Айтыстың ақтаңгері Надежда Лушникова 80 жаста!

Оның жүрегі қазақ деп соғады. Тілі де, діні де мұсылмандықтан алыс емес. Ұлты басқа болғанымен бойына қыдыр қонып, кие дарыған бар Алаштың анасы. Өзі де, «мен қазақ халқының қызымын»» деп айтады. Айтыс аламанындағы шын жүйрік, қара домбыраны жанына серік еткен, елге еңбегі сіңген «қазақтың Надеждасы». Иә, манадан тілге тиек еткен тұлға – Надежда Лушникова. Айтыс өнерінде олжа салған аяулы жан сексеннің сеңгіріне шықты.

Мерей мен мәртебе

Надежда Лушникованың 80 жасқа толуына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Құттықтау хатын» жолдаған болатын. Өз кезегінде Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли ақынның үйіне барып, мерейтой иесіне Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың құттықтауын және облыстық мәслихаттың 2020 жылдың 21 қарашасындағы №62-331 шешімімен берілген «Алматы облысының «Құрметті азаматы» атағын өз қолымен тапсырды. Ақынның Ұзынағаш ауылы, Кенен Әзірбаев көшесіндегі шаңырағына Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев айтыскер ақынды құттықтау хатында: «Құрметті Надежда Андреевна! Сізді мәртебелі мерейтойыңызбен құттықтаймын! Халқымыз өзіңізді айтыс өнерін дамытуға мол үлес қосып келе жатқан айтулы ақын, ұзақ жылдар бойы білім беру саласында қажырлы қызмет атқарған ұлағатты ұстаз ретінде жақсы біледі және құрметтейді. Елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау, достық пен сыйластық жағдайында бақытты өмір сүру, сол арқылы өркениетті мемлекет қалыптастыру бағытында жалынды жырларыңызбен жеткізген тілектеріңіз Қазақстанның әрбір азаматының жүрек төрінен орын алады деп есептеймін. Өнегелі өмір жолыңызда ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән беріп келесіз. Ел жастарының бойына адами асыл қасиеттер мен отансүйгіштік рухын сіңіру туралы ізгі бастамаларыңыз әрдайым қолдау таба берсін. Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс және отбасыңызға амандық пен құт-береке тілеймін» депті.

Облыс басшысының құттықтауында: «Жас шағыңызда Сыр өңірінен басталған ізденіс жолы туған өлкеңіз Жетісу жерінде одан әрі толысып, сізді өмірдің де, өнердің де үлкен баспалдақтарына бастады. Тұтас өміріңіз қазақ өнерімен біте қайнасты. Жастайыңыздан ойы ұшқыр, жүрегі жалын, сөз құдіретін өз құдіретім деп білетін ерек қасиетіңізбен дараландыңыз. Айтыстың хас дүлдүлдері Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі бабалардың салған сара жолын жалғап, сөз өнерінің туын көтердіңіз. Журналистика, мәдениет салаларында атқарған еңбегіңіз бір төбе. Елжанды пейіліңіз, даран ниетіңіз, туған елдің тілі мен дәстүріне деген құрметіңіз сізді қазақ үшін тілегі бір, жүрегі бір асыл адамға, аяулы келінге, абзал анаға, ардақты ақынға айналдырды. Өзіңіздей ақылы кенен, парасаты терең аңыз адамның бүгінде арамызда жүргені, Жетісу өлкесінің азаматы болғаны біз үшін зор мәртебе. Сіздің мағыналы да байсалды өмір тәжірибеңіз кейінгі буын өкілдеріне, тәуелсіз еліміздің жастарына өнеге боларлық тағылымды жол. Ұлағатты ұрпақтарыңызбен мың жасаңыз. Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс, отбасыңызға құт-береке тілеймін! Тойыңыз тойға ұлассын!» делінген.

Ақын, сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловадан, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасынан да Алғыс хаттар алды. Ақынын аудан әкімі Бағдат Әлиев жамбылдықтар атынан құттықтап, сый-сияпат жасады.

Жетісу мен Сыр елінің жақұты

Отыз жыл бойы сахна төрінде жақұт сөздерді төгілткен талдырмаш қана аққұба қыз Жетісу өңірінің тумасы.

1970-80 жылдарда айтыстың аламанына бір топ жас шықты. Солардың ішінде жасындай жарқылдаған Надежда Андрейқызының орны бөлек.

Сөз өнеріне өзгеше леп беріп, отты өлеңдерімен бәйгенің алдын бермеді. Солайша халықтың ықыласына бөленіп, айтыстың дамуына өзіндік үлесін қосты.

Жоғарыда аталғандай, Алматы облысының тумасы болғанымен оның бағы Сыр елінде жанды. Мектепті енді аяқтаған орыс қызы Қызылордадағы педучилищеге білімін жетілдіру үшін оқуға түседі.

Училищеге жастар бүкіл республикадан келіп оқығаны белгілі. Ол кездегі ұстаздарда ұл-қыздың білімдар болуына барын салды. Соның арқасында біз танитын Надя апай, қандай қызметте, қандай ортада жүрсе де көш бастады.

Расында да, білім ордасы Надежда Лушникованың болмысын қалыптастыруға ықпал етті. Ол сол жерде жүріп өлеңмен танысты һәм табысты. Алғашқы өлең атты арғымақты ерттеп мінген кезінде оған белгілі ақын, сатирик Асқар Тоқмағамбетов жол көрсеткен екен. Талабына қарай талғамын туралады.

Өзі дүниеге келген Ұзынағаш өңірі, Суықтөбе баурайы айтыстың қара діңгегі Сүйінбай атамыз, одан кейін Жамбыл, Нұрғиса сынды қасиетті адамдар туған топырақтан шыққан Қазақ елінің бір туар қызына өнердің даруы осымен, яғни туған өлкесінің киесімен астасып жатқандай.

Көрсе көз тоймайтын табиғаты мен көкмайса желегіне қарап өскен бала Надежданың өз өңірін жырға қоспауы мүмкін емес еді.

Әуел бастан Тәңірі таңдайына сөздің асылын салған қыздың айтыста оза шабуына үлкендердің баталы сөзі дәру болса керек. Олай деуімізге негізде жоқ емес. Ауыл ақсақалдарының бірі «Етегің елге толсын!» деп батасын берген еді деген апайдың айтқаны айқын дәлел.

1961 жылы сәуір айында ҚазМУ-дың ғимаратында Қазақстан Жазушылар одағының пленумы өткен. Бұл жиында Надежда апайдың төбе көрсетуіне  Асқар Тоқмағамбетов себепкер болған деседі.

Сол кезде,  ауылдағы тіршілік туралы өлеңін оқыған дара қызға Мұхтар Әуезов  «Ойпырым-ай, қарлығаштай орыс қызының жүрегіне қазақтың өлеңі қандай әдемі ұя салған!» деп лайықты бағасын береген еді.

Содан бері, орыс қызының тұла бойына ұлтымыздың сөз өнері  мәңгілік мекендеді.

Айтыстың туын тік ұстаған қыз

Содан болса керек, атұстары дүниеге келгеннен кейін де, «Жамбыл тіккен айтыстың туын жықпайын деп» жыр додаларынан қалмай қатысты.

Мұнысы, кезінде өзі апорт алмасын ұсынып, еліңе жемісіңді жегіз деген ниетте берген Жамбыл Жабаевқа деген орасан зор құрметі мен дүйім жұрттың алдында алған жауапкершілігі-тін.

Апайдың айтыстағы қарсыластарының барлығы дерлік өзінен үлкен еді. Аты қалыптасқан, айтары бар азулыларға төтеп беру де оңай емес.

Десе де, сары қыз қаймықпады. Қайсарлығы мен қазақы сөзге деген құштарлығы, білімділігі, әсілі зеректігі топ ортасынан суырылып шығуға ықпал етті.

Надежданың өресінің биіктігі мен сөзге деген шешендігі батыр Бауыржан Момышұлының да таңдайын қақтырды. Сол себепті  Жолдас Дастановпен сөз барымтасына түскенде жеңімпаз деп санап, «Лира» маркалы алтын сағатты «Надеждаға шеберлігі үшін» деген қақпақшасына жазуын қашатып таққанын қазақ халқы әлі күнге дейін жыр қылып айтады. Бұдан кейін бұрымдының алдына қара салмас, өзіне қамшы салдыртпас жүйріктігіне ешкім шүбә келтірмесе керек.

Тек сахнаның төрінде жүріп қана қоймай, ұстаздық қызметті де қатар алып жүрді. 27 жыл бойы шәкірт тәрбиелеп, онда да қазақ әдебиеті мен тілін балғындарға үйретті. Қоғам белсендісі мұнымен тоқырауға түспеді.

Ең қиын кезеңде Үмбетәлі Кәрібаевтың мұражайын ашуға барын салды, жанын берді. Баспаған тауы, қақпаған есігі қалмады. Табан ақы, маңдай терімен көздегеніне жетті. Солайша, 1985 жылдан бері атаға арналған мұражайда басшылық қызметте. Басшылық дейміз-ау. Тілге жеңіл болғанымен, еңбегі азаматтың өзіне ауыр жүк болар жұмыс еді. Өйткені Надя апайдың мұражайдың жаны болған жәдігерді табанынан тозып, үй-үйді аралап жинағаны расында үлкен еңбек екені даусыз.

Осылайша, Жамбыл Жабаев «Қаражорғам» атаған Үмбетәлі Кәрібаевтың құнды мұрасы көздің қарашығындай болып мұражайда сақтаулы тұруына да Надежда Лушникова себепкер болып отырған жайы бар.

Суырыпсалмалықтан бөлек, жазба ақындықты қатар алып жүрген апайдың қаламынан «Елім менің», «Көңіл қошы» атты жеке жыр жинақтары шыққан. Айтыстары «Жыр шашу», «Мәңгі көктем» (1988) жинақтарына енген.

Қазақтың Надеждасы

Надя апаймыз тек сөз биігінде ғана емес өз биігіне шығып, Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері,  Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Тіл жанашыры» ұлт белгісінің иегері болып, ҚР Президентінің Жарлығымен «Құрмет орденімен» марапатталған. Алматы облысы мен Жамбыл ауданының Құрметті азаматы атанып отыр. 

Алаштың аялы алақанында жүрген апайымыз бір басына жетерлік марапатымен даңқы болса да елінен биік болған емес. Өзі бір сөзінде «әр күнім, мейірімі жатқан иіп, қазақ боп туылғаннан бар ма биік!» деген еді. Онысы қазақ келіні болып, бір қазақтың  ұрпағын тәрбиелеп өсіруімен байланысты сияқты.

Апаймыздың ғұмыр-дастанына көз жүгіртсек, әуел бастан даралықты пешенесіне жазып қойғандай. Өнердің көшін өрге сүйреп, ошақтың отын сөндірмеген ардақты ананың өмір жолы осындай. «Өмір ағын су емес, артыңда із қалады» демекші, ол артынан өшпес мұрасын қалыптастырған болмысы бөлек жан. «Қазақтың Надеждасы» бүгінде халықтың анасы десек артық айтқандық емес. Біздегісі, өмір сағаты соғуын, отарбасы жүруін тоқтатпасын деген тілек қана.

Лебіз

Такир БАЛЫҚБАЕВ, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің ректоры:

– Жыр сүлейі Сүйінбай мен жыр алыбы Жамбыл туған топырақтың түлегі, атақты айтыс ақыны Надежда Лушникованың есімі иісі қазаққа ежелден белгілі. Кезінде халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың батасын алған Надежда Лушникованың өткен ғасырдың 60-70-ші жылдарындағы айтыстары қазақ айтыс өнерінің озық үлгілері қатарынан орын алды. Ертеректе Шымкентте өткен Оңтүстік Қазақстан өлкелік ақындар айтысында қазылар алқасы оны жассынып, жүлдеден құр қалдырғанда батыр Бауыржан Момышұлы орнынан қарғып тұрып, қазылар алқасына: «Бармақтай ғана орыс қызы сенің ана тіліңде асқақтата жыр төгіп, қазақтың айтыс өнерін айбарландырып отырғанда оның өнерін неге бағаламайсыңдар?!» деп Надеждаға білегіндегі алтын сағатын шешіп бергені туралы әңгіме халық арасында әлі күнге дейін аңыз болып айтылады. Бұл жөнінде «Ақиқат пен аңыз» романында халық жазушысы Ә.Нұршайықов та төгілдіріп жазған еді. Батыр Баукеңнің 30 томдық шығармалар жинағында да оның Н.Лушникова туралы жақсы пікірлері бар. Надежда Лушникованың белгілі халық ақындары Мұқаш Байбатыровпен, Манап Көкеновпен, Әбдікәрім Манаповпен сайыстары қазақ айтысының классикалық үлгілеріне айналды. Надежда Лушникова белгілі ақын-жыраулар Сүйінбайдың, Жамбылдың, Үмбетәлінің әдеби мұраларын халық арасында насихаттауға бүкіл өмірін арнап келеді. Оның тікелей бастамасымен, ізденуімен Алматы облысы Жамбыл ауданында халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың мұражайы ашылып, ол халық игілігі үшін қызмет етуде…

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттері  баяғы ҚазПИ-дың түлегі, ақын Надя апайларымен жиі кездесіп тұрады. Осыдан біршама уақыт бұрын «Қазақтың бір қызымын» сырласу кешін ұйымдастырып, арқалы ақынның ой-пайымын тыңдағанбыз.

Жалпы, Надежда апамыз өзінің бүкіл саналы ғұмырын қазақ өнерінің жалындап жанып, қарыштап дамуына арнаған тұлға. Біздің университетімізді бітіріп, ең алғашқы еңбек жолын ауыл мектептерінде шәкірт тәрбиелеуден бастаған ол жас ұрпаққа білім бере жүріп өзінің шығармашылығын одан әрі дамытты. Қазақтың кең жазира даласына, халықтың дарқан пейіліне деген махаббатынан туған «Елім менің» атты жыр жинағы дүниеге келді.

Ол қазақтың суырыпсалма айтыс өнерінің дамуына да өлшеусіз үлес қосты. Өзінің қара тасты қақ жаратын суырыпсалмалық, шешендік өнерінің арқасында талай дүлдүлдің аптығын басты. Ақын қыз қазақ әдебиетінің жанашыры ретінде қазақ жазушылары Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шаймерденов, Әкім Тарази шығармаларын орыс тіліне аударып, төл мұрамыздың одан әрі танылуына өлшеусіз үлес қосты. Оның қаламынан туған «Елім менің», «Көңіл қошы» және басқа да жыр жинақтары қазақ поэзиясының антологиясына енгені белгілі. Надя апайымыздың еліміз үшін атқарған еңбектері мемлекет тарапынан да лайықты бағасын алып, құрметке бөленуде. Соның бір дәлелі, былтырғы жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.

Анар САБЫРОВА, Алматы облысы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here