Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Алматы облысын аралап жүр. Транзиттік әлеуеттің дамуымен танысу мақсатында Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Нұр жолы» өткізу пункті мен «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының бірқатар нысандарының жұмысымен танысты.
«Нұр жолы» – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» ауқымды жобасының соңғы қорытындысы және Орталық Азия аумағындағы ең үлкен өткізу пункті. Алматы облысының Панфилов ауданындағы өткізу пункті арқылы Қытайға ауыр және жеңіл автокөліктер, сондай-ақ жолаушылар автобустары шекарадан өтеді.
Бақытжан Сағынтаев өткізу пунктінің жұмыс орындарын қарап, негізгі техникалық әлеуетімен танысты. Бұл ауқымды заманауи көлік-логистикалық орталықтың құрылысы 2017 жылы басталған, ал осы жылдың 27 қыркүйегінде ашылу салтанаты өтті. Жобаның құрылысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша іске асырылды.
«Нұр Жолы» өткізу пункті техникалық жабдықталу, көлік құралдарының өту жылдамдығы және бақылау жүйесін енгізу бойынша теңдессіз болып саналады. Тоқтаусыз жұмыс істейтін, автоматтандырылған бақылау және тіркеу жүйесі бар заманауи құрал-жабдықтардың арқасында жүк көліктерін кедендік және шекаралық рәсімдеу уақыты 40 минутқа дейін қысқартылады.
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Г.Амриннің айтуынша, кешеннің жалпы құрылымы көлік қозғалысының екі бағытында жұмыс күндері 2500 көлік құралын өткізуге қауқарлы. Оның ішінде, 2200 жүк көлігі, 300 жолаушы көлігі бар. Бұл транзиттік ағындардың едәуір ұлғаюына мүмкіндік берді. Болашақта жаңа пункт тәулігіне 5000 көлікке дейін өткізетін болады. Мұндай өткізу пункті бар ірі сауда дәлізінің пайда болуы еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, өңірлік экономиканың дамуына қуатты серпін бермек.
Жұмыс сапары барысында Бақытжан Сағынтаев шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығының жұмысымен де танысты. Жоба Қазақстан мен Қытай мемлекет басшыларының бастамасымен жүзеге асырылуда. Мақсат – екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықты дамытуды көздейді.