«Мектепке жол» акциясы басталды

0
2450

Күні кеше ғана ҚР Білім және ғылым министрлігі жылда ұйымдастырылатын дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы басталғанын хабарлады.

Биылғы жылы көмекке мұқтаж балаларды барынша қамту мақсатында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы дәстүрлі басталуынан бір ай бұрын, шілде айынан басталып, 30 қыркүйекте аяқталмақшы.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасы аз қамтылған, көпбалалы, қолайсыз отбасының балаларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған. Бұл акция «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен оның аумақтық бөлімшелерінің және «Менің атамекенім» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен «Жүректен жүрекке!» ұранымен өтеді.

Шара аясында жаңа оқу жылы қарсаңында демеушілер мен меценаттар мұқтаж балаларға материалдық және қаржылық көмек көрсетеді, төмен бағамен мектеп жәрмеңкелерін өткізу, қаланың ірі сауда және сауда-ойын-сауық орталықтарында мектеп керек-жарақтары мен киім жинау үшін контейнерлер орнату, көмек жинау бойынша жылжымалы пункттер ұйымдастыру жоспарлануда.

Құқықтық көмек көрсетуді және ақпараттық-түсіндіру сүйемелдеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ «тәуекел тобындағы» балаларды анықтау үшін еріктілерді тарта отырып, мобильді топтар құрылады.

Саяжайлардың және саяжай шаруашылықтарының, шаруашылықтар мен фермерлер алаңдарының аумағында, базарларда, автожуу орындарында, жанар-жағармай құю станцияларында, үйлердің жертөлелерінде, көңіл көтеру орындарында, компьютерлік салондарда әлеуметтік себептермен мектепке бармау қаупі бар балаларды анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізіледі.

Акцияның он бір жылы ішінде жалпы сомасы 20 млрд. 200 млн. теңгеден астам материалдық көмек 2 млн. 960 мың балаға берілді. Қайырымдылық акциясын өткізуге бизнес-құрылымдар, кәсіпкерлер, демеушілер мен меценаттар айтарлықтай үлес қосып келеді. Тек өткен жылы демеушілер мен меценаттар 224 174 балаға 2 млрд.5 млн. 618 мың теңгеге көмек көрсетті (2017 жылы – 211 723 бала – 1 млрд. 709 млн. 167 мың теңгеге).

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here