Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің құрылғанына 90 жыл!

0
3455

Гүлшара Әбдіқалықова: «Абай атындағы ҚазҰПУ – көпшілік мойындаған көшбасшы оқу орны»

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты.

Жиынға Парламент депутаттары, Білім және ғылым министрлігінің, дипломатиялық миссиялардың, Ұлттық Ғылым академиясының өкілдері, еліміздің жетекші университеттерінің ректорлары, отандық белгілі ғалымдар, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері, сондай-ақ 200-ден астам шетелдік қонақтар қатысты.

Мемлекеттік хатшы салтанатты жиналысқа қатысушыларға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді.

Онда: «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті – отандық жоғары білім беру жүйесінің қара шаңырағы.

Университет бүгінде тарихы 1928 жылы еліміздегі жалғыз педагогикалық факультеттің ашылуынан бастау алатын жетекші оқу орнына айналып отыр.

Оның қалыптасуына белгілі ұлт қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Темірбек Жүргенов, Халел Досмұхамедов, Сәкен Сейфуллин және басқа да көптеген көрнекті тұлғалар зор үлес қосты.

Университетте Қазақстанның қарышты дамуына қажетті мамандар даярлайтын 14 академик, 155 ғылым докторы және 380 ғылым кандидаты сабақ береді» деп атап өтілген.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ірі ғылым, білім орталығы әрі еліміздің педагогикалық жоғары оқу орындары арасында көпшілік мойындаған көшбасшы болып саналады.

Бұл университет 2018 жылы Еуропа мен Орталық Азияның 30 елінің  үздік 200 университетінің ішінде 86-орынды иеленді.

Бүгінде оқу орны әлемнің 25 мемлекетінің 130 университетімен ғылыми және академиялық байланыс орнатқан.

Салтанатты іс-шара соңында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтті.

 

Мәмбет Қойгелді:  «Ұлы Абайдың аты қарашаңыраққа зор жауапкершілік жүктейді»

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдық торқалы тойына орай біз белгілі танымал ғалым, осы оқу орнындағы Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Мәмбет Қойгелдінің университет тарихына қатысты мақаласын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. «Егемен Қазақстанда» жарық көрген бұл зерттеуінде ғалым қазақ топырағында тамыр жайған тұңғыш жоғары оқу орнына қанша жыл толғанына қатысты тұжырымын ортаға салыпты. Ықшамдап ұсынып отырмыз.

1923-1924 оқу жылында Қазақ ағарту институтында 259 адам білім алды.

Дегенмен Қазақ автономиялық республикасының мұғалім кадр­ларға сұранысын Қазақ ағарту институты қанағаттандыра алған жоқ.

Осы жағдайды ескере отырып, Қазақ үкіметі 1925 жылы РСФСР Халық ағарту комиссариа­ты алдына Қазақстанда жоғары оқу орнын ашу туралы мәселе қоя­ды да, оның келісімін алған соң, Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесі 1926 жылдың 15 тамызынан бастап Ташкент қаласында «Қазақ Жоғары Педагогикалық институты» деген атпен қазақ жоғары оқу орнын ашу туралы шешім қабылдайды.

Ташкент қаласында ұйымдас­тырылған алғашқы жоғары оқу орнының ашылу салтанаты 1926 жылы 29 қазанда өтеді.

Осы ша­­ра­ға байланысты сол кез­де­гі республика астанасы Қы­зыл­ор­дадан арнайы барған Оқу-ағар­ту комиссары, яғни  бүгінгі тіл­мен айтқанда білім министрі Смағұл Сәдуақасұлы өз сөзінде:

«Әри­не, бізге әртүрлі мамандық ие­лері қажет. Біз агрономдарға да, дәрігерлерге де, инженерлерге де және басқа да қызметкерлерге мұқ­тажбыз. Дегенмен қазіргі уақытта қазақ еңбекшілері бірінші кезекте­ педагогтарға мұқтаж» деген тұ­жырымы арқылы ашылып отыр­­ған оқу орнының басқа емес, неге педагогикалық бағыт ал­­­ған­­­дығына нанымды түсінік бер­­ген еді.

Ал осы алғашқы жоғары оқу ор­ны неге ұлттық сипат алуға тиіс болды?

Осы сауалға жауап­ берген жөн. Ол институтты ұйым­­­дастырудағы басты міндет­тен,­ яғни жоғары оқу ошағы ар­­қы­лы қазақ халқын өз ана тілін­де әлемдік мәдени кеңістікке шы­ғару әрекетінен туындап жатты.

Осы қойылған міндетке байланысты институт жұмысына, он­дағы оқу процесін жүргізу ісіне кеше ғана ұстанған көзқарас ерек­шелігіне қарамастан, бүкіл алаш­тық белсенді буын тартыл­ды. Өйткені бұл шара мемлекет, қоғам алдында тұрған мін­детке толық үйлесімді қадам еді. Өкі­нішке қарай, көп ұзамай совет би­лігі бұл ұстанымынан бас тарт­ты.

Алаштық зиялылар 1925 жыл­дан бастап оқу-ағарту ісінен шет­тетіле бастады. Бұл жағдай білім жүйесінің гумандық, ұлттық маз­мұнына әсер етпей қоймайтын еді.

«Түрі ұлттық, мазмұны ин­тер­националдық» қағидасы ба­сымдық алуға тиіс болды. Институт ректоры Т.Жүрге­нов жылдық есебінде «жыл өт­се де ұлттық жоғары оқу орнын құру ісі аяқталған жоқ» де­­ген ойды білдіріп, бұл ойын не­гіз­деуді ұмытпаған еді.

Рек­тор­дың пікірінше жоғары оқу орны қашан және қандай жағ­дайда өз міндетін атқара алады?

Ондай мүмкіндікке жоғары оқу орны институт қабырғасында жүргізілетін пәндер түгелдей жергілікті қазақ халқының тіліне көшірілгенде, яғни білім жолына түс­кен қазақ баласы бастауыш және орта мектепті ғана емес, сон­дай-ақ жоғары білімді де өз ана тілінде алып, (біртұтас жүйе ре­тінде) табиғат және қоғамдық қатынастар сырын ашып, тү­сінуге көмектесетін әлемдік ғы­­лымды өз ана тілінде игеру мүм­кін екендігіне толық көзі жеткенде ғана ұлттық жоғары оқу орны қалыптасты деп айтуға болатындығына баса назар аударды.

Ал әзірге, мақсатқа бет бұрып, сол жолға енді ғана шықтық деген тұжырымға келеді. Басқаша айтқанда, бұл тарихи кезеңнің ерек­шелігі енді ғана қалыптаса бастаған мектеп жұмысын жер­гіліктендіру, яғни оған ұлттық түр­ ғана емес, ең негізгі нәрсе – ұлт­тық мазмұн да беру еді.

Алғашқы қазақ жоғары оқу ор­нын ұйымдастырушылардың тү­сінігінде ол жоғары білімді пе­дагог кадрлар даярлайтын оқу ор­ны болумен қатар қоғамда ғы­лыми ізденістерді өрістететін ғы­лыми орталыққа айналуға тиіс еді.

Осы тұрғыдан келгенде қазақ жо­ғары оқу орнының бірден-бір мін­деті қарқынды түрде ғылыми тер­минологиямен жұмыс жасай ала­тын, жоғары және орта оқу орын­дары үшін қазақ тілінде оқу­лықтар мен оқу құралдарын даяр­лауға қабілетті педагог кадрлар қалыптастыру болды.

Алғашқы ұлттық жоғары оқу­ орнына жүктелген осы мін­дет­ке байланысты оның негі­зін­ қалаушылардың бірі Х.Досмұ­хамедұлы мынадай ой білдірді: «Қазақ тілінде бұған дейін Ахмет­тің (А.Байтұрсынұлы – М.Қ.) «Тіл құралынан» басқа ешбір ғылым жайында жазылған кітап болмады.

Алдымызда үлгі болмаған соң, ­ғылым кітабын жазу өте қиын болды. Ғылым атаулары­на лайықты ат қою алғашқы уа­қыт­та тым мұқтаж, бүтін ілгері бо­лашаққа жол салатын нәрсе, сон­дықтан алғашқы жазылған кітап­тарды әсем қылып, сөздің жүйе­сін келтіріп жазудан көрі, ғы­лым атауларына лайықты атақ та­ғу жағын қарастыру керегірек дей­міз».

Айтылған сөзін іс жүзі­не асыра отырып Халекең «Та­биғаттану», «Жануарлар» сынды қазақ мектебі үшін жазылған оқу­лықтарын өмірге әкелді.

Жоғары білімді маман­дар даяр­лау ісі елдегі мемлекет­тік­ бас­­қару аппаратын жергі­лік­тен­діру үр­дісіне байланыс­ты жүр­ді. Бұ­рынғы уақытта мем­лекет­тік басқару ісінен шет­­тетілген қазақ қоғамы үшін­ өз жоғары оқу орны болуы аса маңызды қажеттілік-тін­. Бо­ла­шақта ол біртіндеп ел­­дің іш­кі сұраныстары мен ерек­ше­ліктеріне бейімделіп, олар­ды­ қанағаттандыра алатындай дәре­жеге көтерілуге тиіс бол­ды.

1926 жылы тамызда пединс­титут студенттерінің саны 338 адамға жетті.

1927 жылы 23 наурызда Қазақ АКСР-нің Халық комиссарлар ке­ңесі Қазпедвузды Таш­кент­тен Алматыға көшіру мә­се­лесін қарастыруды, осы мақ­сатта Жетісу губерниялық ат­қару комитетімен универси­тет орналасатын қажетті ғима­раттарды анықтау туралы ке­ліс­­сөз жүргізуді, Қазпедвуз үшін профессор-оқытушылық құ­рамын жасақтау және оларды жұ­мысқа тартудың шұғыл шаруала­рын қолға алуды тапсырады.

Алматы қаласында универ­ситет мәртебесін алған оқу орны­ның ашылу салтанаты 1928 жы­лы 1 қазанда өтеді де, оның ашы­лу салтанатында сөйлеуге қазақ­тың ұлы ғалымы және мемлекет қайраткері, қоғамда қазақ ағар­тушылығының басшысы ре­тінде мойындалған Ахмет Бай­тұрсынұлы шақырылады.

А.Байтұрсынұлы өз сөзінде білім мен ғылымның қазақ сияқты ел­дің тағдырында алатын орнына тоқталады, яғни  ұлтты басқа жұрт­қа тәуелділіктен құтқаратын, оны басқа мәдениеттермен тең ете ала­тын жалғыз жол ол мәдениет, білім мен ғылым жолы екендігін атап көрсетеді.

Осылай Қазақ топырағында ашыл­ған алғашқы жоғары оқу ор­ны өзінің бірінші оқу жылын 119 студент және оларға дәріс бе­ретін 9 оқытушы-профессорлар құ­рамында өз жұмысын бастап кет­кен еді.

1930 жылы университет құ­ра­мында ашылуға тиіс болып бел­гіленген ауылшаруашылық және дәрігерлік факультеттері өз алдына бөлек жоғары оқу орын­дары ретінде қалыптасуына бай­ланысты университеттің аты өз­гертіліп, Қазақ мемлекеттік пе­­да­гогикалық институты аталынды.

1935 жылы институтқа ұлы ойшыл, ақын Абай Құнан­байұлының есімі берілді.

Сонымен еліміздегі алғашқы жо­ғары оқу орнының тарихын­ Қазақ педагогикалық инсти­тутынан бастап, ал оның Қазақ­стан жеріне көшіріліп, өз қыз­ме­тін Алматы қаласында жүр­гізгеніне тоқсан жыл толды деп тұжырымдағанымыз тарихи шындыққа үйлесімді болмақ.

Бүгінгі уақытта Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті елімізде педагог кадр­лар даярлау ісінде ерекше мәртебеге ие жетекші жоғары оқу орны ретінде мойындалған. Білім берудің жаңа жүйесіне көшкен (бакалавриат-магистратура-докторантура) оқу орнында 157 ғылым докторы, профессорлар, 369 ғылым кандидаты, доценттер, (оның ішінде 25 РһD ғылым докторы), 121 ғылым магистрлері жұмыс жасайды.

Университет 2017 жылы алғаш рет әлем университетінің ТОП-500 қатарына және QS World University Ranking рейтингінде әлемнің үздік 491 университетінің қатарына енді.

Абай атындағы Қазақ ҰПУ-дің 90 жылдығы қазақ жерінде тамыр жайған алғашқы жоғары оқу орны ретінде бүкіл республика жұрты үшін аса маңызды оқиға ретінде аталуға лайық.

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here