169 инвестициялық жоба іске асты

0
2354

2018 жылы Түркістан облысында республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен 38,7 млрд теңгеге 169 инвестициялық жобаның құрылысы іске асырылды. Оның 71-і былтыр пайдалануға берілсе, қалған 98 нысанның құрылысы 2019 жылға өтпелі. Бұл туралы бүгін Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиев Өңірлік коммуникациялық орталығында өткен баспасөз жиынында мәлімдеді.

Оның сөзінше, қаражаттың басым бөлігі білім саласына жұмсалған. Атап айтқанда, 80 нысанның құрылыс жұмыстарына деп 17,9 млрд теңге қаржы қаралған. Оның 39-ы ел игілігіне берілсе, 41-і 2019 жылға пайдалануға беріледі.

–  Денсаулық сақтау саласы бойынша 5,8 млрд теңгеге 11 нысанның құрылысы жүргізілді. Оның екеуі 2018 жылы тапсырылса, тоғыз нысанның құрылысы жоспар бойынша биыл аяқталады. Ал спорт саласына 1,262 млрд теңгеге үш нысан бой көтерді. 202,7 млн теңге мәдениет саласына қаралып, екі нысан салынды. Сондай-ақ облыстық бюджет есебінен 59 млн теңгеге бөлініп, екі нысанның құрылысы басталды. Нысандар 2019 жылға өтпелі, – деді басқарма басшысы.

2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарлама аясында 344,7 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланса, жалпы аумағы 387,8 мың шаршы метр болатын 3003 пәтер ел игілігіне тапсырылды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 121,7 пайызға артқан.

Сонымен қатар облыста әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналған 32 екі қабатты тұрғын үй құрылысына 1 929,1 млн теңге қаржы қарастырылды. Бүгінгі таңда 13 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Қалған баспаналар 2019 жылы пайдалануға беріледі.

2018 жылы Түркістан қаласында «ӘКК Түркістан» АҚ және жеке салушы арқылы көлемі 26,1 мың шаршы метр болатын 336 пәтерлі алты көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұл ғимараттар 2019 жылдың 3-тоқсанынан бастап, «7-20-25» бағдарламасы арқылы халыққа ұсынылады.

Басқарма тарапынан биыл 39,6 млрд теңгеге 148 инвестициялық жоба іске асырылады. 2019 жылы 81-і пайдалануға берілсе, 67 нысан құрылысы келесі жылға өтпелі. Атап айтқанда, білім беру саласында – 69, денсаулық сақтау саласында – 4, ішкі істер органы – 2, тұрғын үй құрылысы бойынша – 62, 46, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында – 10, қоршаған ортаны қорғау бойынша 1 нысанның құрылысы жүргізіледі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here