Биыл – қазақтың көмекей әулиесі Бұқар жырау Қал­қа­манұлының 350 жылдық мерейтойы.

Осыған орай Қарағанды облысы әкімдігінің ұйытқы болуымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына және Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай «Өлең сөздің данасы» республикалық мүшәйрасы өтті.

Қарағанды қаласындағы «Шалқыма» концерт залында өткен байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен, атап айтар болсақ, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Түркістан облыстары мен Астана қаласынан  келген 17 ақын бақ сынасты.

Мүшәйраның мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, тіл мәдениетін көтеру, Бұқар жыраудың әдеби мұрасын және тарихтағы елеулі орнын насихаттау, ақын-жыраулардың шығармашылығына қолдау көрсету арқылы жыраулық поэзияның дамуына ықпал ету болатын. Мүшәйраны Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырды.

Айтыстың алдында осынау байқауға келген ақындар Бұқар жырау Қалқаманұлының ескерткішіне барып, гүл шоғын қойды.
Ал мүшәйраға белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушанов төрелік еттті.

Айта кетсек, жыр бәйгесіне 16-35 жас аралығындағы үміткерлердің жыраулық поэзия үлгісінде жазылған шығармалары қабылданған еді. Қатысушылар тарапынан Бұқар жырауға арналған өлеңдермен қатар елордамыз – Астананың 20 жылдығы және қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді толғаған туындылар ұсынылған.

Сайыс қорытындысы бойынша Гран-приді Астанадан келген Мирас Асан алып, марапат ретінде ақынға 590 000 теңге табыс етілді.

Бірінші орынды Түркістан облысының ақыны Ғылымнұр Қыдыржанов иеленді.

Ал екінші орынды Павлодар облысынан келген Қуанышбек Шарманов пен астаналық Олжас Қасым өзара бөлісті.

Үшінші орында – Альбина Мұхамбетова (Атырау облысы), Нұрболат Сатымқұл (Жамбыл облысы) және Ерқанат Кеңесбекұлы (Қарағанды облысы). Барлық жеңімпаздар ақшалай сыйлық алды.

Бірінші орынға – 413 000 теңге, екінші орынға – 295 000 теңге және үшінші орынға 177 000 теңге берілді.

Қарағанды облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Гүлнәрайым Қаңтарбекованың айтуынша, осындай байқау арқылы Бұқар жыраудың әдеби мұрасын және тарихтағы елеулі орнын насихаттауға мүмкіндік аламыз.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», – деген еді. Ендеше, қиын-қыстау заманда Абылай ханның қасынан табылып, ақылшысы болған, көмекейі бүлкілдеп, халыққа арнауды жырмен жеткізген Бұқар жырауды насихаттау – маңызды іс. Алдағы уақытта еліміздің елдігін сақтап, ұлыларымызды ұлықтаған тұлғаларды насихаттайтын осындай игі шаралар көп болуын тілеймін, – деді ол.

Бұдан бөлек…

Айта кетелік, Бұқар жыраудың туғанына 350 жыл толуына орай Қарағанды облысының әкімдігі бұдан бөлек «Көмекей әулие» атты деректі-көркем фильм түсірген болатын.

Осы уақытқа дейін елімізде әйгілі Бұқар жырау туралы бірде-бір фильм түсірілмеген екен. Туынды 10 эпизодтан тұрады.

Жалпы айтқанда, жыраудың 350 жылдық мерейтойы аясында «Бұқар жырау» энциклопедиясын қайта басып шығару, республикалық айтыс ұйымдастыру, ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізу, телебағдарламалар циклін жасау сияқты көптеген іс-шаралар атқарылды.

Бұқар жырау Қалқа­ман­ұлы­ның 350 жылдық мерейтойы Ботақара кентінде аталып өтті.

 

«Қала мен Дала» анықтамасы

Бұқар жырау Қалқаманұлы – қазақ әдебиетінің XVIII ғасырдағы ең көрнекті өкілдерінің бірі. Қазіргі деректерде 1668 өмірге келіп, 1781 дүниеден өтті деп жазылып жүр.

Бұқар жырау ерте кезден көзге түсіп, Тәуке ханның тұсында-ақ қабырғалы би болған деседі. Ал Абылай ханның тұсында хан ордасында болып, мемлекеттік істерге тікелей араласады.

Жоңғар басқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған алмағайып заманда Абылай ханға кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салады.

Жырау азаттық жолында ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың өшпес әдеби бейнелерін жасады. Оның «Абылай ханның қасында», «Ал тілімді алмасаң», «Ай, Абылай, Абылай», «Қазақтың ханы Абылай», «Ханға жауап айтпасам», «Басыңа біткен күніңіз», «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда», «Ал айтамын, айтамын» атты толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталады.

«Өз заманындағы жандар бұл кісіні «Көмекей әулие» дескен. Қара сөз білмейді, тек сөйлесе көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен» деп жазады белгілі фольклоршы Мәшһүр Жүсіп Көпеев.

Оның поэзиясының халық арасына кеңінен тарап, афоризмдерге айналуы, мақал-мәтел болып жетуі де көркемдеу тәсілінің кереметтігінде. Бұқар шығармаларын жинақтап, хатқа түсірген, сонымен бірге оның зиратын тауып, басына ең алғашқы белгі қойып кеткен де – ғұлама Мәшһүр Жүсіп. Бұқар жырау Қарағанды облысындағы өзі аттас ауданның, қазіргі Бұқар жырау ауылы маңында, Далба тауының бір сілемінде жерленген.

Тәуелсіздіктен бергі кезеңде Жыраудың мұрасын түгендей бастаған ұрпақтары оған кесене тұрғызып (архитекторы А.Сәуменов), ол 1993 жылы жыраудың 325 жылдық мерейтойы аясында салтанатты түрде ашылды. Табаны үш таған болып келетін, биіктігі 12 метрге жететін бұл ғимарат қазақтың ұлттық бас киіміне ұқсас келеді де, кезінде ұлы бабамыз аңсап кеткен үш жүздің, бар қазақтың бірлігін бейнелейді.

Сондай-ақ  жыраудың есімін ұлықтап, ұрпақ жадына сіңіру ісі де қатар атқарылды. 1997 жылы Қарағанды облысының Ульянов және Тельман аудандары біріктірілгенде, аудан ұлы абыздың атымен аталды.

Бұған қоса оның есімі Қарағандыдағы ең сәулетті көшелердің біріне берілді. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жыраудың шығармаларын жарыққа шығарды.

Оған Ш.Уәлиханов, Г.Потанин, М.Ж. Көпеев жазып алған нұсқалар, аңыз-әңгімелер, Пекиннен белгілі тарихшы Мұхтархан Оразбайұлы тауып, әдебиетші А.Сейдімбеков алғаш 1990 жылы «Ана тілі» газетінде жарияланған толғаулары енді.

Тарихшы Ж.Артықбаев «Бұқар жырау он екі тарих» (1994) ғылыми-көркем еңбегін арнады.

Бүгінде Бұқар жырау кесенесі тұрған мемориалды кешен Қарағанды облысының жергілікті мәдени және тарихи ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Абыздың кесенесін, мұражайды және жұмыскерге арналған үйді қамтыған кешен 2010 жылы толық жөндеуден өткізілді.

 

Тақырыпқа тұздық:

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», – деген еді.

Ендеше, қиын-қыстау заманда Абылай ханның қасынан табылып, ақылшысы болған, көмекейі бүлкілдеп, халыққа арнауды жырмен жеткізген Бұқар жырауды насихаттау – маңызды іс».

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here