«Медициналық пойызға» 7 420 адам қаралды

0
2205

Осыдан біршама уақыт бұрын қарапайым халыққа медициналық қызмет көрсететін медпойыздың жолға шыққанын ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. Бүгінде сол акция жалғасып тауып, орталықтан жырақта шалғайда тұратын мыңдаған азаматтар медпойыздың қызметіне жүгініп, қуанышқа бөленуде.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, еліміздің шалғай аймақтарындағы 7 мыңнан астам тұрғыны мамандандырылған пойыздың қызметіне жүгініп, тегін медициналық көмек алғаны мәлім болды. «Медициналық пойыз» Алматы, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының шет аймақта орналасқан бекеттерінде болды. Қазіргі уақытта ол Ақмола өңіріне келді.

Пойыз іске қосылған күннен бастап 7 420 адам, оның ішінде 1 465 бала қабылдауда болды, сондай-ақ дәрігерлерге келушілердің саны 20 000-нан асады, 623 кіші хирургиялық ота жасалды, 283 ФГДС процедурасы, 2 416 УДЗ жасалды және флюрографиядан 1 324 адам өтті.

– Өткен жылы 124 шалғай бекетте тұратын 40 000-нан астам тұрғын тексерілді. Биылғы жылы біз баратын облыстардың санын арттырдық. Егер бір жыл бұрын пойыз 9 облыстың ғана тұрғындарын тексерсе, онда биылғы маусымда дәрігерлер бригадасы 21 желтоқсанға дейін жолда болып, Қазақстанның 14 облысының 195 бекетін қамтитын болады. 60 000-нан астам адамды қамту жоспарланған,– деді «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бас директорының орынбасары Әсел Шілдебаева.

Атап өтейік, биыл медициналық пойыз Алматы қаласынан бастау алды және Қазақстанның барлық облыстарында болады. 17 маусым мен 7 шілде аралығында медициналық пойыз Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарындағы 24 бекетте болады.

Жоба аясында еліміздің медициналық қызмет қолжетімсіз шалғай аудандарының тұрғындарына тегін медикалық-санитарлық, консультативтік-диагностикалық көмек көрсетіледі. Медициналық бригадалардың құрамында терапевттер, стоматологтар, окулистер, маммологтар, невропатологтар, кардиологтар тағы басқа да мамандар бар.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here