Павлодарда Бұқар жыраудың 350 жылдық мерейтойына арналған көрме ұйымдастырылды.  

Павлодар облысындағы әйгілі Потанин атындағы тарихи-өлкетану мұражайында «Арқаның асыл мұрасы» атты көрме өтті.

Елбасы міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында әрі жастарға мұражай қорындағы экспонаттарды таныстыру мақсатында Бұқар жыраудың 350 жылдық мерейтойына орайластырылып өткізілген шараға Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы мұрындық болды.

Аталған көрмеде қазақтың арғы-бергі тарихынан заттай деректер ғана емес, сонау қола дәуірінде қолданыста болған экспонаттарды тамашалауға мүмкіндік жасалған.

Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өткен көрмеге қарағандылықтар жалпы саны 300-ден асып жығылатын құнды материалдар әкелген екен.

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының басшысы Ержан Нұрмағанбетов «Арқаның асыл мұрасы» көрмесінің мақсаты туралы айтып берді.

– Аса құнды материалдармен, көне экспонаттармен толыққан көрме Бұқар жыраудың 350 жылдығына арналды.

Атақты жыраудың атақ-абыройы екі облысқа да ортақ екенін ескеріп, осындай көрме ұйымдастырып жатырмыз.

 Біз көрмеге Бұқар жыраудың араб қарпінде қағазға түсірілген жыр жолдарын әкелдік.

Көрмеде Сарыарқаның қола дәуірінен бүгінге дейінгі тарихымен танысуға мүмкіндік жасалған.

Сонымен қатар биыл барша қазаққа белгілі «Қоянды» жәрмеңкесінің 170 жылдығы екенін ескеріп, сол жәрмеңкеге қатысты да экспонаттар қоюға тырыстық», – деді өз сөзінде тарихи-өлкетану мұражайының басшысы.

«Арқаның асыл мұрасы» атты көрмеде сөреге қойылған экспонаттардың әрбірінде терең тарих, аса үлкен құндылықтар жатыр.

Назар аударуға тұрарлық жәдігерлердің қатарында 2010 жылдары аймақтық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүргізілген ауқымды қазба жұмыстары нәтижесінде табылған Сарыарқаның әйгілі «Алтын адамының» көшірмесі бар.

Оның түпнұсқасы Астанадағы ұлттық музейде сақтаулы. Қарқаралы өңірінен табылған қорымның ішінде 200 үлкен және 20 мыңнан астам ұсақ бөлшектер табылған.

Осы бөлшектерден Сақ патшасының киімі құрастырылған.

Осынау  алтын адам мүсіні ел арасында «Арқаның алтын адамы» аталып кеткен екен.

«Арқаның алтын адамы» – Қазақстан территориясынан табылған құнды жәдігер және төртінші алтын адам.

Көрменің соңында Ержан Нұрмағанбетов Г.Н. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына осынау шараны ұйымдастырғаны үшін және де өңірдегі мәдени һәм тарихи кеңістіктерді нығайтуға атсалысқаны үшін марапаттап, алғыс хат табыс етті.

Бұдан бөлек, мұражайға Бұқар жыраудың 350 жылдық мерейтойы қарсаңында Қарағанды облысының ғалымдары жинақтаған тарихи тұлғаның жыр еңбектері мен уағында айтқан келелі өсиеттеріне, айтқан сөздеріне талдау жасалған «Ұрпаққа ұлағат» кітабын сыйлады.

Естеріңізге сала кетсек, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі 1932 жылы ашылып, 1938 жылы облыстық дәрежеге ие болды. Мұражайдың экспозициясы 1800 шаршы метрді құрайтын 14 залдан тұрады.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here