2018 жылы Алматы облысында 31 мың жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6 %-ке төмендеген. Бұл туралы кеше облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің отырысында айтылды. Онда облыстың 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2019 жылға арналған міндеттер туралы мәселе қаралды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімінің орынбасары Ж.Тұяқовтың оқыған баяндамасының мәліметтеріне қарағанда, барлық салада оң серпін сақталған. Өндірістегі өсім – 3,1 %, ауыл шаруашылығында – 3,6 %, құрылыста 1,6 % құраған, 574 млрд теңге инвестиция тартылып, 3 %-ке өскен, 712 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында 3 индикаторға қол жеткізілді. Мәселен, өңдеуші өнеркәсіптің көлемі 1,7% артып, 762 млрд теңгеге жеткен, ал шикізаттық емес экспорт 14,6% өсіп, 298 млн АҚШ долларынан асты. Өңдеуші өнеркәсіпке 80 млрд теңге инвестиция тартылды. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 703 млрд теңгеден асты. АӨК-ге 82 млрд теңге инвестиция тартылған, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 1,2 есеге көп.
Баяндамашының айтуынша, Президенттің 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруға өңірде көп көңіл бөлінген. Атап айтқанда, халықты «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, 63 мың теңгеге дейінгі жалақы алатын жұмысшылардың салық жүктемесін азайту, білім гранттарын 20 мың орынға көбейту, бұл облыс бойынша оқуға түскендердің санын 35 %-ке ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сол сияқты 2218 орындық 11 жатақхана салуға жер учаскелері белгіленген, биылғы жылдың наурыз айында Талдықорғанда 288 орынға арналған алғашқы жатақхананың қайта жаңғырту жұмыстары басталады. 4-бастама шеңберінде 2018 жылы өңірде 6,1 млрд теңге болатын 1339 микрокредит берілген, соның нәтижесінде 1400-ден астам адам жұмыспен қамтылды.
Ж.Тұяқов кемшіліктерге де тоқталып өтті. Олардың қатарында газдандыру ісі де бар. Көрсетіліп отырған қолдауларға қарамастан, бүгінгі күні облыста 142 елді мекен газдандырылған, облыс бойынша газдандыру деңгейі – 30 %. Облыстың қалаларында шағын және орта бизнесті дамытуға микрокредиттер беру жұмысы нашар жүргізілуде. Өңірдің бірқатар аудандарында Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша оқытылған азаматтарды жұмысқа орналастыру деңгейі төмен.
Сондай-ақ денсаулық сақтау саласын цифрландыру, өңірді газдандыру, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды рәсімдеу бойынша Жол картасының өңірде жүзеге асырылуы және басқа да маңызды мәселелер талқыланды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов:
– Жалпы, 2018 жылдың қорытындысы бойынша барлық салада өсім қамтамасыз етілді. Бұл – бәріміздің бірлескен жұмысымыздың нәтижесі. Биылғы жылы осы даму қарқынын сақтап қана қоймай, оны барынша ұлғайта түсуіміз керек. Орынбасарым Жеңіс Тұяқовқа Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары бойынша экономикалық талдау жасауды тапсырамын. Бірінші кезекте бізге импорт алмасумен айналысу керек. Сол сияқты экспортқа бағытталған жаңа кәсіпорындар ашу үшін инвесторлар тартылуы тиіс. Шағын және орта бизнесті дамытуды күшейту керек. Әрбір аудан, қала әкімдерінің жұмысы осы көрсеткішпен де бағаланатынын ұмытпаңыздар, – деді А.Баталов.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі