Осыдан біршама күн бұрын «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» (БЖЗҚ) жанынан құрылған Қоғамдық кеңестің жетекшісі Евгений Сейпульник зейнетақы қорындағы халықтың жинаған салымдарының 10 пайызын коронавируспен күреске жұмсау туралы бастама көтерген еді. Бірақ Қоғамдық кеңестің өзге мүшелері әріптесінің халықтың жиған-терген салымдарын індетпен күреске жұмсаудың жөні жоқ екенін айтып, Сейпульниктің аптығын басыпты.
Кеңес басшысының ұсынысын әріптестері қолдамады
Ақпарат құралдарына таратылған шағын хабарламада: «Евгений Сейпульниктің зейнетақы қорындағы салымдарын коронавирус пандемиясы кезінде пайдалану туралы бастамасы оның жеке ойы. 2020 жылы 17 шілде күні өткен БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында аталған ұсыныс талқыланған жоқ» деп түсініктеме беріпті. Хабарламаны одан ары қарай оқысақ:
«Төтенше жағдай кезінде орын алған қиындықтарды еңсерудің аса маңызды екені түсінікті. Бірақ осы кезеңдегі ауыртпалықты ел азаматтарының зейнетақы қорындағы қаржысын пайдаланып шешуге болмайды. Қорда жинақталған қаржы азаматтардың зейнетке шыққаннан кейінгі өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған қаражаттар. Демек, зейнетақы жүйесіне қатысты айтылған кез келген ұсыныс тыңғылықты экономикалық есептеулер мен бағалауларға сүйеніп айтылуы тиіс. Ал Евгений Сейпульниктің ұсынысында мұндай нақты есептер мен бағалаулар болған жоқ. Сондықтан оны талқылаудың маңызы жоқ» деп Қоғамдық кеңес мүшелері басшыларының ой-пайымын қолдамапты.
Ұсыныс қайдан шығуы мүмкін?
Иә, миллиондаған халықтың бала-шағасының аузынан жырып жүріп жинаған қаржысын көпшілік ортада «коронавируспен күреске пайдаланайық» деп айтып салған Евгений Сейпульниктің де жүрегінің түгі бар екен. Бұл өзі қайдан шыққан батыр? Шыны керек, бұл есім қазақы ортада таныс емес. Интернетті ақтарғанымызда оның білікті заңгер, талантты продюсер екенін білдік.
Миллиондаған азаматтарды бейжай қалдырмайтын, мұндай саяси-экономикалық мәні бар ұсынысты кім көрінген айта салмасы анық.
Демек, Сейпульник «зейнетақы қорындағы қаражаттың 10 пайызын коронавируспен күреске бағыттау» туралы ұсынысты әлдекім сыбырлап кетуі мүмкін ғой.
Әйтпесе, БЖЗҚ жанынан құрылған Қоғамдық кеңестің білдей басшысының мұндай ұсыныс айтқанын ақылға жеңдіре алмай отырмыз. Халықтың мүддесін көздеу үшін құрылған Қоғамдық кеңестің басшысы осындай ұсыныс айтса, халық үшін бұл ұйымның қажеті қанша?
Қоғамдық кеңестер кімнің мүддесін қорғайды?
Жалпы, қазір елдің мүддесін қорғауға тиіс осындай Қоғамдық кеңестерден аяқ алып жүре алмайсың. Олар көп жағдайда қожайындарының мүддесін қорғап кететіні де жасырын емес.
Қазір кез келген ірі компаниялар мен қорлардың жанында жұрттың арыз-арманын «жоғарыға жеткізу» ісмен айналысатын кеңестер жұмыс істейді.
Күні кеше жұмысына сын айтылған Медсақтандыру қорының жанында да осыған ұқсас ұйым жұмыс істегенін білеміз.
Интернетті ашып, сол қор жанынан құрылған ұйымның мүшелері не істеп, не қойғанын білуге талпынсаңыз түк те таппайсыз.
Әйтеуір Медсақтандыру қорының бұрынғы басшылығына сын айтыла бастағанда шұғыл отырыс өткізіп, Медсақтандыру қорының мүддесін қорғаған бірлі-жарым журналистер мен блогерлердің ой-пікірін оқуға болады.
Қожайындарының мүддесін қорғауға ыңғай танытып тұратын ұйымдардың мүшелеріне сене беруге болмайды.
Бүгінде біздің елімізде осындай қор мен компаниялардың жанындағы ұйымдардың айналасында жүріп ақша табатын тәуелсіз блогерлер, журналистер және қоғам белсенділері тобы пайда болған.
Сондықтан ел мүддесінен бұрын қожайындарының пайдасын ойлайтын мұндай ұйымдардың қоғамдық ортада салмағы жоқ. Мұндай ұйымдарды таратып жіберу керек.
Нұрбибі ханым, сізге осы кеңес керек пе?
БЖЗҚ жанынан құрылған Қоғамдық кеңестің қандай мақсатта құрылғаны жайындағы аз-кем ақпаратты қордың сайтынан алдық. Онда былай делінген: «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – БЖЗҚ) бастамасымен мүдделі тараптармен тиімді әрекеттестікті қамтамасыз ету, тұрғындардың сұрақтарын барынша қамту, жинақтаушы зейнетақы жүйесі бойынша азаматтық қоғамның (салымшылар мен алушылар) пікірін зерделеу, жинақтаушы зейнетақы жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу, бірыңғай ақпараттық кеңістікте аталмыш жүйенің жұмыс істеу қағидаларын түсіндіру мақсатында Алматы қаласында БЖЗҚ жанында Қоғамдық кеңес құрылды» депті. Бір сөзбен айтқанда, Қоғамдық кеңес халық пен қордың арасына алтын көпір болуы үшін құрылыпты.
Сонда қордың Басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаева осы Қоғамдық кеңес болмаса ел ішінде не болып жатқанын білмей ме? Бұл мүмкін емес.
Біздіңше, БЖЗҚ өз қызметкерлерін ұстау үшін халықтан қорға салған қаржысын жұмсайтыны анық. Қор жанынан құрылған Қоғамдық кеңес мүшелеріне де халықтың есебінен ақы төленуі мүмкін. Ал кеңестің басшысы болса, ел азаматтарының салымын коронавируспен күреске жұмсайық деп ұсыныс айтуда. Мұны қалай түсінуге болады?
Айтпақшы, қордың сайтына кіріп, Қоғамдық кеңестің арнайы айдарын ашып қазақ, орыс тілінде ақпарат алайық деп едік, 2017 жылы ескі ақпараттардан басқа түк те таппадық. Осы жайттан-ақ қор үшін Қоғамдық кеңестің жұмысының қаншалықты маңызды екенін түсінгендей болдық.
Тоқаев не деп еді?
Мақала соңында Евгений Сейпульникке коронавируспен күреске бас ауыртпай-ақ қойыңыз деп кеңес айтқымыз келеді. Сіз өзіңізге тапсырылған жұмысқа жауапкершілікпен қарасаңыз жетіп жатыр.
Коронавирусты еңсеру үшін Мемлекеттік комиссия құрып, Ералы Тоғжанов бастаған шенділер күресіп жатыр.
Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында қоғамдық ортада білгіш заңгерлер ақылға қонбайтын ұсыныстар айтып, жұрттың қитығына тиіп, биліктің жұмысына кедергі келтіретінін айтты.
Евгений Сейпульниктің ұсынысынан кейін қарапайым халық «Үкімет басындағылар зейнетақы қорындағы ақшаға ауыз салыпты» деп аласапыран күйге түскеніне куә болдық. Әлеуметтік желідегі жазбалардың біразы осы мәселеге арналғанын да байқадық. Ал енді қарапайым халыққа бұл әңгіменің қайдан шыққанын, кім айтқанын түсіндіріп көріңіз. Сондықтан ұсыныс айтқыш азаматтар қандай да бір әңгіменің шетін шығарғанда, оны халықтың қалай қабылдайтынын сараптап алуы керек. Індеттен жапа шегіп, шықпа жаным, шықпалап отырған жұрттың жүйкесіне тиетін ұсыныстарыңыз іштеріңізге сыймай бара жатса, қағазға жазып, тартпаларыңызға салып қойыңыздар.