2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасының 7 бағытының бірі – жедел медициналық көмек көрсетуді жетілдіру болатын.
Бұл мақсатта былтырғы жылдың шілдесінде жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетудің дифференциалды тәсілін қарастыратын Медициналық көмекті көрсетудің жаңа ережелері бекітілген еді.
Бұл, төртінші санаттағы шұғыл шақыруларға қызмет көрсету емханалар жанында құрылған шұғыл медициналық көмек көрсету бөлімшелерінің деңгейіне жіберіледі.
Қазіргі таңда халықаралық стандарттарға сәйкес жедел жәрдем стансаларының және стационарлар қабылдау бөлімдерінің қызметкерлерін жедел медициналық жәрдем көрсету дағдыларына оқыту жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар стационарлардың қабылдау бөлімшелері қызметінің жаңа форматы пациенттерді іріктеу және патологияның кез келген формасы бар науқасты қабылдауға дайындықты күшейтумен реттелген екен.
«Денсаулық» бағдарламасы аясында қабылдау бөлімшелері жағдайында шұғыл медициналық көмек көрсетуді уақытылы қамтамасыз ету үшін (emergency doctor) қабылдау бөлімшесінің дәрігері – жаңа дәрігерлік мамандық та енгізілген.
Күні кеше…
Күні кеше «Денсаулық» бағдарламасының орындалу барысы талқыланған жиында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бағдарламаның бірқатар тармақтармен толығатынын айтқан еді.
Бұл ретте еліміздің денсаулық сақтау министрі азаматтарды күніне 20-30 рет «жедел жәрдем» шақырмай, емханаларда тексеріліп, емделуге шақырып отыр.
Елжан Біртанов «жедел жәрдем» көрсететін қызметтердің ішінен шақырылым санаттарының бірін неге алғанын түсіндірді.
Әңгіме шақырылымның төртінші санаты туралы болып отыр.
Егер «созылмалы сырқаттың қабынуы немесе жіті аурудың асқынуы салдарынан пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін жүйелер мен ағзалар қызметінің бұзылуы болмаған жағдайда», делінген санаттағы науқастарға қызмет көрсету, яғни оларды емдеу жергілікті емханалардың қарауына беріледі.
«Қазақстанда «жедел жәрдем» көмегіне жүгіну дамыған елдердегіден 10 есе асып түседі.
Мәселен, егде жастағы адамдар қарапайым қан қысымын қалпына келтіру үшін күніне 20-30 рет «жедел жәрдемді» шақыртады.
Бұл адам өміріне қауіп төндіретін дерт емес.
Соның салдарынан төтенше жағдайларға тап болған адамдарға көмекке келуге дайын болудың орнына, дәрігер қарттардың қан қысымын өлшеумен айналысады.
Жедел жәрдем қызметі ол үшін құрылған жоқ», – деді Елжан Біртанов ҚР Үкіметі мәжілісінің үзілісінде.
Дәрігер қабылдауына онлайн жазылуға болады
Ол артериалдық гипертензияны тұрғылықты жері бойынша қызмет көрсететін дәрігерде емдеуге болатынын мәлімдеді.
Егер науқас қарттар дер кезінде дәрі-дәрмегін қабылдап, дәрігер белгілеген ем-дом тәртібін бұзбаса, қан қысымының бұзылуын 60 процентке төмендетуге болады, – деді жағдайды түсіндірген министр.
Ал осы қызметті көрсету міндетіне өткен емхана дәрігерлері осы санаттағы науқастарды емханада қабылдайды немесе қажетті көмекті олардың үйіне барып көрсетеді.
Министр қазірдің өзінде «Денсаулық» бағдарламасының талаптарымен танысқан адамдардың өз бетімен емханаларға келіп, дәрігерлердің көмегіне жүгініп жатқанын алға тартты.
«Емханаға жаяу бару – қалыпты нәрсе. Таңертең ұйқыдан тұрғаннан кейін, аяңдап, емханаға барыңыз, өз дәрігеріңізге қаралып, қажет болса, тиісті ем-домыңызды алыңыз.
Дәрігердің қабылдауына онлайн немесе телефон арқылы жазылуға болады. Әрине, егер біз осы қалпымызбен отыра берсек, онда «жедел жәрдемді» жылжымалы емханаға айналдырамыз, ал оның арты жақсылыққа апара қоймас, – дейді сөзін сабақтаған министрлік басшысы.
Емханалар өз міндетіне салғырт қарап, науқастарға дұрыс қызмет көрсетпейтін болса, Елжан Біртанов Қоғамдық денсаулықты қорғау комитетіне шағымдануға кеңес берді.
Ал егер емханалар, шын мәнінде, нашар жұмыс істейтін болса, іске Денсаулық сақтау министрлігі араласатын болады.
Азаматтар емдеуші дәрігерге түнде де телефон соға алады
Сонымен бірге Елжан Біртанов қан қысымы тұрақсызданған кезде, тіпті «артериалдық гипертензия» диагнозы қойылған науқастарға да «жедел жәрдем» көмегіне жүгінбеуге кеңес берді.
Министрлік басшысының пікірі бойынша, ондай адамдар күндіз болса да, түнде болса да өздерінің емдеуші дәрігеріне телефон шалуға тиіс.
«Дәрігер түнде науқасқа бару үшін, біз тиісті бұйрық шығарып, оның орындалуын емханалардың басшыларына жүктедік.
Біз емханаларға осы мақсатқа қажетті қаржы бөлдік, енді олар науқастарға өз машиналарын жібере алады.
Емханалар өз учаскесіне тәулік бойы қызмет көрсетуі тиіс, оларды осы міндетті орындаудан ешкім босатқан жоқ.
Қалада да, ауылда да барлық емханалардың өз бюджеті бар, олардың кезекші дәрігерлері, кезекші машиналары бар, соларды пайдаланыңыздар.
Жалпы, шектен шыққан ештеңе жоқ, тек адамдар өз денсаулығын, ауруларын жүйелі түрде бақылауды үйренуі керек.
Қайталап айтамын: егер сырқат асқынып, сіздің денсаулығыңызға тікелей қауіп төндіретін болса, «жедел жәрдем» міндетті түрде көмекке келеді. Алайда көп жағдайда алғашқы көмек көрсету емханалардың міндеті болмақ, – деді сөзін тамамдаған министр.
Сәуір айында Елжан Біртанов еліміз бойынша жыл сайын «жедел жәрдем» қызметіне 8,5 миллионнан астам шақыру түсетінін айтқан еді.
Міне, осыншама шақыруға уақытымен шығып, қажетті көмекті дер кезінде көрсету үшін, елімізде 20 мыңға жуық маман «жедел жәрдем» қызметінде еңбек ететінін жеткізген-ді.
Тақырыпқа тұздық:
Қамалжан Надыров, Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
«Денсаулық сақтау саласын цифрландыруды үдете түскен жөн»
– Жедел медициналық көмек көрсетуді жетілдіру мәселесі соңғы бірнеше жыл бойына жан-жақты талқылануда.
Бұл тарапта түрлі мамандар өз білгендерін ортаға салып, осы бағыттағы шетелдік тәжірибеге сүйену қажеттігін сөз етіп жүр.
Менің ойымша, жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетуді жетілдірудің ең тиімді жолы – Денсаулық сақтау саласын цифрландыру.
Бұл емделуші мен емдеушінің арасындағы байланысты жақсартады.
Денсаулық сақтау министрі айтып өткендей, біз «жедел жәрдемді» жылжымалы емханаға айналдырып алудан сақ болуымыз керек. Мұның арты расымен де, жақсылыққа апара қоймас.
Денсаулық сақтау саласын цифрландыру бағытында елімізде ауқымды жұмыс жасалып жатыр. Қазіргі таңда ведомстволық медициналық ұйымдарда медициналық ақпараттық жүйелер орнатылған. Барлық персонал компьютерлік сауаттылыққа және медициналық ақпараттық жүйелер жұмысына оқытылуда.
Құжаттарды цифрландыру нәтижесінде 780 мыңнан астам медициналық құжат электрондық форматқа ауыстырылып, осылайша, астаналықтардың 93 пайызы электрондық денсаулық паспортын алды.
Бұл бастама басқа өңірлерде де жалғасын табады деп сенемін.