Лос-Анджелес қаласында өткен халықаралық Hollywood Film Festival кинофестивалінің бірінші кезеңінде «Әміре» фильмі Silver Screen Award жүлдесіне ие болды. Қазақтың тенор дауысты біртуар әншіcі Әміре Қашаубаевтың ғұмырын баяндайтын фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Dar Play» компаниясымен бірлесе түсірген.

Айта кетсек, фестивальдің алғашқы кезеңінде Silver Screen Award жүлдесіне үміткерлер қатарына байқауға қатысатын әр елдің бірнеше фильмдері ұсынылған болатын.

Бұл кезеңде Қазақстан атынан алты бірдей кинотуынды – үш толықметражды және үш қысқаметражды фильмдер қарастырылған. «Әміре» картинасымен қатар Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарған үш фильм бақ сынады. Олар – толықметражды фильмдер байқауында Төлеген Байтөкеновтің «Саташ» фильмі және Елжас Рақымбековтің «Эль Фриман» картинасы, ал қысқаметражды фильмдер бөлімінде Берік Жахановтың «Асан» фильмі қатысқан-ды.

Бірінші кезеңдегі Silver Screen Award жүлдесіне «Әміре» фильмі еніп, Франция, Германия, Чили, Жапония мен Швеция сынды басқа да 16 мемлекеттен қатысатын фильмдермен бірге фестивальдің басты жүлдесі үшін күреске түсетін болды. Бұл фестивальде фильмді режиссер Джефф Веспа таныстыратын болады.

Жаңа таланттарды ашатын және тәуелсіз киноны насихаттайтын голливудтық кинофестиваль 1997 жылдан бастап өткізіліп келеді. «Үлкен оқиғалар әлемді өзгертетінін және әлеміміз өзгерістерді күтетінін білеміз. Сонымен қатар Голливуд – әлемдік мәдениетті жырлайтын тәуелсіз кино суреткерлер қатары жиналатын тиімді әрі беделді орта», – дейді Hollywood Film Festival кинофестивалінің ұйымдастырушылары.

Сондай-ақ «Әміре» картинасы Нью-Йоркте қазанның 10-14 аралығында өткен «Вудсток» Халықаралық кинофестиваліне қатысты. Фильмді көрерменге басты рөлде ойнайтын актер Санжар Мәди ұсынды. Актердің айтуынша, «Әміре» фильміне америкалық көрермен тарапынан үлкен қызығушылық туындап, билеттер түгел алдын ала сатылып кеткен және зал көрерменге лық толы болған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here