Мағжанның 125 жылдығы аясында 250-ге жуық  іс-шара өтеді деп жоспарланыпты. Солардың көпшілігі ойдағыдай ұйымдастырылып, Мағжан ақынның мұрасы халықаралық деңгейде насихатталды.


Ақынның 125 жылдық мерейтойына орай Түркі академиясы 2018 жылды «Мағжан жылы» деп жариялаған болатын.

Академия осыған байланысты Түркістан идеясын ту еткен ақынның шығармаларын шет тілдерге аударып, басып шығаруды қолға алған. Осы игі істің бастамасы ретінде сәуір айында Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Мичиган штатының университет профессоры Тимур Кожаоғлы өзінің «Мағжан – оттың, еркіндік пен махаббаттың ақыны» атты кітабын таныстырған еді. Туындыда Мағжанның өмірі мен шығармашылығы суреттеледі.

Қазақ поэзиясына өзінің маржан жырларымен өлшеусіз олжа салған ұлы ақын Мағжанды оқу, тану, білу, насихаттау – жас ұрпақ алдындағы баршамыздың парызымыз. Мағжан өлеңдеріне жаңа заман көзімен қарау арқылы біз рухани жаңғырамыз, рухани түлейміз.

Осы орайда күні кеше Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Мағжан поэзиясының маржандары» атты дөңгелек үстел өтті.

Әсерлі кешті жүргізген С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі Әділғазы Қайырбеков Мағжанға еліктеп ақын болғанын айтты.

– Мағжан өлеңдері ұлттық рухқа, отансүйгіштік сезімге толы, алайда қанша уақыт бойы ақын шығармашылығын сынға алушылар көп болды.

Ақын өмірін зерттеген 20 жылға жуық уақыт ішінде қаншама қиындықтар болды. Соған қарамастан, өз қаражатыма ақын туралы 3 зерттеу еңбегімді жарыққа шығардым, – деді осы орайда мағжантанушы Бақыткамал Қанарбаева.

Өз кезегінде өнертанушы Әбдірашит Бәкірұлы түрік ағайындарда кеңестік кезең болмағандықтан, олар ақын шығармаларының сырын терең ұғып, мектеп бағдарламасында ақын өлеңдерімен танысуға мүмкіндік болмағанын алға тартты.

Сондықтан қазіргі таңда ақын өлеңдерін мектепте оқыту өзекті мәселе, рухани жаңғыру, рухани баю екенін атап өтті.

Ақынға арнап ескерткіштер қойылып жатыр.

Былтырғы жылы Түркістан қаласында Мағжанның еңселі ескерткіші бой көтерген болатын. Осыдан біраз бұрын Петропавлда ақынның тағы бір ескерткіші ашылды.
Бұдан бөлек Петропавл қаласында Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына арналған пошта маркасы айналымға енгізілді.

«Естелiк және мерейтойлық мерекелер» пошта маркасы 4 түстi бояулы офсеттiк басылыммен он маркадан тұратын парақ түрiнде жасалған, перфорациясы айдарлы, таралымы 10 мың дана.
Сондай-ақ Халықаралық Түркі академиясы оның таңдамалы шығармалар жинағының алғаш рет өзбек тілінде жарық көруіне де мұрындық болды. Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін өзбек тіліне талантты ақын, білікті аудармашы, Қарақалпақстанның халық ақыны Мұзаффар Ахмад тәржімалады.

Мағжанның абақтыдағы өмірі атылғанға дейінгі тағдыры бейнелеген фильмді жазушы Марат Қоңыров бастаған топ түсіріп, оны түрік халқы дубляж жасаған болатын.

Фильм Түркия көрермендеріне көрсетілді. Сонымен қатар осы жылы ақынның 26 өлеңі түрікшеге аударылып, жеке жинақ болып жарық көрді.

«Мағжан Жұмабаев мұрасы және әлемдiк руханият» тақырыбындағы конференция барысында, сондай-ақ марапаттау рәсiмi өттi.

Ақын шығармашылығын насихаттауға қосқан елеулi еңбегi үшiн бірқатар қоғам қайраткерлері «Мағжан Жұмабаев» төсбелгiсiмен марапатталды.

Сырт көз

Нәсімхан РАХМАНОВ, Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университеті профессоры, филология ғылымдарының докторы:

– Мағжан – үздіксіз ізденген ақын. Ол қай тақырыпқа қалам тартса да, өз алдына жалғыз мақсатты – ұлтын оятуды басты міндет етіп қояды.

Бұл Мағжанның өзіндік манифесі болатын.

Тіпті абақтыда, өз тағдыры қыл үстінде тұрған кезде жазған өлеңдерінде де осы манифеске сәжде қояды. Шынтуайтында да, оның бір топ өлеңдері абақты қабырғасында жазылған.

Ол қамау мен түрме азаптары жөнінде жазғанда да, абақты қазақ халқының зұлмат пен езгіде өмір сүрген кезеңінің рәмізі екенін өлең жолдарына дарытады.

Мағжан кез келген образ, яки деталь жөнінде сөз қозғалса да, міндетті түрде оларға рәміздік мағына енгізеді.

Ақын осынау аянышты тағдырды «Абақтыдағы түс» деген өлеңінде былайша суреттейді:

«Жарық сәуле, айды, күнді көрмеймін,

Жарты өлік, толық өмір сүрмеймін.

Қуанышты, азат жүрген халықтың,

He істегенін, не дегенін білмеймін.

Қор болды ғой қалың қайрат, есіл күш,

Абақтыда қолдан келер қандай іс?

Ұйқы тілеп, көзді зорға жұмамын,

Амал қанша, жұбанышым жалғыз түс».

Ақын өзінің жеке өмірін, абақтыда өткізген жылдарын халықтың «шала өліміне» ұқсату арқылы ұлт дертін жарыққа шығарады.

Өлеңнің әлеуметтік мазмұны мен мәні де, түптеп келгенде, осыған саяды. Жеке тұлғаның бастан кешкендері ұлттың бастан кешкендеріне айналған.

 

Ол туралы

Мағжан Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Булаев (қазіргі Мағжан Жұмабаев) ауданында туған. Әуелі ауыл молдасынан сабақ алады. 1910-1913 жылдары Уфа қаласында «Ғалия» медресесінде оқиды.

1913-1917 жылдары Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын семинарияда оқып, оны үздік бітіреді.

1912 жылы Қазан шаһарында «Шолпан» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. «Батыр Баян», «Оқжетпестің қиясында», «Қойлыбайдың қобызы», «Өтірік ертегі», «Шын ертегі» поэмаларында адам жанының, психологиялық әлемнің құпия сырларын, иірімдерін, даму диалектикасын асқан шеберлікпен кестелеп өрнектей білген. Жастарды оқу, білімге шақырған қаламгер педагогика саласында бірқатар еңбек жазды.

Мектеп оқушыларына, мұғалімдерге арнап «Педагогика», «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні» еңбектерін жариялаған.

1929 жылы Жұмабаев «Алқа» атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесілген.

1936 жылы М.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға оралып, Петропавл қаласындағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген.

1937 жылы наурызда Мағжан Жұмабаев Алматыға келіп, аударма ісімен айналысқан. 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілді.

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Please enter your comment!
Please enter your name here