Бүгінде Қазақстандағы жаңғырмалы энергия көзін дамытуда негізгі қолдауды мемлекет көрсетіп отырғаны белгілі. Десек те, соңғы уақыттары бұл бағыттағы жұмыстарға жекелеген инвесторлар да қаржы салып, қызығушылық танытып отырғанын атап айтуға болады. Биылдың өзінде Ақтөбе облысында Eni компаниясының қолдауымен салынған күн көзінен қуат алатын электр стансасы салынды. Өткен жылы Алматы облысының Қапшағай қаласында «Eneverse Kunkuat» компаниясы күн көзінен қуат алатын стансаны салып, оған Nurǵısa деп ат бергені есімізде.
Инвесторлар неге қызықты?
Егер статистикалық деректерге көз жүгіртетін болсақ, соңғы бес жылда Қазақстанда жаңғырмалы қуат көзін дамыту ісінде ілгерілеушілік орын алғанын байқаймыз.
Айталық, осы уақыт аралығында елімізде ұзын саны 119-ке жететін шағын ГЭС, күн мен желден қуат өндіретін нысандар салынған.
Еліміздегі жекелеген инвесторлардың жаңғырмалы қуат көзін өндіру ісіне қаржы сала бастағанына қандай жайттар әсер етті деген заңды сұрақ туындайды. Қолында қаржысы бар кәсіпкерлердің бұл салаға қызығатын бірнеше себебі бар. Енді соны рет-ретімен баяндасақ.
Бұл ретте инвесторлардың бұл салаға қызығушылық танытуына жаңғырмалы қуат көзін дамытуға қатысты жобаларды мемлекеттің барынша қолдау көрсетіп отырғанын айтуға болады.
Жаңғырмалы қуат көзін дамытуға белді бекем буған кәсіпкерлерге Қазақстан билігі пайыздық үстемесі арзан несиелер мен субсидиялар береді. Бұдан басқа, мемлекет кәсіпкерлерге өндірген қуат көздерін сатып алу ісіне кепілдік беруде. Инвесторлар электр стансасын салғаннан кейін ортақ желіге қалай қосып, өндірген өнімін қалай сатамын деп басын ауыртпайды.
Бұдан басқа, соңғы уақыттары халықаралық қаржы институттары да Қазақстанның 2050 жылға дейін өзіне қажетті қуат көзінің 50 пайызын жаңғырмалы қуат көзінен өндіру жобасына қызығушылық танытып, қаржы құя бастады.
Қаржы қайдан құйылуда?
Олардың көшбасында Еуропа қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Еуропа даму банкі тұр. Ал еліміздегі қаржы институттары арасында жаңғырмалы қуат көзін дамытуға Қазақстан даму банкі айрықша үлес қосып отырғанын атап айтуға болады.
Елімізде жаңғырмалы қуат көздері қанша қарқынды дамыса да, дәстүрлі энергетика кешендерінің алдына түсіп кеткен жоқ. Қазіргі таңда Қазақстанда қуат көзін, негізінен, көмірмен жұмыс істейтін Жылу электр стансалары өндіріп тұрғаны жасырын емес.
Қазақстанның «жасыл» экономикаға өтуі 2013 жылы бастау алғаны белгілі. Жоспар бойынша 2050 жылы елімізде өндірілетін қуат көздерінің 50 пайызы жаңғырмалы энергия көздерінен өндірілуі керек. Осылайша, Қазақстан билігі алдына таудай талап қойып отыр.
Күн энергетикасы алға шықты
Бүгінде еліміздегі қуат көзінің 80 пайызы көмірді жағудан өндірілетіні белгілі. Әзірше «жасыл» энергетика Қазақстандағы халық пен кәсіпорындардың қуат көзіне деген сұранысын өтей алмайды.
Осы ретте 2018 жылы Үкіметтің жаңғырмалы қуат көзін дамытуға қатысты жоспарларын кешенді жүзеге асырудың нәтижесінде «жасыл» энергетиканың тарифі 20 пайызға төмендеді. Мұндай оң нәтижеге энергетикалық нысандарда жаңа технологияның енгізіліп, қол жеткізілгенін айта кетуіміз керек.
2018 жылы Қазақстандағы жаңғырмалы қуат көзін өндіруші кәсіпорындары энергетикалық қуаты 531 МВт-ты құрап, аталған кезеңде 1,35 млрд кВт/сағ электр қуатын өндірді. Бұл еліміздегі өндірілетін қуат көздерінің 1,3 пайызын құрайды.
Биыл «жасыл» энергетиканың өндірістік қуаты 915 МВт-ты жетсе, алдағы 2021 жылы 2000 МВт-ты құрайтын болады. Биылдың өзінде еліміздегі жаңғырмалы қуат көзін өндіретін нысандардың саны 119 бірлікке жетіп отыр.
Қазақстанда жаңғырмалы қуат көзін өндірудің мүмкіндігі зор. Бүгінде «жасыл» энергетиканы дамытуда күн көзінен электр қуатын өндіретін стансалар көш бастап тұр. Бұдан кейінгі орындарға шағын ГЭС-тер мен жел электр стансалары жайғасқан.
Мамандар осыдан сегіз жыл бұрын дүниежүзінде жел электр стансаларының тартымдылығы жоғары болса, қазіргі таңда күн энергетикасын дамыту ісі алға шыққанын алға тартуда. Өйткені күн сәулесінен қуат көзін өндіру саласына жаңа технологиялардың дендеп енуі бұл саланың дамуына жол ашқан. Осылайша, күн көзінен қуат өндіру ісі желге қарағанда баға тұрғысынан тиімді болып тұр.
Нұрлан ЖҰМАХАН