Білім және ғылым министрі Ұлттық біріңғай тестілеудің сауалдарын сапаландыруға күш салмақ.

Күләш Шәмшидинованың айтуынша, 2016-2019 жылдарға арналған Білім мен ғылымды дамыту бағдарламасы негізінде түлектердің 11 жыл бойы оқып-тоқыған білімін әділ бағалау үшін ҰБТ сұрақтарының мәні мен мазмұны жетіле, толыға түсетін болады.

Алайда бұл тестілеудің ережесі өзгереді дегенді білдірмейді.

«Дәл бүгін бір өзгеріс жасаймыз деп айта алмаймын. Оқушылар мектеп бітіреді, артынан емтиханын тапсырады. Меніңше, балалардың жүйкесін жұқартып, оларды одан әрі күйзеліске түсірудің қажеті шамалы. Дегенмен түлектердің 11 жыл бойы мектептен алған білімін тексеру үшін ҰБТ сұрақтарының мазмұнынын жетілдіру бағытында жұмыс атқаратын боламыз», – деді білім және ғылым министрі.

Түлектердің білімін бағалау қалай жүргізіледі сонда?

Күләш Шәмшидинованың айтуынша, бағалау жүйесі ең алдымен, түлектердің ата-аналарына, мұғалімдерге және тестілеуден өтетін балаларға түсінікті болуы шарт.

«Бұл жәй ғана бағалау емес. Бақ шаба ма, бап шаба ма белгісіз. Сондықтан әрбір оқушыға алған бағасын жақсартуға мүмкіндік берілуі тиіс. Бағалау жүйесі демократияланса, тиісінше оқушыға деген психологиялық қысым әжептәуір төмендеп, арқасынан ауыр жүк түсетін болады. Мойындау қажет, бізде бұл бағытта біраз кемшілік бар. Олқылықтар көп. Осы себептен де білім саласындағы бағалау жүйесін түсінікті, ашық және қолжетімді қылғанымыз жөн», – деді ведомство басшысы.

 Үш тілде оқыту және өзге де білім реформалары

Ал Атырау облысына барған сапарында Күләш Шәмшидинова білім саласындағы негізгі реформаларға тоқталып өтті.

Ауыл ұстаздарымен сауалдасқан министр қазіргі күні қызу талқыланып жатқан және бүгін-ертең қабылданғалы отырған «Мұғалім мәртебесі туралы» заңға қатысты ұстаздардың сұрағына жауап берді.

«Білім берудің әдіс-амалдары күнбе-күн өзгеріп жатыр. Ұрпағымыз көштен қалмасын десек, заманның ауанына ілесіп, әрбір жаңашылдықты жатырқамай қабылдағанымыз жөн. Бұрынғыдай оқыту аз. Қазіргі оқушыларға оқып-тоқығанын өздігінен талдатып, сараптама жасауды үйретуіміз керек. Балаларды білім алуға баулуда ескі әдістердің дәурені өтті», – деді Күләш Шәмшидинова. 

Сонымен қатар бұдан бұрынғы асығыстау қабылданған бірқатар шешімдер қайта қаралып, өзгеріске түскенін айтты сала басшысы.

Министр айтып өткендей, ендігәрі мектептерде физика, химия, биология және де информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдерді курстар арқылы даярлау тоқтатылатын болады.

Мұның себебін Шәмшидинова былайша түсіндірді:

«Қазір Қазақстанда физика, химия, биология және де информатика пәнінен ағылшынша тәлім беретін 11 мың ұстаз бар. Олар алдымен, 3 айлық, кейіннен 8 айлық тіл курстарын тәмамдаған.

2020 жылдан бастап ұстаздарды айлық курстан өткізуге бөлінетін қаржыны педагогикалық ұйымдарға жұмсайтын боламыз. Бұдан былай педагогтар университет қабырғасынан ағылшын тілін жеткілікті деңгейде меңгеріп шығады».

Оның айтуынша, ағылшын тілінде сабақ беретін ұстаздарға алғаш осыдан үш жыл бұрын тапсырыс берілген екен.

Міне, сол алғашқы буын, нақтылап айтқанда, 1200 педагог келер жылы оқуын бітіріп шығады.

Шәмшидинова сондай-ақ үштілді оқытуға қатысты бағыт-бағдарды да айқындап берді.

«Оқушыларды үш тілде оқыту үрдісін ұстаздың және білім ордасының дайындығына қарап жүзеге асыратын боламыз. Дәл қазір бұл жүйені жөнсіз енгізудің реті жоқ. Уақыт бар. Кезең-кезеңімен жүргізілетін болады» деді ведомство басшысы.

Үштілділікке Президент те баса тоқталып, бұл үрдісті енгізу заман заңы екенін, бірақ мұны балтамен шапқандай етпей, баппен, байламмен жүзеге асыруды тапсырған болатын.

«Біздің ұрпақ – планета балалары. Олар әлемдік кеңістікте білім алатын болады. Сол себепті туған тілі – қазақ тілін, орыс және халықаралық ағылшын тілін меңгерулері тиіс» деген болатын Мемлекет басшысы.

Оқу бағдарламаларын жаңарту күн тәртібінде тұр

Күләш Шәмшидинованың айтуынша, балалардың оқып-тоқуына кедергі келтіретін түрлі жүктемелерді азайтатын уақыт келді.

«Айталық, химия, биология, информатика сынды пәндерді интеграциялауға болады. Бұлар бір-бірін қайталап тұрса, балаға құнды ақпарат бере алмасы анық. Пәндерді де елеп-екшеп, ертең оқу бітіргенде еңбек нарығынан өз орнын таба алатын мамандарды әзірлеуге тиіспіз», – деді министр.

Бұл үшін оқу бағдарламалары қазіргі уақыттың талабы мен талғамына сай болуы қажет. Баланың бойындағы өзгеше ой қорыту, өзінше топшылау, санамалау, сараптау сияқты қабілетті дамыту үшін бүгінгі қолданыстағы оқу бағдарламаларын қайта сүзгіден өткізіп, соған сай ұстаздар әзірлеу керек.

«Заманауи деңгейде білім бере алатын ұстаздар дайындағанда жаңа оқу бағдарламасына көшеміз. Биылғы Жолдауында Президент те оқу бағдарламаларын жаңарту туралы тапсырма берді. Сондықтан біз орта білім деңгейіндегі оқу бағдарламаларын заман талабына сай өзгертуді көздейміз», – дейді білім министрі.

Бұл ретте Шәмшидинова Финляндияның білім беру жүйесін мысалға келтірді. С

Аягүл Миразова, педагог, Қазақстанның Еңбек Ері:

«Білім және ғылым министрлігіне айтар ұсынысым бар»«

Мемлекет басшысының «білім саласындағы түбі көрінбейтін реформаларға нүкте қоятын уақыт жетті» деген сөзін естіп қуанып қалдым. Дұрыс-ақ.

Өз басым жаңа министрді білім саласындағы олқылықтар мен кемшіліктерді көре білетін тәжірибелі маман деп санаймын. Осы орайда Білім министрлігіне айтар ұсынысым бар.

 Ұстаздарды аттеста­циялауда міндетті көрсеткіштер қатарынан педагогикалық портфолиосын алып таста­са жөн болар еді. Себебі портфолио құру, ең алдымен ұстазды жұмыстан жырақтатып, қағазбастылыққа душар етеді, бюрократияға ұрындырады.

Күләш Шәмшидинова аттеста­циялау талабынан әлгі портфолионы алып тастаса, талай ұстаздың арқасы кеңіп, өз жұмысына ынта-ықыласымен берілер еді.  Педагог еңбегінің нәтижесі портфолиомен бағаланбауы тиіс, керісінше одан тәлім алған түлектің қайдан шығары, қандай биіктен көрінері, қандай асуларды аларымен өлшенуі қажет.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here