«Денсаулық» бағдарламасы аясында атқарылған істер осы жылы қорытындыланбақ. Бағдарлама көздеген мақсатына жетті ме? Медицина саласындағы кемшіліктердің көзін жойын, саланы сапаландыруда аталған бағдарламаның ықпалы қаншалықты болды? Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов біздің ғана емес, көптің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берген екен.

Ана мен бала өлімі азайды

Осынау бағдарламаның көмегімен көп іс тындырдық. Бағдарлама қабылданғалы 3 жыл өтіпті. Осы жылда отандық медицинаның тамырына қан жүгірді. Медицина саласын жаңа сапаға көтердік, бұл өз кезегінде демографиялық ахуалға оң әсерін тигізді. Құрғақ сөз көпшіліктің көңілінен шықпасы анық. Нақты деректерді алға тарта кетейін.

«Денсаулық» бағдарламасы қабылданғалы:


Өлім-жітім 3 пайызға;

Ана өлімі 9 пайызға;

Бала өлімі 6,5 пайызға төмендеді.

Халықтың өмір сүру ұзақтығы:

73,14 жасқа дейін ұзарды.

Туберкулез ауруынан көз жұмған азаматтардың саны 29 пайызға азайды.

Санитариялық көмек қызметін жаңа деңгейге шығардық. Бұл бойынша ересектер және балаларға арналған 7 түрлі скринигтік бағдарлама әзірленді.

Былтыр соның аясында:

12,2 миллион адам тексеруден өтті. Нәтижесіне 826 мың адамның сырқаты анықталып, 409 мың азамат медициналық тіркеуге алынды.

«Денсаулық» бағдарламасы негізінде: жоғары технологиялы медицина қызметін жолға қойдық.

Бұған дәлел былтыр: 1 200 транспланттау операциясы жүргізілді. Қазақстан жүректің қарыншасын сәтті ауыстырып, қондыратын елдердің қатарына кірді. Мұндай аса сирек кездесетін тұп-тура 43 операция жасалғанын айта кетуім керек.

Өткен жылы оташыларымыз сымсыз қуатты бионикалы жүректі өте сәтті импланттаған болатын.

Бағдарлама шеңберінде: инфекциялық аурулар қатарына жатпайтын азаматтарды тіркеуге алу жұмысы бір жүйеге келді. Әзір бұл жүйеге 200 мыңнан аса емделуші қатысуда.

Ал мұның мақсаты неде десеңіз, осының нәтижесінде Қазақстанда ауруы асқынып ауруханаға түскен азаматтардың саны 2 жарым есеге азайды.

Алғашқы медициналық-санитариялық көмекке арналған

164 жаңа нысан;

1 мыңнан астам дәрігер учаскесі;

79 педиатрия учаскесі ашылды.

Бұл өз кезегінде ауруға шалдыққан адамға алғашқы көмегін көрсететін ақ халатты абзал жандардың жүктемесін жеңілдетті.

Жалпы алғанда «Денсаулық» бағдарламасы аясында Алғашқы медициналық-санитариялық көмекке бөлінген қаржы-қаражат 40 пайызға артқанын тілге тиек ете кетейік.

Бұдан бөлек

Былтырғы жылдан бастап еліміздегі шұғыл медициналық көмек әлемдік талапқа сай жаңа стандартқа ауысты.

Оның ішінде:

1) Еліміздегі жедел-жәрдем көліктерінің 80 пайыздан астамына мекенжайды адаспай табуға мүмкіндік беретін заманауи GPS орнатылды;

2) Жедел-жәрдемде істейтін мамандардың дерлігі әлемдік талапқа сәйкес жедел көмек көрсету курсынан өтті;

4) Жедел-жәрдем көліктерінің 33 пайызы техникалық тұрғыдан жаңартылып, дизайны қайтадан жасалды;

5) Былтырдан бері жедел-жәрдем жүйесін түбегейлі өзгертіп, бұдан былай жедел-жәрдем дәрігерлері сырқат шақырған жерге 15 минуттың аралығында жететін болады.

Ал енді бұлардың нәтижесінде қандай болды десеңіз, осының негізінде түрлі жазатайым жағдайлардан, жарақаттан немесе уланып қайтыс болатын тұрғындардың саны 3,2 пайызға төмендеді.

 «Денсаулық» бағдарламасында аясында атқарылған тағы бір ауқымды іс – отандық медицина саласындағы тұрғындар сұранысына сай жаңа мамандықтар пайда болды. Соның бірі – жедел-жәрдем дәрігері деп аталады.

Осы санаттағы мамандарды алғашқы көмек көрсетудің қыр-сырына әбден баулып, машықтандырдық. Соның нәтижесінде соңғы жылдары елімізде ауруханаға жетпей көз жұматын жағдайдардың саны 0,4 пайызға азайды.

Дәрі-дәрмекті қолжетімді қылдық

Бағдарламадағы тағы бір маңызды тармақтың бірі – халықтың қолжетімді дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз ету болатын.

Осы мақсатта сәуір айында Денсаулық сақтау министрлігі болып еліміздегі дәрі-дәрмектердің бағасын реттеуге рұқсат беретін арнайы норма қабылдадық.

Мұндағы мақсат: бұдан былай бағалар Денсаулық сақтау министрілігінің, Дәрі-дәрмекті сараптайтын ұлттық орталықтың және де Тауар мен көрсетілетін қызметтің қауіпсіздігі және сапасын қадағалау комитетінің бақылауында болады.

Еліміздегі барлық дәрі-дәрмектің бағасын осынау құрылымдардың интернет ресурстарынан және де осы мақсаттағы арнайы мобильді қосымшалардан білуге болады. 

Бұрындары бұл салада берекесіздік бар еді. Дәрі-дәрмек бағасы тұрақталып, орталықтандырылғаннан кейін 39 миллиард теңге үнемделіп, артылған ақша тағы да қосымша дәрі сатып алуға жұмсалды. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің аясында әзір еліміздегі барлық медициналық орталықтарға 33 миллиард теңгенің дәрі-дәрмегін жөнелттік.

Жалпы биылғы жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан көлемінде 14 миллиард теңгеге 2 миллионнан аса рецепт жазылған екен, бұлардың 13 миллиард теңгесіне алынған тегін дәрілер сырқат азаматтарға тегін таратылды.

Сатып алуды да бүгінгі заманның талаптарына бейімдеп, цифрландыру жүйесін қарқынды ендірудеміз. Осының нәтижесінде 14,5 миллиард теңге үнемделді, аталған қаржатты емге мұқтаж азаматтардың қажетіне жұмсадық.

Сонымен қатар медицина мамандары тарапынан қандай да бір заңбұзушылықты көзі шалса, тұрғындар министрлік жанынан ашылған Дәрілік ақпараттық-сараптама орталығына хабарласа алады. Орталықтың тікелей желісі  – 1439.

Әйтсе де…

Жасырары жоқ Қазақстандағы медициналық ұйымдар мен орталықтардың 60 пайызы тозып тұр. Олардың инфрақұрылымдарын толығымен жаңалау керек. Ал бұған ең кем дегенде 1 триллион теңгеге жуық қаражат қажет.

Мұндайда инвесторлар көмегіне жүгінген жөн. «Денсаулық» бағдарламасы қабылданғалы отандық медицинаға инвестиция тартуды біртіндеп жолға қоюдамыз.

Соңғы жылдары күрделі жөндеуді қажет ететін 66 нысанның құрылысына 7,5 миллиард теңге жекенің инвестициясы тартылғанын айта кетейік.

Жалпы алғанда ілгерілеу бар. Былтырдың өзінде 165 медициналық нысанның қабырғасы қаланды. Бұлардың барлығы бақылауымда болды.

Екі айдың ішінде еліміздің барлық облысын аралап, 70-ке жуық медициналық мекеменің жұмысымен таныстым. Мойындау керек, ауылдық жердегі медициналық мекемелердің сапасы сын көтермейді. Көпшілігінің тозығы жеткен, медициналық құрал-жабдықтары ескірген.

Алдағы уақытта шалғай орналасқан аудан-ауылдардың аураханаларын күрделі жөндеуден өткізіп, оларды жедел-жәрдем көліктерімен толықтай қамтамасыз ететін боламыз. Осы мақсатта өңір басшыларымен бірлесіп 2026 жылға дейін жүзеге асатын кешенді жоспар құрдық.

Медициналық сақтандыру – уақыттың талабы

«Денсаулық» бағдарламасына баса көрсетілген тағы бір маңызды міндеттің бірі – медициналық сақтандыру саласын кіріктіру. Бұл бағытта белсенді жұмыс атқарып жатқан жайымыз бар. Әзірдің өзінде осы бағыттағы Медициналық сақтандыру қорына 177 миллиард теңге аударылған екен.

Қордағы басы құралған қаражаттың 95 пайызын жұмыс беруші тарап, ал өзге 5 пайызын жеке кәсіпкерлер аударған.

Жарна төлеу жағынан қазір Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Алматы қалалары көш бастауда. Медициналық сақтандыру ісін дұрыс жолға қойсақ, елдің көңіліне келмейтін салаға ендіре білсек, бұл еліміздегі медицина саласының сапасын тұтастай алғанда жақсартуға үлес қосары сөзсіз.

«Қала мен Дала» дерегі:

Былтырғы жылы ауылға еңбек етуге келген 500-ге жуық жас маманға әлеуметтік көмек көрсетілген.

Бүгінгі күні еліміздегі дәрігерлер тапшылық бар, шамамен 7 мыңға тарта медицина маманына мұхтажбыз.

Биылғы жылы 3 мың резидент аймақтардағы клиникаларға жіберіледі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here