Елімізде жастарды қолдауға бағытталған жобалар жүзеге асуда. Солардың бірі һәм бірегейі Zhas project жобасы болып тұр. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері жөніндегі комитеттің бастамасымен ұйымдастырылған жоба биыл Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында пилоттық жоба ретінде алғаш рет ұйымдастырылуда.  

Күні кеше ғана Zhas project жобасы тұсауын кескен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері жөніндегі комитетінің төрағасы Қайрат Баймолдинов жоба әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан жастардың жобаларын қолдауға бағытталғанын атап өтті.

– Біздің министрлік осы жоба арқылы жағдайы төмен отбасыларда тәрбиеленіп жатқан жастардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене қатысуына жол ашуды көздеп отыр. Бүгінде өңірлерде жобаны жүзеге асырушы қоғамдық ұйымдар анықталып, олар жастардың жобасын қабылдауды бастап кетті. Айталық, Алматы мен Жетісу облысында «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігі жобаның үйлестірушісі ретінде танылды. Ал Қарағанды мен Ұлытау облысында «Жас ұлан» ұйымы, Түркістан облысында «Қазақстан жастар конгресі» ұйымы және Маңғыстау облысында «Түпқараған жастары» ұйымы жобаға қатысушылардан құжат қабылдайды. Алғашқы кезеңде жастардан 250 жоба қабылдауды жоспарлап отырмыз. Жастардың әрбір жобасын жүзеге асыру үшін 1 млн теңгеден грант беретін боламыз, – деді Жастар және отбасы істері жөніндегі комитеттің төрағасы Қайрат Баймолдинов.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы Zhas project жобасына үйлестіруші ұйымдар арасында байқау ұйымдастырып, әр өңір бойынша жобаны үйлестірушілерді анықтады. Сонымен қатар орталық жетекшісі Ғалым Құрман биыл грантты ұтқан жастардың қолына ақша қолма-қол берілмейтінін атап өтті. Өйткені кейбір жастар қаражатты басқа мақсаттарға жұмсап тастауы мүмкін екенін айтты. Сол себепті жобаға қаржы жобада көрсетілген мәселелерге ғана жұмсалатынын ұйымдастырушылар алға тартты. Айталық, жобаға ұтқан жастар шағын тігін цехын ашқысы келсе, жобаны жүзеге асыруға қажетті бұйымдардың сметасын жасап, жобаны үйлестіруші ұйымдарға тапсырады. Бұдан кейін өңірлердегі жобаны үйлестіруші қоғамдық ұйымдар жобаға қатысушының сметасында көрсетілген керек-жарақтарды сатып алып береді. Осы ретте мемлекет тарапынан ұсынылып отырған гранттың қайтарымсыз болғандықтан, жобаны іске асыру барысында сатып алған құрал-жабдықтардың бәрі жастардың өздерінде қалады.

Жоба аяқталғаннан кейін жастар осы құрал-жабдықтарын пайдаланып, жобаларын өздері үшін пайдалы кәсіпке айналдыра алады. Тағы да айта кететін мәселе, жобаға қатысып, топ жарған жастарды аймақтардағы үйлестірушілер жеке кәсіпкерлік нысанын қалай құру керектігі, салықтық есептерді қалай тапсыруды үйрететінін айта кетуіміз керек. Осылайша, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Zhas project жобасына қатысқан жастарды кәсіпкерлікке бейімдеуді және осы жоба аясында еліміздегі NEET санатындағы жастардың санын азайтуды көздеп отыр. 

Zhas project жобасына қатысқысы келген жастар өз жобаларын 10 тамызға дейін өз аймақтары бойынша Zhas project сайтына жолдай алады. Арнайы сайтта жобаны тіркеу барысында жастар өзінің жетім, көпбалалы отбасынан шыққан немесе net санатындағы жастардың тобына жататынын анықтап көрсетсе жобаны іріктеу барысында басымдыққа ие болатынын да ескертеміз.

Ұйымдастырушылар Zhas project жүзеге асыратын аймақтарды анықтау барысында аталған өңірлерде NEET санатындағы жастардың саны көп болған соң, әдейі таңдалынып алынғанын алға тартты. Егер жоба сәтті жүзеге асатын болса, аталған аймақтардың жастары өздерінің кәсібін бастауға тамаша мүмкіндік алатын болады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here