Қазір Жетісу жерінде көптеген ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Мұндаға өзге ұлт өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын жандандырып, өңірдегі береке-бірліктің шырайын кіргізіп отырғанын мақтанышпен айтуға болады. Алматы облысындағы ұлтаралық татулықтың жарқын үлгісін көрсетуде «Алматы облысы орыс орталығының» алатын орны ерекше. Сонау 1992 жылы құрылған орталық қазіргі таңда Жетісудағы іргелі ұйымдардың көшін бастап отыр. О баста этномәдени орталықты өңірге танымал Анатолий Степанищев басқарса, бұдан кейін орталықтың тізгінін өңірді мекендеген орыстардың алдында беделге ие бірнеше азамат жетекшілік жасады. Қазіргі таңда орталықты Александр Бузыкин басқарып, жұмысын жандандырып отыр. Ол орталықты 2013 жылдан бері басқарып келеді.

Текелідегі тірлік

Орыс этномәдени орталығы облыс аумағындағы аудандық және қалалық жердегі славян тектес ұлттардың басын қосып отырған іргелі ұйым. Осы ретте жергілікті жердегі этномәдени бірлестіктердің атқарған жұмыстарының арқасында орталық облысқа танылуда.

Қоғамдық өміріміздегі береке-бірлікті нығайтуда Орыс этномәдени орталығының құрамына кіретін Текелі қаласындағы бөлімшесі жергілікті жастардың басын қосып, театр өнерін дамытып, қазақ пен орыс халқының танымал шығармалары негізінде түрлі қойылымдар қойып, жұртшылықтың көңілінен шығып жүргенін атап айтуға болады.

Кезінде өндіріспен аты шыққан қаладағы ұлтаралық татулықты нығайтуға Текелі қаласы Мәдениет үйінің директоры Константин Нестеров айрықша үлес қосуда.

Қазақ пен орыс халқының арасындағы ғасырларға созылған мәдени құндылықтардың негізінде, ұлтаралық татулықты нығайтуға бар күш-жігерін жұмсап жүрген Константин Нестеровтың ерен еңбегін жетісулықтар жоғары бағалайды.

Қапшағайды танытқан «Сударушка» ансамблі

Киелі Жетісу жерінде орыс мәдениетінің отын өшірмей, дамытуда Қапшағай қаласындағы «Сударушка» халық ансамблінің негізін қалаған Зинаида Волкованың еңбегі ерен екенін айтпай кетуге болмайды.

Ол жетекшілік ететін «Сударушка» ансамблі ұзақ жылдан бері Қапшағай қаласын ірі фестивальдерде кеңінен таныстырып, айтулы өнер додаларында қаланың намысын қорғап келеді.

Шағын құрамдағы өнер ұжымы орыс, қазақ, белорустың халық әндерін нақышына келтіре орындап, елдің алғысына ие болуда. Олар көздің жауын алатын орыс халқының ұлттық киімін киіп сахнаға шыққанда, көрермендер олардың таланты мен ұлттық киіміне қызыға қол соғатынын жұрт жақсы біледі.

«Сударушка» ансамблінің жетекшісі Зинаида Волкова өнер ұжымының сахналарда жарқырай көрінуіне қалалық әкімдік барынша қолдау көрсетіп, көздің жауын алатын әдемі ұлттық киімдерді тіктіруге қаржы бөлгенін алға тартқан болатын. Мұндай қамқорлыққа өнер ұжымы дән риза. Қапшағай қаласы әкімдігіне деген алғыстары шексіз.

«Сударушка» ансамблі тек қана Жетісуда ғана емес, республика бойынша танымал өнер ұжымы десек болады. Біздің бұл сөзімізге ансамбльдің қоржынындағы түрлі өнер байқауларында жеңіп алған мақтау қазғаздары айқын дәлел болады. Осыдан біршама уақыт бұрын Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұжымның өнеріне ризашылықтарын білдіріп, арнайы Алғыс хат жолдағанын атап айтуымызға болады. Бұдан басқа, биыл «Сударушка» халық ансамблі Семей қаласында өнер көрсетіп, Шығыстағы жұрттың көзайымына айналғанын айта кетуіміз керек.

Көксудағы жастарға жасалынған қамқорлық

«Алматы облысы орыс орталығы» қоғамдық бірлестігінің жұмысын жандандыруда Көксу аудандағы орыстар белсенді үлес қосып, ықыласпен жұмыс істеуде. Осы ретте облыстағы қоғамдық бірлестікті басқарып отырған Александр Бузыкин кезінде аудандағы орыс этномәдени орталығының жұмысын өркендетуге барынша үлес қосқан болатын. Ол қазірде бұл бағытта жұмысқа айрықша мән беріп келеді.

Көксу ауданындағы орыс мәдени орталығы жастардың патриоттық бағытта тәлім алуына айрықша көңіл бөлгенімен ерекшеленеді. 

1990 жылдары еліміз нарықтық экономикаға көшкенде экономикалық байланыстар үзіліп, аудан-ауылдағы жастарға тәлім-тәрбие беру ісімен айналысқан үйірмелер жұмысын тоқтатқан еді. Осылайша, ауыл балалары тек мектепке ғана барып, сабақ оқумен шектелді.

Сол кезде Көксу ауданының орталығындағы жастардың бұлайша бос жүруін қаламаған кәсіпкер азамат Александр Бузыкин балаларға арнап спорттық-мәдени орталық ашып, ауыл жастарының қолы бос кезінде спортпен және ән-күй үйірмелеріне қатысып, таным көкжиегін кеңейтуге күш салған болатын.

Осылайша, құрылыс саласында табысты жұмыс істеген кәсіпкер аудан орталығындағы жас жеткіншектердің отаншыл азамат болып қалыптасуы үшін күші мен қаражатын аяған жоқ.

2000 жылы Александр Бузыкин ескі кітап дүкенінің ғимаратын сатып алып, оған заман талабына сай күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, Балпық би ауылының жастарына арнап, шығыс жекпе-жегі, домбыра, изостудия, театр, бишілер үйірмесін және фортепиано сыныбын ашқан болатын.

Қазіргі таңда көксулықтар кезінде атқарылған ізгі жұмыстардың нәтижесін көріп отыр. Облыс көлеміндегі түрлі спорттық және мәдени шараларда көксулық жастар жүлделі орындарға ие болып, ауданның атын шығарып жүргенін атап айтуға болады.

«Харуат» деген атауға ие болған орталыққа Балпық би ауылының балалары мектептен кейін жиналып, спортпен айналысып, музыкалық аспаптарды үйреніп, өздерінің қабілетін шыңдауда.

Мұнда мереке күндері ауыл тұрғындары да жиналып, жастардың өнерін тамашалауды әдетке айналдырған. Орталық ішіндегі үйірмелерге 300-ден астам ауыл жастары тұрақты түрде қатысып, өздерінің бос уақытын тиімді өткізуге дағдыланған.    

– Көптеген адамдар орталықтың атауын «Харуат» деп қойдыңыздар, қандай мағана береді» деп сұрайды. «Харуат» көне түркі сөзі – алға, биікке ұмтылу деген мағына береді. Яғни біздің алға қойған мақсатымызбен осы сөз ұштасқаннан кейін орталықтың атауын «Харуат» деп атағанды жөн санадық. Біздер жастардың бойындағы талантты ашып, оны дамытуды көздейміз. Жобаны алғаш қолға алғанымызда көптеген адамдар бұл істің дөңгелеп жүріп кететініне сенген жоқ. Бірақ біз өзімізге сенімді болғандықтан, алға қарай қадам баса бердік. Қазір сол жұмыстардың нәтижесін көргенде, көкірегімізді мақтаныш сезімі кернейді, – дейді Александр Бузыкин.

2003 жылы Александр Бузыкин бастаған белсенді азаматтар «Көксу орыс мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігін тіркетіп, белсенді жұмыс істеуге көшті. Әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, зейнеткерлер мен көпбалалы отбасыларға көмек қолын созуды әдетке айналдырды. Осылайша, өнегелі ісімен жұрттың ықыласына бөленген Александр Бузыкин мырза қазіргі таңда «Алматы облысы орыс орталығын» басқарып, жұмысын жандандырып отыр.

Жетісудың жас фотографтары қалай қалыптасты?

Қазіргі таңда «Алматы облысы орыс орталығы» өз жұмыстарын бірнеше бағытта жүргізіп, елімізде ұлтаралық татулықтың, жастар арасында патриоттық сезімді дамытуға өз үлестерін қосып келеді. Орталық жетекшісі қолда бар ресурстарын тиімді пайдаланып, жемісті жұмыс істеуге күш салуда.

Орталық құрамындағы жастар ісімен айналысатын «Жастар кеңесін» Л.Зайцева басқарады. Орталық жұмысына белсене араласатын Жетісудағы орыс жастары облыс көлемінде өтетін мәдени іс-шараларға белсене қатысып, жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға күш салып келе жатыр.

Бұдан басқа, «Жастар кеңесі» орыс орталығының Талдықорған қаласындағы Достық үйіндегі кеңсесі жанынан «Капитошка» қуыршақ театрының жұмысын ұйымдастыруға да белсене үлес қосты. Тағы да айта түссек, «Жастар кеңесінің» ең ауқымды жобасы ретінде «Жас фотогрфтар мектебін» ұйымдастырып, Жетісудағы суретке түсіру өнеріне аңсары ауған жастардың басын қосып, үлкен жұмысты атқарғанын айрықша атап айтуға болады. Аталмыш мектепте Алматы облысына аты белгілі В.Оборотов, А.Цветков, С.Щербаков сынды фотогрфтар жастармен іс-тәжірибесін бөлісіп, Жетісудың көзтартар көрікті жерлерін қалай объектив нысанына алу керектігін үйретті. Осы жұмыстардың нәтижесінде Талдықорғандағы Достық үйінде жас фотографтардың «Жетісу», «Менің қалам», «Тұлға»  деп аталатын көрмелері өтіп, жұрттың назарын аударған болатын.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here