Ертегі

Ертеде бір кісінің екі әйелі, екі қызы болыпты. Бәйбішенің қызы асқан сұлу да көркем, ал тоқалдың қызы көзі тұздай, мұрны біздей көріксіз екен. Бірде бәйбішенің қызына көрші ауылдан бір жас жігіт құда түсіпті, қыз да ұнатып келісімін береді. Бұны тоқалдың қызы қызғанып, сіңлісіне зұлымдық ойлай бастайды.

Қыз ұзатылады… Орта жолдағы өзеннің жағасына жеткенде жігіт:

– Мен ауылға хабар берейін, сен осы өзеннің бойын бойлап жүре бер, – деп атына қамшы басып шаба жөнеледі.

Осы кезде қайдан шыққаны белгісіз, тоқалдың қызы:

– Сіңлім-ау, қашан көрісерімізді кім білсін. Қоштасайын деп артыңнан әдейілеп келдім, Қош! – деп құшақтасқан болыпты.

– Мына өзеннің суына шомылайық, сіңлім-ау.

– Әпке, шомылар едім-ау, бірақ жүзе алмаймын ғой.

– Сол да сөз болып па? Беліңе мына арқанды байла да түсе бер, мен тартып тұрамын, – депті тоқалдың қызы.

Апасының бұрын-соңды осындай ықыласын көрмеген соң бас тарта алмай, қыз суға түсіпті. Сол сәтте залым әпкесі жібек арқанды кездікпен кесіп жібереді. Қыз тұңғиыққа бата жөнеледі…

Сәлден соң күймесімен күйеу жігіт келеді де өз көзіне өзі сенбей абдырап қалады. Мұны сезген тоқалдың қызы:

– Сенің қолыңа қарай-қарай көзім тұздай, сіңбіре-сіңбіре мұрным біздей болды ғой, неге кешіктің? – депті. Амал жоқ, қызды күймесіне мінгізіп, ауылына апарыпты. «Әдемі деген жарың мынау болса…» деп ауыл адамдары теріс айналыпты.

Күндер жылжып өте беріпті.

Сол күндердің бірінде баяғы бәйбішенің қызы ақ тайлақ болып судан шығыпты. Үйін торуылдағын тайлақтан сезіктеніп, тоқалдың қызы:

– Мына тайлақты сойып бер, мен жерікпін, – деп сойғызыпты. Сол тайлақтың қаны тамған жерге терек өсіпті. Осының тегін емес екенін білген тоқалдың қызы:

– Мына теректі шауып, бесік жаса, – деп шапқызып тастапты. Теректің жаңқасы сандықтың артына түседі.

Бірде көрші кемпір сол үйге келсе, жарқыраған сәуле көріпті.

«Құдай-ау, мынау ненің сәулесі?» деп сандыққа жақындағанда сұлу қызды көреді.

– Астапыралла! Кімсің, қарағым-ау, не істеп отрысың? – депті. Сол кезде қыз бастан өткен оқиғасын кемпірге бүге-шігесіне дейін әңгімелеп береді.

– Сен біздің үйде отыра тұр. Ай, біліп едім-ау, мұның түбі шикі екенін, – деп қызды үйіне апарып, жүгіріп жігітке келіп, болған жайдың бәрін айтқан кезде жігіт орнынан атып тұрып:

– Қайда, ол? – дейді де жүгіре жөнеледі.

Қыз бен жігіт бір-бірімен қауышып, ұзақ тұрады. Содан кейін үйіне келіп жігіт тоқалдың қызына:

– Саған қырық пышақ керек пе, жоқ әлде қырық қысырақ керек пе? – дейді.

Бұлай деген себебі өзіне қай өлімді қалар екен, қайсысын керек етер екен дегені еді.

– Әрине, қырық қысырақ керек, сүтін сауып ішетін, – депті. Бірақ тоқалдың қызы өзінің ажалы осы қырық қысырақтан келетінін білмепті.

Сөзін аяқтаған кезде ері де тоқалдың қызын жылқының құйрығына байлап, соңынан қырық қысырақты жібергенде, әйелдің дал-дұлы шығып, жан тапсырады.

Бәйбішенің қызы мен жігіт қайта қосылып, айран-асыр той қылып, балалы-шағалы болып, өмірден бақытты болып өтіпті.   

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here