19 қыркүйек күні ҚР Мемлекеттік орталық музейінде алматылық жас суретші Гузель Закированың «Орталық Азия келбеті» (Faces of Central Asia) атты жеке көрмесі ашылады.
Гузель Закирова Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика институтының «Кескіндеме» мамандығын меңгерген көркем – графика факультетінің түлегі, кескіндеме өнерінің магистрі, сонымен қатар Қытай қаласындағы Синьян өнер институтын тәмамдаған. Еңбек жолын Алматы сәулет-құрылыс колледжінде өнер тарихының оқытушысы ретінде бастады.
«Орталық Азия келбеті» көрмесінде Орталық Азия мен Қазақстандағы түрлі ұлт өкілдерінің графикалық портреттері сериясы ұсынылған. Олардың портреттегі бейнелері арқылы Орталық Азия халықтарының мәдени және рухани байлығын тануға болады.
Көрменің көркемдік негізі бір-біріне қарама-қайшы – қара және ақ түстерден жасалған графикалық және ішінара акварельдік портреттер. Өз жұмыстарында автор «Азия жүрегіне» айналған Орталық Азия аймағындағы сан алуан этникалық және мәдени ерекшеліктерді ашып көрсетуге айрықша көңіл бөлген.
Faces of Central Asia – тек көркем туындылар сериясы ғана емес, бұл суретшінің Орталық Азия өңіріне жасаған саяхаты кезінде жасалған визуалды күнделігі десек болады. Гузель саяхаттан алған әсері жайында:
– Мен көркем туындыларым арқылы Азияның өзім таныған ешкімге беймәлім қыр-сырын көрсеткім келеді, – дейді.
Faces of Central Asia сериясы автордың 2016 жылы басталған және Қытайдағы Сo – Construction of Harmonious Culture көрмесінде ұсынылған 1001 FOX (1001 face of Xinjiang) атты жеке жобасының жемісі. Бастапқыда бұл қарапайым жолаушылардың жылдам салынған эскиздері болса, кейіннен Орталық Азияға жасаған саяхаты барысында өзіндік портреттер галереясына айналған.
Гузель жасаған саяхаттың негізгі бағыты Ұлы Жібек жолының «Алматы –Қашқар – Бішкек – Наманган» бағытымен өткенін айта кетуіміз керек.
Жасыл желекті тау беткейлері, егісті алқап, шығыс базарлары, тар көшені бойлай орналасқан ірілі-ұсақ дүкендер, жеңіл көліктер мен автобустардың кептелісі – бұл біз көретін көріністің кішкентай ғана бір бөлшегі.
Азияның шынайы бейнесін Гузель Закирова Орталық Азиядағы түрлі ұлт өкілдерінің бейнесімен береді. Ол арқылы халықтың антропологиялық сипатын, тарихын, мәдени дәстүрлері мен ұлттық ерекшеліктерін тануға болады.
Әсіресе, тарихтың куәсіндей қарт адамдарды көп бейнелеген. Жалпы, көрмеде суретшінің 80-ге жуық жұмыстары ұсынылған.
Айнұр ЖҰМАХАН