен 20 789 теңгенің айырмашылығы төленеді. Демек, баланың жәрдемақысын қоса алғанда аталған отбасы айына 22 мың теңгеге жуық әлеуметтік көмек алып тұрады», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары.

Көпшілік бұл жәрдемақының қалай және қандай жолмен берілетінін әлі толыққанды білмейтіні жасырын емес.

Әлеуметтік жәрдемақыға қатысты сауалдарға жауап беріп, өңір аралап жүрген Премьер-министрің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, еліміздегі әрбір отбасының кірісін жеке-жеке қарастыру керек.

«Осы тараптағы туындаған проблемаларды түгелдей шешіп тастаймыз деп кесіп айта алмаймыз. Уақыт керек. Бұған уақыт керек. Мәселені біртіндеп әрі тиімді түрде шешетіндей әдіс-амалдармен толықтыра түскеніміз жөн. Әлеуметтік саладағы жаңа реформа осы себепті қабылданды. Кезең-кезеңімен, түйткілді түйіндерді біртендеп тарқатар болсақ мақсатымызға жетеміз», – дейді Әбдіқалықова.

Елбасы тапсырмасы

Білетін боларсыздар, бұдан бұрын «Нұр Отан» партиясының жиынында Мемлекет басшысы тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларда әрбір балаға 21 мың теңге жәрдемақы төлеуді Үкіметке жүктеген болатын.

 «Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын. Аталған көрсеткішті күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін жеткізуіміз керек.

Ал атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылардың әрбір баласына берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Аталған көмекті барынша жеңілдету керек. Халық ары-бері шапқылап жүрмесін.

 Сосын ондай отбасылардың табысын есептегенде басқа әлеуметтік жәрдемақыларды санауды алып тастау қажет. Әйтпесе, соның бәрін санағанда көпбалалы отбасылар жағдайы жақсы азаматтар болып шыға келеді», – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев. 

 Бұдан бөлек Елбасы аталған шараларды жаздың ортасына дейін созуды жөн көрмей, 1 сәуірден бастап төлеуді міндеттеген болатын.

Тағы бір жақсы жаңалық   

  Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, балаларына берілетін 21 мың теңге жәрдемақыдан бөлек әке-шешесіне де қосымша ақы төленетінін болады.

Қазірде Қазақстанда күнкөріс деңгейінің ең төменгі шегі 29 698 теңгені құрайды.

«Бүгінге дейін атаулы әлеуметтік көмекті бір  адамға шаққанда күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан, яғни 14 849 теңгеден аспайтын отбасылар алып келді, ендігі жерде Мемлекет басшысының бұйрығы бойынша аталған көрсеткіш 70 пайызға – 20 789 теңгеге дейін көтеріліп отыр», – дейді сала басшысы.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары нақтылап кеткеніндей, көпбалалы жанұяның жалпы жан басына шаққанда табысы елдегі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, яғни 20 789 теңгеге жетпесе, әрбір балаға 21 мың теңгенің жәрдемақысы беріледі.

«Бұдан бөлек, егер де отбасының әрбір адамға шаққандағы табысы елдегі күнкөріс деңгейінен (70 пайыздан) төмен болса, айырмашылық 10 мың теңге бола ма, 7 мың теңге бола ма, сол ата-анасына да қосымша төленеді», – дейді өз кезегінде Бердібек Сапарбаев.

Осы күнге Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрлігі отбасының табысын есептегенде «Алтын алқа» және «Күміс алқа» немесе көп балаға берілетін жәрдемақы, мүгедектердің жәрдемақысы мен стипендиясын назарға алған.

Бұдан былай көпбалалы жанұяның табысын есептегенде мұның бірде-бірі есепке алынбайтын болады. Көпбалалы отбасылары үшін мұның көп-көрім жеңілдік екені даусыз.

Ал Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек бала 23-ке толғанға дейін төленетін болады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here