«Дипломмен ауылға» барғысы келетін жастарды жиі мазалайтын сауал: «барғымыз келетін ауылды өзіміз таңдауға құқылымыз ба?».

Ауылға барып, сол арада түтін түтетіп, біржолата тұрақтап қалғысы бар жастар жұмысқа орналасқысы келетін ауылды өздері таңдағысы келеді. Оларда мұндай мүмкіндік бар ма? Олардың таңдаған мамандығы таңдаған ауылында сұранысқа ие екендігі қалай анықталады? Белгілі бір ауылды таңдаған жас түлектің өтініші қайда қаралады?

Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов осы және өзге де сауалдарға анық-қанық жауап берген екен.

Соңғы бір апта бойына «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысты түрлі мәселелерге жауап беріп жатқан Ұлттық экономика министрлігіне осы күнге дейін жастар тарапынан 400-ге жуық сауал келіп түсіпті.

«Иә, жастардың аталған бағдарламаға қызығушылығы жоғары. Министрлікке келіп түскен 400-ге тарта сауал соның дәлелі. Ауылдық жерде жұмысқа орналасып, сол арада тұрақтап қалғысы келетін жастарымыз өте көп.

Бұл қуанышты жағдай, оң үрдіс. Жастар ауылға оралса, елдің әлеуметтік-экономикалық саясатының дұрыс бағытта жүргізіліп жатқанының белгісі.

 Ресми парақшамызға осыған орай педагогика, мәдениет, медицина және де ауыл шаруашылығы саласы бойынша білім алып жатқан ЖОО түлектері мен студенттері көптеп хабарласуда. Оның ішінде Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай, Түркістан, Орал, Тараз қаласының ЖОО-ларында оқитын жастардың белсенділігі жоғары», – дейді вице-министр.

Бағдарламаға қатысты қойылған сұрақтардың сипаты да әртүрлі. Әйтсе де солардың арасында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша барғым келетін ауылды өзім таңдай аламын ба» деген сұрақ жастар тарапынан жиі қойылған.

Вице-министрдің айтуынша, бұл жағынан жас мамандарға еркіндік беріліп отыр.

«Бағдарлама бойынша барғысы келетін ауылды жастарды өздері таңдай алады. Айталық, Түркістан облысының түлегі Алматының іргесіндегі Іле ауданының бір ауылына барғысы келді делік. Бірінші кезекте ол Іле ауданына баруы қажет.

Ауданда аталған бағдарлама бойынша жастарды қабылдайтын арнайы комиссия жұмыс істейді. Бұл комиссияға аудан әкімі не болмаса оның орынбасарлары басшылық етеді.

Қолында дипломы бар түлек осы комиссияға сұраған құжаттарды түгел өткізіп, қай ауылға барғысы келетінін түсіндіргені жөн.

Комиссия өз тарапынан жас маманның таңдаған ауылында оның мамандығына сұраныс бар-жоқтығын тексеріп, құжаттарын бағдарлама талаптарына сәйкестігін анықтайды.

Егер түлектің білім алған мамандығы ауылға аса қажет деп табылса, комиссия мүшелері оң шешім шығарып, жас маманды жұмысқа орналастыруға, баспанамен қамтуға қажетті қаржының есебін жасайды», – дейді Ермек Алпысов.

Оның айтуынша, бұдан кейін ауданға «Дипломмен ауылға» бағдарлама бойынша келген жастардың деректері топтастырылып, облыстан бекітіліп,

Ұлттық экономика министрлігіне жөнелтіледі. Министрлік осы құжаттар негізінде тиісті қаржы бөледі.

Айта кетелік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Дипломмен ауылға» бағдарламасына бөлінетін қаржыны көбейтуді тапсырған болатын.

«Ауыл мектептерінде білім сапасы құлдырап барады. Қала және ауыл мектептерінің арасындағы орта білімнің сапасы күн өткен сайын алшақтау үстінде. Бұл ауылдарда білімді, білікті педагог мамандардың тапшылығынан туындап отыр», – деген болатын Мемлекет басшысы.

Осы себепті Тоқаев «Дипломмен ауылға» бағдарламасының ауқымын кеңейтіп, бағдарлама жұмысын жаңа деңгейге көтерудің қажеттігін тілге тиек еткен.

 «Үкіметке 2020 жылдан бастап «Дипломмен ауылға» бағдарламасын қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді тапсырамын», – деді Қазақстан Президенті.

Ал Ұлттық экономика министрлігі тарапынан өткізілген конференция осы тапсырманы орындау мақсатында ұйымдастырылды.

Аяулым ШАЙМАРДАН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here